«Жаңа Қазақстан» – ерекше идея мен қоғамға жаңашыл көзқарасты, жастар мен заман талабын, қоғам құндылығын қорғайтын, тәуелсіздік пен еркіндікті елеулі ететін жаңа кезең. Бүкіл қоғамның жеке құқығын негіздеуші күшке әрқайсымыз айқын да сенімді қарағанымыз жөн. Өз ойын, өз мақсатын ашық, анық жеткізген тұлға ғана қоғамға әсер етпек.
Сан ғасырлар бойы қазақ санасында сақталған «Алаш» сөзі ұлтымыздың жадында деп білемін. Қазақ қонақжайлығымен, қамқорлығымен қайырым қылғанымен, оны қорқақтық пен ынжықтық деу қате. Мына жатқан Ұлы далада, бабалардың қаны тамған жерде ертеңін ойлаған. Тәуелсіздік, келешек ұрпақтың кемелдігі үшін Желтоқсанда жаужүрек жастар алаңға шықты.
Ендігі кезек жаңа заманның жаңа жастарында. Қазақ баласының санасына ең алдымен қазақы болмыс қалыптастыру керек. Ұлт өз тілін, дінін сақтап қана ұлт болып қалмақ. Қазіргі қазақ қоғамында қазақы салтты ұмытқандар қаншама, онымен қоймай өзге жастардың да миын улап, сол жолға итермелейді. Осындай адасушы жолға түспес үшін саясат пен қоғамды жіті танып, елде не болғанынан хабардар болып, кітапты көп оқыған абзалырақ. Әр отбасы өсіп келе жатқан жас қанаттарына ненің ақ, ненің қара екенін анық айтса, тәрбие-тағылым, мәдениетті үйретсе, ол баланың рухы биіктейді.
Әбу Насыр әл Фараби «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деген екен. Ал «Алаш» партиясының көсемі Әлихан Бөкейханұлының «Ұлтқа қызмет ету білімнен емес, мінезден» деген асыл сөзі бар. Адам ең алдымен өзін, содан соң әр отбасы ұрпағының тәрбиесі мен тәліміне, мінезіне ерекше ден қоюы керек. Заманауи боламыз деп қазақилығымызды жоғалтпайық, ұл-қызымызды ағылшынша емес, орысша емес ең бірінші қазақша оқытайықшы. Жалындаған жастар жарқын болашаққа ұмтылса, «Жаңа Қазақстанның» жаңалығы күллі әлемге танылмақ. Жалынды, айбынды жастар жаңашылдықпен жаңа дүниелер ойлап тапса да өз тілін ұмытпаса екен.
Айғаным Нұрлан,
дарынды қыз балаларға арналған «Білім-инновация»
лицейінің 11 «А» сынып оқушысы
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<