«Газет келді ме?»

511

0

Әдебиет саласындағы Нобель сыйлығының лауреаты, белгілі жазушы Элиас Саломон Канетти «Қазіргі дүниенің ең ақиқат, əрі ең қорқынышты бет-бедері – газет» дейді. Қазақ елінде тұңғыш рет «Қазақ» газетін шығарып, халқымыздың көзін ашқан Алаш ардақтысы Ахмет Байтұрсынұлы «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» десе француз жазушысы, ақын Адриан Декурсельдің «Журналист – өз газетінде сараланатын жазушы» деген қанатты сөздері бар. Иә, газет пен журналист – бір, егіз ұғым.

Облысымызға белгілі ең басты мерзімді басылым, алғашқы саны сонау 1929 жылы 1 шілдеде шыққан бұрынғы «Ленин жолы», қазіргі «Сыр бойы» газетінің өңір тарихында алатын орны бөлек. Біз кеңес заманында өмір сүріп, қызмет бастаған орта буын азаматтар газеттің, кітаптың, адамдар арасындағы қарым-қатынастың, адамға аса қажет басқа да құндылықтардың қадірін біліп өстік. Ол уақытта бұқаралық ақпарат құралдарының, әсіресе газеттің беделі өте жоғары еді. Әкем жұмыстан кейін үйге келгенде бірінші: «газет келді ме?» деп сұрайтын. Газет келмесе немесе уақытылы келмесе поштаға телефон соғатын еді. Үйге Мәскеуден шығатын орталық «Известия», «Труд», «Правда» мен «Социалистік Қазақстан» газеттерімен қоса «Комсомольская правда», «Лениншіл жас», жергілікті «Ленин жолы» газеттерімен қатар «Человек и закон», «Мәдениет және тұрмыс», кей жылдары «Ара», «Білім және еңбек», «Жұлдыз», «Жалын», т.б. журналдар келетін. Бұлардан басқа «Союзпечать» дүңгіршектерінен «Литературная газета», «Футбол», «Панорама», т.б. бірнеше газет, журналдар алатынбыз.

Әрине, бұл газеттердің ішінде отбасымыз үшін сонау 1950 жылдардың аяғынан бері тұрақты оқырманы болып есептелетін қазіргі «Сыр бойы» газетінің орны ерекше. Жүрегімізге жақын бұл газеттің жаңа санын бәріміз асыға күтетін едік, сосын таласып оқимыз, марқұм әкем әр санын жинап, сақтап қоятын. Себебі, әкем Асан Қоразбаев 1958-1988 жылдары Қызылорда облыстық кәсіподақтары кеңесінің заң консультациясы бөлімінің меңгерушісі лауазымын атқарды, ал шамамен 1960 жылдардың басында газетте жаңа айдар, заңгер бұрышы ашылды. «Сұраққа жауап береміз», «Заң консультациясы». Жаңа рубрика «Кызылординские вести» газетінде «Юридические консультации», «Вы спрашивали, мы отвечаем» деп аталды. Сол кездерде күнделікті әкемнің жұмысына, газет редакциясына оқырмандардан ондаған хаттар келетін.

Ол кезде еңбек заңнамасын бұзғаны үшін жұмыс берушімен соттасу практикасы жоқ болатын. Бұл кеңес социалистік заңнамасына қайшы. Біреу жұмыстан заңсыз шығарылады, біреудің зейнетақысы төмен, ал тағы біреу 1930 жылдардағы жаппай ұжымдастыру кезінде, басқа да қиын-қыстау кездерде құжаттарынан айрылған, зейнетақы алмайды. Міне, сол азаматтардың барлығы қиналған кезде қазіргі «Сыр бойы» газеті редакциясына сенді, редакциядан көмек сұрады, сапалы кеңес алды. Кейін арыздары шешіліп, қанағаттанған газет оқырмандары ризашылығын білдіріп, газетке алғыс жаудыртатын.

Шамамен 6-7 кластан бастап отбасымыздың сүйікті басылымын өзім де қызығып оқыдым. Газетте әртүрлі қызықты тақырыптар жарияланып келеді. Ол кез КСРО бастаған социалистік мемлекеттер мен АҚШ бастаған батыс арасындағы қырғиқабақ қарым-қатынастың қызып тұрған шағы. Сол батыс елдерінің саясаты, социалистік бағыт алған Азия мен Африка, социалистік елдердің дамуы туралы қызықты халықаралық ақпарат берілетін. Әрине, кейін КСРО мен социалистік лагерьді құраған мемлекеттер тарағаннан кейін халықаралық ахуал басқа бағытта өрбіді. Газет, ұмытпасам тілші Қази Данабаевтың менің жақсы көретін тақырыбым спорт жаңалықтарын да, әсіресе қазіргі «Қайсар», бұрынғы «Мелиоратор» футбол клубының ойындарын, жетістіктерін үзбей хабарлап отыратын. Сонымен қатар, облыстағы ауыл шаруашылығы, өндіріс, т.б. әртүрлі саладағы жетістіктер, жаңалықтар, жерлестеріміздің жетістіктері, кейінгі жылдары қылмыс хроникасы, қазақтың әдет-ғұрпы, салттары, қазақ халқы мен оны құраған ру-тайпалар, Сыр бойындағы орта ғасыр шаһарлары тарихына, шежіресіне, батыр, билер туралы қызықты ақпарат берілетін.

Газет беттерінде алдыңғы буын ағаларымыз Әуелбек Қоңыратбаев, Мардан Байділдаев, Шайхислам Серікбаев, Камал Бердәулетов, Мырқы Исаев, Ахат Жанаев, Мәди Кереев, Жолдасбек Ақсақалов, т.б. облысымызға белгілі ғалымдардың, қаламгерлердің мақалалары жарияланатын. Әлі есімде 1983 пе әлде 1984 жылы ма Баспасөз күніне арналған нөмірде газеттің үздік штаттан тыс тілшілер қатарында профессор Әуелбек Қоңыратбаев, Асан Қоразбаев, облыстық ішкі істер басқармасы өрттен қорғау бөлімінің аға инспекторы, ішкі қызмет капитаны Сәуле Ақмолдаева туралы ақпарат жарияланған болатын. Журналистика ардагері Айткүл Шалғынбаеваның да газетте жақсы әсерлі жазылған бірнеше мақалалары есімде қалды.

 Бір таңғаларлығы өңіріміздің сүйікті газетін ол кезде қысқа үзіліс кезінде завод, фабрика жұмысшылары да, егін даласындағы совхоз еңбеккерлері де үзбей оқитын. Кеңес заманында баспасөзге жарияланған сыни мақалаларға партия, бақылаушы, әкімшілік (құқық қорғау) органдар мен мемлекеттік, қоғамдық ұйымдар тарапынан аса көңіл бөлінетін. Сол қатаң тәртіп «Сыр бойы» газетінде де сақталды. Міндетті түрде кемшіліктердің түзеліп, заң бұзушылықтардың жойылып, кінәлілерге шара көрілгені туралы жедел түрде жауап берілетін. Кез келген отбасы ең кем дегенде екі газет, журнал, орташа отбасы төрт, бес басылым жаздырып оқитын. Иә, түсінген адамға газеттің әлі де адам өмірінен алатын орны ерекше, рухани, құнды азық, сауаттылыққа, ғылымға жетелейтін баға жетпес дүние. Елімізде, өңірімізде әлі де көзі ашық, көкірегі ояу, газет сүйіп оқитын адамдар жеткілікті. Сауатты халқы бар, ғылымы дамыған ел әрқашанда өркениетті мемлекеттер қатарынан орын алатыны белгілі.

Қазіргі күні айналамыздағы көп нәрсе өзгеріп, адамның басты құралы ғаламтор, смартфон, планшет, гаджет болған заманда түсінген адамға теледидар мен газеттердің адам өміріндегі орны ерекше. Иә, радио ұмытылды. Кейбір сауаты, санасы төмен ойына келген арзан дүние жолдайтын әлеуметтік желілер әкімшілері мен белсенділеріне телмірген жастардың да, ересектердің де ойы бұзылып, психикасына кері әсер етуде. Қазақ тілінің сөздері өзгеріп, бұрмаланып, мәртебесін төмендетуде. Ғаламторда сағаттап бас көтермей отыратын жастарымызда мейірімділік азайып, қатаңдық, қатыгездік көбеюде. Бұл олардың тек көзіне ғана зиян емес, сонымен қатар психикасына, орнынан қозғалмай отырғаннан кейін адамның басқа мүшелеріне де зиян екенін дәрігер мамандар айтуда. Бір байқағаным, балаларға жақындап күнделікті айналысып жүрген жұмысына, сабағына байланысты бір нәрсе сұрасаң кібіртіктеп, бірден жауап бере алмай қалады.

Ал газеттің жөні бөлек. Газет айналасындағы арнайы білімі бар нағыз мамандар бір мақаланы дүниеге алып келу үшін әбден ойланып, толғанып, жоспар құрып, әртүрлі мәселені зерттеп, сүзгіден өткізеді. Бірнеше маман қолынан өтіп, сосын барып, газет басшысы келісімімен газетке жарияланады. Мақалалардан адам үлгі алады, сауатын ашады, жазу мәдениетін үйренеді. Әлеуметтік желі десе асын жерге қоятын жастар әлемнің өркениетті, озық мемлекеттерінде оқу мәдениеті қалыптасқанын, басылымдардың тұрақты шығып тұратынын, құрама штаттарда да, мұсылман елі Түркияда да, күнделікті миллиондаған, ал шығыстағы Жапонияда күніне екі рет 9 миллиондық таралыммен шығатын газетті ересектер де, жастар да қызығып оқитынын білуі тиіс.

Газет туралы «Өзі – бір күндік, сөзі – мың күндік» деген теңеу бекерден-бекер айтылмаса керек.

Өңірімізге белгілі қаламгер Қ.Шарабидинов басқарып отырған «Сыр бойы» газеті ұжымына оқырмандары көбейіп, абыройы, таралымы артып, республикадағы алдыңғы қатарлы газеттер қатарынан орын алуына тілектеспін.

Хұсайын ҚОРАЗБАЕВ,

заңгер, журналист, полиция полковнигі,

Ақпарат саласының үздігі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<