Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылғы «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» деп аталатын Жолдауында «…Мен халыққа берген уәделерімді міндетті түрде орындаймын» деп нақты айтқан болатын. Сонан беріде берілген уәделердің кезең-кезеңімен, жүйелі түрде орындалып келе жатқанын ашық айтуымыз керек. Мен бұл сөздерді артық мақтан үшін айтып отырғаным жоқ. Президент менің және мен сияқтылардың әсіре қолпашына мұқтаж да емес деп ойлаймын. Біздің мақсатымыз – Мемлекет басшысының Сыр өңіріне сапары қарсаңында соңғы жылдары елде атқарылған ауқымды жұмыстарға қысқаша тоқталу, қайта еске түсіру. Шынтуайтында, кейінгі 4 жыл бедерінде елдің тұрмысын түзеу, халықаралық саясат сахнасындағы мәртебесін көтеру бағытында түрлі ішкі-сыртқы кедергілерге қарамастан дәлірек айтқанда, соңғы он жылдарда жасалмаған жұмыстар реформа күйінде өмірге еніп жатқаны рас.
Қасым-Жомарт Кемелұлы алғашқы Жолдауында «Елдегі қоғамдық-саяси өмірді жаңғырту арқылы экономикалық реформаларды табысты іске асыру үшін «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидатын ұсынды. Сондай-ақ, мемлекет тұрақтылығының негізі ретінде азаматтардың барлық сындарлы өтініш-тілектерін жедел әрі тиімді қарастыратын «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын қабылдау қажеттігін алға тартты. Қазіргі таңдағы әлемдік сарапшылардың бағасы бойынша бұл елдің болашағы үшін жасалған алғашқы жемісті қадам болды. Мемлекеттік саясатты жүйелей отыра, экономикаға қуатты серпін беруге қажетті мүмкіндіктер туды десек артық емес. Сол арқылы Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылдан бастап елде маңызды саяси, әлеуметтік, экономикалық реформаларды жүзеге асырды. Реформалардың түпкі мақсаты – халықтың тұрмыс деңгейін көтеру, қауіпсіздігін қамтамасыз ету, азаматтарымыздың өзін-өзі дамытуына қажетті жағдайлар жасау.
Бүгінгі күннің биігінен қарасақ, қысқа уақыт ішінде саяси институттар реформаланып, Президенттің өкілеттілігі шектелді. Қазақстан «суперпрезиденттік» үлгіден мықты Парламенті бар Президенттік Республикаға көшу идеясын іске асырды. Президенттің бірқатар өкілеттіктен бас тартуы демократияға нақты қадам болғанын сарапшылар айрықша атап өтті. Ата Заңымызға бұдан да басқа оң өзгерістер енгізіліп, саяси және экономикалық жүйе қайта жаңғыртылды. Ата-бабаларымыздан мұраға қалған ен байлықтың үстінде отырсақ та бақуатты тұрмыста өмір сүре алмауымыздың бірден-бір себебі саналатын жемқорлықпен күрес күшті қолға алынды. Әділдік, заң үстемдігі, теңдік және әділ сот жүргізуге бағытталған реформалар өмірге енді. Олардың жүйелі жүргізіліп, күткен нәтиже беруін қамтамасыз ететін Реформалар жөнінде жоғарғы кеңес құрылды. Орайы келгенде айта кетейік, Президенттің төрағалығымен өткен кеңестің кейінгі отырысында мемлекеттік бюджеттің кіріс бөлігін арттыру, инвестициялық саясатты жетілдіру мен көптен көтеріліп келе жатқан «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамын реформалау мәселелері қаралған. Нәтижесінде «ҚазМұнайГаз» АҚ, «Эйр Астана» АҚ, «KEGOC» АҚ, «QazaqGaz» АҚ сияқты компаниялар IPO-ға шығарылатыны және осындай шешімнің арқасында «Самұрық-Қазына» Ұлттық қорға 500 миллиард теңге бөле алатын деңгейге жететіні белгілі болды.
Мемлекет басшысының бастамасымен атқарылған игі істердің қатарында 2020 жылдан бері мұғалімдердің жалақысы екі есе өскенін атап өту орынды. Бұған қоса дәрігерлердің айлығы да айтарлықтай көбейді. Қазір олардың табысы еліміздегі орташа жалақыдан жоғары. Жұртқа зейнетақы жинағының бір бөлігін пайдалану мүмкіндігі берілді. Миллионға жуық адам осы жобаның игілігін көрді – тұрғын үй мәселесін шешіп, баспаналы болды. «Жайлы мектеп» жобасы қолға алынды. Ол жоба бойынша елде алдағы уақытта 400-ге жуық мектеп салыну көзделген. Бүгінгі күні ауылдық жерлерде 300-ден астам денсаулық сақтау нысаны салынып жатыр. Сондай-ақ, балалардың болашағын баянды ету мақсатында «Ұлттық қор – балаларға» жобасы енгізілгені белгілі. Игерілмей жатқан немесе заңсыз берілген 8 миллион гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды. Шетелдерге ұрлық арқылы шығарылған қаражатқа қатысты тиісті заң қабылданды. Бұл бағытта да жұмыстар ретті жүргізілуде. Әрине, оның жылдамдығы біз күткендей тез бола қоймас. Себебі, шетке шығарылған қаражаттың мемлекет қазынасынан ұрланғанын дәлелдеудің өзі заңгерлер үшін оңай шаруа емес құсайды. Бұл жұмысқа сарапшылардың пікірінше, ондаған жылдар кетуі мүмкін. Дегенмен, заң бар, саяси ерік бар. Нәтиже күтеміз.
Президент 2022 жылғы «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында «Біз қоғамға іріткі салуды емес, елді ізгі мақсатқа жұмылдыруды ойлауымыз керек. Әділетті Қазақстан идеясының түпкі мәні – осы» деген болатын. Жолдауда көтерілген ең өзекті тақырыптың бірі сайлау жүйесінің жаңаратыны болды. Бұны елдегі саяси реформалардың қисынды жалғасы болды деген орынды. Әрине, дамыған елдердің қатарына қосылу үшін тек саяси өзгерістермен шектеліп қалу жеткіліксіз. Бұл өзгерістер эволюциялық жолмен әлеуметтік-экономикалық реформаларға ұштасқаны абзал. Мемлекет басшысы биылғы «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауында «Былтыр Қазақстанның ішкі жалпы өнімі 104 триллион теңге болды. Елімізге 28 миллиард доллар тікелей шетел инвестициясы тартылды. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Сыртқы сауда-саттық бұрын болмаған деңгейге, яғни 136 миллиард долларға жетті. Оның 84 миллиарды – экспорт. Сыртқы қорымыз 100 миллиард долларға жуықтады. Бұл, ең алдымен, экономикалық тұрақтылығымыздың аса маңызды кепілі екені сөзсіз» деген болатын. Экономика саласына серпін беруге қажетті жағдайдың қалыптасқанын айта келе, Президент «…Біз біртіндеп жаңа экономикалық үлгіге өтуіміз керек. Бұл жұмысты батыл жүргізуіміз қажет. Басты мақсат – қағаз жүзіндегі биік жетістіктерге қол жеткізу емес, шын мәнінде халықтың тұрмыс сапасын жақсарту болуға тиіс. Әділдік, инклюзивтік және үнемшілдік жаңа экономикалық бағдарымыздың өзегіне айналады» деді.
Тәжірибелі саясаткер ғана емес, халықаралық деңгейде мойындалған кәсіби дипломат ретінде Қ.Тоқаев мемлекетішілік және халықаралық саясатта әлемде болып жатқан күрделі оқиғаларға, Адам өміріне қауіп төндіріп отырған ғаламдық мәселелерге қатысты қажет шешімдердің қабылдануына ұйтқы болды.
Орталық Азиядағы бауырлас елдермен аймақтық әріптестік орнатуға баса көңіл бөлінсе, БҰҰ, Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы сияқты халықаралық құрылымдарда жаһандық проблемаларға әлем халқының назарын аударуға ұмтылды. Мәселен, Сирия дағдарысын шешуде біздің мемлекетіміздің бастамашыл рөл атқаруы – осындай сындарлы саясаттың жемісі. Көршілес Ресей мен Украина арасындағы соғыста біздің «бейтараптығымызды» ашық білдіре отырып, Қазақстанға шетелдік компаниялардың келуі мен елімізден заңсыз жолмен шығарылған активтерді қайтаруға қатысты нақты шешімдер қабылдады. Осындай ішкі мазмұны өзара сабақтас сыртқы саясаттағы нәтижелі қадамдарымыз Қазақстанның бұрыннан Батыс пен Шығыстың, Оңтүстік пен Солтүстіктің арасындағы алтын көпір саналатын рөлін одан сайын күшейтіп, саяси әлеуетін арттыра түсті. Айталық, экономикалық даму мен аймақішілік бірігуге ұйтқы болып отырған «Бір белдеу, бір жол» жобасында еліміз шешуші рөл атқаруда. Қазіргі таңда әлемдік қауымдастықпен қатар еліміз үшін аса күрделі су тапшылығы мәселесін шешу жолдарын қарастыру мақсатында 2026 жылы Қазақстанда Аймақтық климаттық саммит өткізуді ұсынды. Бұл мәселенің біздің облысымыз үшін де өте зәру екені белгілі.
Мемлекет басшысы ел ішін тұрақтандыру мен қазақ халқының болашағын баянды ету, ұлттық құндылықтарымызды дәріптеуге қатысты орамды ойларын халқымызды ортақ мақсаттарға ұйыстыратын бірегей құрылым – Ұлытау мен Түркістанда өткен құрылтайларда ортаға салды. Ұлт жанашырларының ұсыныс-тілектерін мұқият тыңдады. Ол өзінің 16-17 маусымда Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайдың «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» атты екінші отырысында сөйлеген сөзінде «Біз Ата Заңымызға әділдік рухын сіңіре отырып, конституциялық реформа жасадық. Бұл өзгерістер мемлекеттігіміздің тұғырын бекіте түсті. Сонымен қатар еліміздің ұзақ мерзімге арналған демократиялық бағдарын айқындап берді. Биліктің басты институттары қысқа мерзім ішінде мүлде басқаша сипатқа ие болды. Шешім қабылдау үдерісіне азаматтардың қатысу мүмкіндігі едәуір кеңейді. Адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау жүйесі нығайды. Осының бәрі еліміздің саяси құрылымын орнықты және тиімді етіп қайта құруға септігін тигізді. Барынша әділ, ашық әрі бәсекеге лайық жүйе қалыптасты» деп өмірге енген реформалардың күткен нәтижеге әкелгенін айрықша атап өтті.
Ресейлік саясаттанушы және саяси технолог, публицист, «Саяси сарапшылар тобының» жетекшісі Константин Калачев 2023 жылдың шілдесінде өзінің Telegram каналында:
«Бір жыл бұрын Қазақстан Президенті Тоқаев үкіметке Ресейден кеткен шетелдік компанияларды көшіру үшін елде жағдай жасауды тапсырған болатын. Содан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев болып жатқан жағдайды «инвестициялық капитал үшін жаһандық күрес» деп атап, Қазақстан үшін «жақсы мүмкіндіктерді» көрді.
• Қазақстан экономикасы бірінші жартыжылдықта 5%-ға өсті.
• Негізгі капиталға инвестицияның өсу қарқыны 13%-ды құрады. Қаңтар-мамыр айларында сыртқы сауда айналымы 8%-ға өсіп, 55,8 млрд долларды құрады.
• Мемлекеттік бюджетті толтыру жоспары 102,3%-ға орындалды.
Тоқаевтың жоспары – Қазақстанның дамуы. Бәрі ойдағыдай» деп пікірін білдірген.
Әлемдік деңгейдегі бірнеше сарапшылардың біздің Президентімізге қатысты пікірлерінің дені оның болмысынан адами құндылықтардың кемелдігін, рухани байлығының жоғары екенін байқауға болатынын айтады.
Нұрлыбек МЫҢЖАС,
тарих ғылымдарының кандидаты, «Құрмет» орденінің иегері
*сурет ашық дереккөзден
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<