Көктем жыры

622

0

Көктем келді, бақта құстар салды ән,

Жер түледі, көрпе оранып қалғыған.

Қызыл, жасыл гүлге толып кең далам,

Қол бұлғап тұр қыз-жігіттің алдынан.

Наурыз туды, келді баба дәстүрі,

Қариялардың еске түсті жастығы.

Қайта естілді жеңгейлердің жымия,

«Еркетай» деп еркелеткен назды үні.

Шабандоздар көкпар шауып  тартысқан,

Арқа қозып, айқайлаймыз әр тұстан.

Құралай көз мерген атып жамбыны,

Сом білектер боз кілемде қарпысқан.

Ақбоз үйлер сап түзепті тігілген,

Жастар әні жарық шашар іңірден.

Жылды осылай қарсы алады қазағым,

Саумал сауып, сары қымыз сімірген.

Тамсанамыз жеті түрлі дәміне,

Наурызкөже бойға қуат, дәрі ме?

Бүкіл дүние нұрланады бұл күні,

Бір өлеңнің құны жетпес бәріне!

Көктем келді, бақта құстар салды ән,

Жер түледі, көрпе оранып қалғыған…

Бауыржан ЕЛЕУСІНОВ,

ҚР Журналистер одағының мүшесі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<