Ізгілік нұры ана құшағынан тарайды

656

0

Күллі адам баласының өмірі ана құшағынан бастау алатыны белгілі. Әлемдегі әсемдік пен ізгілік, нәзіктік пен сұлулық та әйел затына тән. Оның ішінде ұлттық дәстүрімізге сай сәнді де сапалы киім үлгісі, көздің жауын алатын күмістелген әшекейлер, зергерлік бұйымдар қазақ аруларының ерекше талғамын аңғартады.

Аймақ басшысының қолдауымен жуырда жұмысын бастаған «Анаға тағзым» орталығы дәл осындай ұлттық құндылығымызды насихаттайтын іргелі шаңыраққа айналмақ. Облысқа ресми іссапармен келген Мемлекет басшысы аталған орталықтың жұмысымен танысып, қолға алынған бастамаларға қолдау білдірді.

Президентті орталықтағы «Ұлт жақұты» бөлімінің жұмысымен таныстырған еңбек ардагері Әзия Қыстаубаева: 

– Ел аузында жүрген «Анаға тағзым» орталығы Сыр аруларының, Сыр аналарының арманындағы киелі шаңырақ деп толық айтуға болады. «Ұлт жақұты» деп аты айтып тұрғандай, бұл бөлмеге келген үлкен де, кіші де қазақтың ұлттық құндылықтары – жақұттай жарқыраған әсем бұйымдарды көрсе деп ойлаймын. Өйткені мұндағы дүниелер тарихи тұрғыда зерттеліп, зерделеніп қойылған, –деді.

– Расында, ұлттық салт-дәстүрімізді, болмысымызды, тіліміз бен дінімізді терең насихаттауымыз керек. Ұлттық құндылықтарға деген көзқарасымыз айқын болуы тиіс. Сондықтан мен сіздердің жұмыстарыңызды қолдаймын, – деді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев.

«Жақсыны көрмекке» деп, біз де сыртқы сәулеті келіскен жаңа ғимараттың ішкі жұмыстарын көзбен көруге асыққан едік. Әп-сәтте әсемдік әлеміне енгендей, айрықша әсер алдық. Ғимаратқа кіргенде қарсы алдыңызда тұрған декоративті тақтада әлемнің бірнеше тілінде жазылған «Ана» сөзіне көзіңіз түседі.  Бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербеткен аяулы жандарға деген шексіз құрметтің көрінісі болса керек. Айта кетейік, қазақ ұғымында «Ана» сөзінің мағынасы тіпті ауқымды. Мысалы, «Жер – Ана», «Отан – Ана», «Ана тілі»  сияқты сөз тіркестері санамызда берік жатталып қалған.

Орталықта ұлттық дәстүрімізді дәріптейтін бірнеше бөлім қызмет көрсетеді. Бірінші қабаттағы көрмеден орын алған киізден жасалған бұйымдар еріксіз көз тартады. Сәндік үлгіде жасалған әйелдердің бас киімі, балалардың аяқ киімі, тұскиіздер мен тоқыма бұйымдардан көп ізденіс пен еңбекті көруге болады. Сондай-ақ, киіз үй үлгісіне сай жабдықталған орында қазақ отбасына тән тұрмыстық заттар қойылған. Айталық, асадал, бесік, сандық, кебежелер халқымыздың көшпелі кезеңдегі тіршілік тынысынан хабардар етеді. Әрбір бұйымдағы ою-өрнектің әсем үйлесімі тұрмыс салтымыздағы сән-салтанаттың  көрінісін аңғартады. Осы жерде алғаш қадам басқан бүлдіршіндердің тұсауын кесуге мүмкіндік жасалған. Демек дәстүрімізді дәріптеудің бұл да бір айғағы десек болар.

«Қазақ елінің ұлы аналары» атты экспозициялық картина жергілікті қылқалам шеберлерінің қолынан шыққан бірегей туынды.  Онда Ұмай анадан бастап күні бүгінге дейін қазақ тарихында өшпес ізі бар 50-ге жуық аналардың образы бейнеленген. Ерекшелігі сол, картинаны тамашалау барысында әйел-аналар бейнесін көрумен қатар, QR-код арқылы олардың ғұмырнамасымен  танысуға болады.

Орталық басшысы Алтынай Молжанова Президенттің кешегі Жолдауын басшылыққа ала отырып, жаңа ғимараттың жұмыс мазмұны креативті индустрияға бейімделетінін айтты.

– Қазақы қаймағы бұзылмаған Сыр елінде ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан қолөнерді дәріптеп жүрген 50-ге тарта ісмер қыз-келіншек бар. Олардың бірқатары халықаралық көрмелерге қатысып, өз өнімдерін экспортқа шығарып жүр. Сондықтан қолөнер шеберлерінің әзірлеген бұйымдары осында көрмеге қойылып, қызығушылық танытқан жандарға сатылымға ұсынылады.

Өзіңіз білесіз, өңіріміздің бренді – күріш. Сыр күріші бүгінде алыс-жақын шетел нарығында бағалы. Сондай-ақ, қазіргі күні қылқалам шеберлері, ісмер қыз-келіншектер кенеп бетіне күріштен бейнелер салудың да әдіс-тәсілін меңгеріп алды. Бүгінде күрішпен көмкерілген көркем суреттер үлкен сұранысқа ие болып тұр. Сонымен қатар, ежелден біздің өңірге тән қамыс өсімдігін  Еуропаның бірнеше мемлекеттеріне жөнелтіп, табыс көзіне айналдырып отырған көпбалалы ана Венера Тайлақбаеваның ісі көпке үлгі, –дейді ол.

Шебер ана Роза Әлбатырова – бала күнінен көрпе көктеп, сырмақ сырып, кілем тоқуды меңгерген жан. Бүгінде ол қыз-келіншектерге кілем тоқудың Сыр өңіріне тән әдіс-тәсілдерін үйретеді. Рас, қазір сауда алаңында кілемнің түр-түрі бар. Әйтсе де  ұлттық нақышта дайындалған дүние сапалы әрі құнды болып қала бермек. Оның дәлелі, елімізге шетелден келген туристер қол еңбегімен әзірленген көне бұйымдарға қатты қызығып жатады.

«Ұлт жақұты» музей залында қазақ әйелдерінің  жас ерекшелігіне қарай киген  маусымдық киімдері көрмеге қойылған екен. Айталық, бойжеткеннің үкілі тақиясы, құндыз бөркі, келіншектің сәукелесі, жасы ұлғайған әйелдің, яғни, әженің  кимешегі, сондай-ақ, дәрежесі жоғары ханымдар киген бағалы киім үлгілері  ғасырдан арғы кезеңді ойға оралтады. Осы тұста айта кетейік, қазір қоғамда «дін жолы» деген желеумен  қара жамылғы оранып жүретін жастар қатары пайда болды. Осындай адасқан жастардың бойында ұлттық намыстың жоқ екені ащы да болса шындық. Ал керісінше, қынама бел қамзол, бүрмелі көйлек киіп, бұрымына күміс шашбау таққан қазақ қыздарына әлем жұртшылығы қызыға қарайды. Иә, ата-бабамыз сонау көшпелі кезеңде, қиын-қыстау заманда өмір сүрсе де ішер асына, киер киіміне, төсек жабдығына ерекше талғаммен қарағанын осыдан-ақ білсек болады.

Орталықтағы көпшілік көзайымына айналар мекеннің бірі – «Мирас» әжелер клубы. Мұнда аналарымыз, әжелеріміз қыз-келіншектерге ақыл-кеңес беріп, ісмерлікке үйретіп, салт-дәстүр, әдет-ғұрпымыз арқылы жеткен құндылықтарымызды заманға сай жетілдіріп, жастарға аманаттап отырады.

– Мемлекет басшысы кешегі Жолдауында «Өскелең ұрпақтың психикалық саулығы – өте маңызды мәселе» деген болатын. Қазіргідей жаһандану дәуіріндегі ақпарат ағымының толассыз тасқынында жастарымыздың қай толқынға ілесерін білмей, дағдарысқа ұшырап жататыны шындық. Міне, жаңа оқу жылы да басталды. Арман қуып қалаға келген ауыл қыздарының қаланың қайнаған тіршілік ағымына бейімделіп кетуі оңай емес. Сондықтан біз алғашқы жұмысымызды осы мәселеге бағыттадық. Дәлірек айтсақ, қаламыздағы жоғары және арнаулы оқу орындарының бірінші курс студенттерін қала өміріне бейімдеу тақырыбында тренинг өтті, – деді орталық басшысы Алтынай Молжанова. Білуімізше, бұл орталықта жасөспірімдермен қатар, отбасылық қиындықтарға душар болған жас жұбайларға да психологиялық қолдау көрсетіледі.

«Бойтұмар» қыздар клубы. Бұл – жасөспірім, бойжеткен қыздардың сырласып, ой бөлісетін, қажетті кеңестер алатын әдептілік алаңы. Қыздар клубы ұлттық салт-дәстүр мен мәдениетті дәріптейтін, сонымен бірге, заман талабына сай  білім мен ғылымды меңгерген қазақ аруын қалыптастыруға бағытталған. Қазір мұнда келген қыздар қазақ аруларының жеңіл бас киімі – тақияны заманауи үлгіде тігу, және әшекейлеп өрнектеу әдісін үйреніп жатыр.

Қазір әлемде ақпараттық кеңістіктің ауқымы ұлғайып, соның салдарынан қоғам да жылдам өзгеріс үстінде. Халықтың өмір сүру дағдысына қарай кәсіпке, мамандыққа деген сұраныс та өзгерген. Осы бағытта орталықта мәдениет пен өнердегі әйелдерге, кәсіптегі қыз-келіншектерге креативті индустрия саласына қатысты сабақтар мен семинар, тренингтер өткізуге жағдай жасалған. Сондай-ақ, заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген «Шамшырақ» фото-бейне студиясы креативті индустрияның басқа да экономикалық қызмет түрі – видео-арт бағытында  сапалы контент әзірлеуге дайын.

Арнайы жабдықталған «Жас отау» мектебінде бүгінгі бойжеткен, ертеңгі келінді отбасын құрудың  қыр-сырымен таныстыру, тұрмыс құруға ниетті аруларды жаңа өмірге бейімдеу, қалыңдықтың келіндік келбетін қалыптастыру бағытында жұмыс жүргізіледі. Орталық басшысының айтуынша, мұнда 16 сағаттық курс ұйымдастырылып отыр. Алдағы уақытта некеге тұруға ниет білдірген жастар осы мектептің курсынан өтіп, оларға сертификат табыстау жоспарлануда.

Орталықтағы «Ана тілі» дебат клубы мемлекеттік тілдің мәртебесін арттырумен қатар, жастардың сөйлеу мәдениетін дамытып, өз ойларын нақты әрі сауатты жеткізуіне бағытталған іс-шараларды атқарады. Орталық мамандары айтқандай, бүгінде қоғамда қыздардың бейәдеп сөйлеуі, ерсі қылықтар танытуы, тіпті төбелесіп, бір-біріне қатыгездік көрсетуі – шынында алаңдататын мәселе. Сондықтан мұнда дебаттар ұйымдастырылып, қыздардың, әйелдердің қоғамдағы орны, болмыс-бітімі, оның ішінде ұлттық тәрбиеге қатысты тақырыптар талқыланып, туындаған мәселелер лайықты шешімін тауып отырады.

Ал «Береке» деп аталатын аспаздық студияда бас аспаз Айткүл Әбутәліпқызы қатысушыларға қазақтың ұлттық тағамдарын, сонымен қатар, ұмыт бола бастаған тағамдарымызды әзірлеудің қыр-сырын үйретеді.

Ғимараттың 3-қабатында орналасқан «Коворкинг» орталығы мен мәдени-концерттік залы заманауи үлгіде жабдықталған. Бұдан бөлек, облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның жоспарлы жиындарын өткізуге арналған конференц-зал қызмет көрсетуге дайын.

– Аймақ басшысының қолдауымен бой көтерген «Анаға тағзым» орталығы жұмысын енді бастап жатыр. Әлі де алдымызда тұрған міндет ауқымды. Десек те өңірімізге іссапармен келген Мемлекет басшысының орталықта болып, атқарылып жатқан жұмыстарға жылы лебізін білдіруі бізге ерекше серпін берді. Тосын ойлар, тың идеялар туындады. Келешекте елдің игілігіне жарайтын жаңа жобаларды жүзеге асырамыз деп ойлаймын, – деп сөзін қорытындылады орталық басшысы А.Молжанова.

Ғазиза Әбілда,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<