Көлік жөндеп, көптің алғысын алған

331

0

Қазалылық Розымұрат Мұртазаны аудан халқы жақсы таниды. Ол көлік жөндеу орталығын ашып, көпшілікке сапалы қызмет көрсетіп келеді.

Орталықтан адам қарасы үзілмейді. Көлігінің кілтипанын білгісі келетіндер ұзын-сонар кезекке тұрады. Содан да болар, Розымұратты іздеп келетіндер көп. Ол көлік жөндеуші әкесі Сұлтанқұлдың қасынан шықпай, шаруасына ерте араласып, қолғабыс етіп өсті.

– Кішкентайымнан әкемнің көлік жөндегенін көріп, техника тілін түсіне бастадым. Шаруаға жарап қалған кезде қыр-сырын үйретті. Қай жері кеткенін дөп басатын да халге жеттім. Талабымды байқаған әкем маған бағыт беріп, оқуға түсірді, – дейді ол.

Білімін жетілдіру үшін Қазалы аграрлы-техникалық колледжіне оқуға түсіп, «Автокөліктерге техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану» мамандығы бойынша бітіріп шықты. Колледж қабырғасында қоғамдық іс-шараларға белсенді қатысты. Облыстық білім басқармасының ұйымдастыруымен өткен «WorldSkills Kazakhstan» Ұлттық чемпионатының «Жеңіл автомобильдерді жөндеу және қызмет көрсету» құзыреттілігі бойынша бірінші орынды иеленді.  Қызылорда, Тараз, Оңтүстік Қазақстан облыстары арасындағы «WorldSkills Kazakhstan» Ұлттық чемпионатының аймақтық кезеңінде де бірінші орынды жеңіп алды. Бұдан бөлек  Білім және ғылым министрлігі мен «Кәсіпқор» холдингі КЕАҚ ұйымдастырған «WorldSkills Kazakhstan 2018» Ұлттық чемпионатының республикалық кезеңіне қатысып, жүлдегер атанды.

Колледжді  бітіргеннен кейін мамандығы бойынша автокөлік жөндеді. Отан алдындағы борышын өтеуге әскерге аттанып, аман-есен елге оралып, бастаған  ісін қайта қолға алды.  2020 жылы «Мұртаза Розымұрат» ЖК  ашып, осы уақытқа дейін кәсібін жүргізіп отыр.  Үй ауласындағы автосервис орталығында машина жуу, шиномонтаж,  шина жөндеу және автобөлшектер мен автокөлік аксессуарларын тапсырыс бойынша жеткізіп беру қызметтерін көрсетеді.

– Қазақта «Адам еңбегімен абыройлы, мінезімен қадірлі» деген сөз бар. Адал еңбектің арқасында көпшіліктің ыстық ықыласына бөленіп келеміз. Бұл – отбасылық кәсіп. Қазір көліктің түрі көп. Ауданда жыл өткен сайын көлік саны артып келеді. Бұл біздің ісімізді алға жылжытады. Сапалы қызмет алған соң, бір келуші қайта келеді. Автосервис маңындағы көліктерден-ақ мұнда жұмыстың қызу екенін аңғаруға болады.

Әрине, темірмен жұмыс істеу оңай емес. Қазір өзім оқыған колледжді бітірген 5 түлекті жұмыспен қамтып отырмын. Алдағы уақытта жас кәсіпкерлерге арналған мемлекет тарапынан берілетін төмендетілген пайызбен несие алып, кәсібімнің ауқымын кеңейтемін, – дейді ол.

Сара АДАЙБАЕВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<