Киемнің сенсің иесі, Қарашаңырақ!

749

0

сурет ашық дереккөзден

Биылғы әз Наурызды тойлаудың жаңа тұжырымдасына сай 17 наурыз «Шаңырақ күні» болып белгіленген. Осы күні барлық жерде отбасылық құндылықтарды дәріптеп, өнегелі ұрпақ тәрбиелеген үлгілі отбасыларға арналған түрлі мәдени шаралар өтеді.

Шаңыраққа ерекше мән беру ұрпақты ұлттық рухымызды қастерлеуге үйрету деп білеміз. Өйткені, «шаңырақ» аясына отаншылдық, бауырмалдық, татулық, ырыс-ынтымақ секілді құндылықтар сыйып тұр.

Бүгінгі жастар «шаңырақ» дегенде тек киіз үйдің шаңырағын немесе Елтаңбада бейнеленген шаңырақты ғана елестетуі мүмкін. Жастарымыз үшін бұл киелі ұғымды терең түсіну астарында елге, ұлтқа, ата-анаға деген құрмет көрсету тәрбиесі жатыр.

Шаңырақ – елдің екінші атауы. «Қазағымның шаңырағы биік болсын» деген тілектің төркіні – осы.

Мұқағали Мақатаевтың «Райымбек, Райымбек» поэмасында:   

«Қара таудың басынан көш келеді,

Қара жорға шайқалып көшке ереді.

Қара күнді жамылып қара қазақ,

Қара түнді басынан кешкен еді.

Қара қайғы көрсетпей ештеңені,

Қара жауы қанатын кескен еді.

Шылғау болып қыздардың кестелері,

Талай қарашаңырақ өшкен еді…», – дейтін жыр жолдары бар. Осы өлеңді «талай ошақ» немесе «талай отбасы» түрінде айтуға болмас па еді? Болады, онда да біз ақтабан шұбырындының оқиғасын түсінеміз. Бірақ ақын ол сөздерді әлсіз санап отыр. «Шаңырақ» сөзі – қуатты, құнды. Бұл атау бізге бүкіл ел бейнесін береді.

«Үй» – жеке заттың атауы, кейде ол үй-іші деген мәнде ғана өзгереді. Қазақ үйге қатысты сөзді шаңыраққа теліп айтқанда ғана мал-жан, бала-шағаның түгел қамтылатынын жақсы біледі. Сондықтан да: «Бұл ауылдың шаңырағы қанша екен?» деп сұрайды. «Шаңырағыңа шаттық шашылсын» деп тілейді.    

Ақыры, алыс мағынаға бейім сөйлеп отырмыз, енді «шаңырақ» сөзінің шығу тегіне де жанаса кетейік.

Әрбір сөздің, әрбір атаудың түп төркіні бар. Атаулар бүгінгі біз айтып жүрген қалпында пайда бола салған жоқ. Олардың өн бойында он мыңдаған жылдың тезі мен ізі жатыр.

«Шаңырақ» сөзінің бірінші буыны «шаң» – көне түркі тілі сөздігінде «таң шапағы» деген мағынаны білдіреді екен. Егер «шаң» сөзі «шапақ», «жарық» мағынасын берсе, онда ол «шам» сөзімен де тым жақын. Қазақта «шам жамырады» дейді, бұл – күннің ұясына батар сәтіндегі көріністі бейнелейтін сөз, яғни, күн шапағы жоғалып бара жатыр деген түсінік.

Олай болса «шаңырақ» бізге күн сәулесін түсіретін киелі мүлік екен. Сондықтан да оның ұғымы қымбат, оны тек бір үйге теліп, аясын тарылтпайтыны да сонан. Ал «ырақ» ше, енді мұны талдап, этимология ғылымына ойысып отырмай-ақ қояйық. Біздің айтпағымыз – киелі шаңырақтың ұлттық идеологиядағы орны. Айтпақшы, «шаңырақ» лексемасына «киелі, «қара» «алтын» деген санаулы тіркестер ғана тән. Екі сөзді әдемі эпитет делік, ал, «қарасы» несі? «Қара» – ескі, ертеден, бағзыдан бергі деген мағына береді: «қара аспан», «қара жер», «қара өлең», «қара шаңырақ»…

Қазақ мәдениетінде шаңырақтың орны дара, сонымен бірге қадір-қасиетін арттырып тұрған мазмұны өте терең.  

Шаңырақ пішіні күннің бейнесі секілді шеңбер болып келеді. Ал уықтары шашырап жатқан алтын шапақ емес пе? Қазақтың киіз үйіннің өзі аспани мән-мағынаға ие. «Шаңыраққа қара» дейді қазақ. Ұрыспайды, тілдемейді, оспадарды осы бір ауыз сөзбен тәубесіне түсіреді. Кейде мен дәл осындай этнографиялық философия басқа ұлттарда жоқ шығар деймін, қайдам, өзім де басқа тілді білмеймін ғой, бәлкім бар шығар, бірақ қазақтай болу қайда?..

Қазіргі кезде бір үйде тұрғанның өзінде ұлымыз бір бөлмеде, қызымыз бір бөлмеде, өзіміз бір бөлмедеміз. Ал ертеде қазақ отбасы бір шаңырақ астында өмір сүрген. Тек жаңа үйленген баласы мен жас келінін ғана оңаша отауға шығарған. Бір шаңырақ астынан шыққан балалардан жерін қорғайтын батыр да, елін сүйген ақын да шықты. Себебі, бала бойына мейірім-ізгілік, сүйіспеншілік, ержүректілік секілді қасиеттер жақын соққан жүректерден ғана дариды.

Ақын Ұлықбек Есдәулетовтің «Бұрышқа тұр» дейтін өлеңі бар. Сонда әкесі баласын бұзықтығы үшін үйдің бұрышына тұрғызып қоятын бір оқиғаны айта келіп, мынадай байлам жасайды:   

«Осы бала бұрышты жек көреді,

Осы бала бұрышқа кектенеді.

Анасына кей күні: «Өскенде мен,

бұрышсыз үй тұрғызам» деп келеді.

Сол тентекке жанымның қошы келген,

Мен болсам еркелігін кешірер ме ем?

Шіркін, оның бабасы бақытты ғой,

Бұрышы жоқ үйлерде өсіп-өнген».

Біз мұнан тек тентек баланың оқиғасын ғана біліп қоймаймыз. Мұнан қазақ балаларының бір шаңырақ астында тұрып, дөңгелек үйдің ішінде еркін аунап-қунап ержеткенін елестетеміз.

Енді сол дөңгелек қараша үйіміз қайда?

Біздің бала күнімізде ауыл жайлауға шығып, қараша үйлерін тігіп, тамаша дәурен өтіп жататын. Кейін жайлау жайына қалды, қараша үй есіктің алдына тігілетін болды. Ал әжеміз қайтқан соң ешқайсымыз шаңырақ көтеріп, уық шаншымайтын болдық. Мынау менің сол кезде жазған өлеңім:

– Киізін күн қақтырсын жаны аши кім,

Әжем жоқ, болмағасын сұрама түк.

Құрымын құрт жеген қараша үйдің,

Отырмын сүйегіне Құран оқып…

Енді бүгін «шаңырақ» ұғымын қастерлеуге арналған «Шаңырақ күні» белгіленгенде жүрегімізге жып-жылы шуақ құйылғандай күй кештік.

Бұл тұжырымдаманың, ең алдымен, жаңа ұрпақ санасына ұлт құндылығын сіңіретіні анық.

Дүйсенбек АЯШҰЛЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<