Президент Жарлығымен биыл «Жұмысшы мамандықтарының жылы» болып жарияланғаны белгілі. Игі бастама аясында еңбек адамының беделін көтеру, кәсіби білім беру және еңбек нарығына қажетті мамандықтар бойынша оқытуды жетілдіру алдыңғы қатарға шығып отыр.
Жастардың білім алуына барлық мүмкіндік жасалған оқу орындары облысымызда аз емес. Солардың бірі – Қазалы қаласында орналасқан Қазалы аграрлық-техникалық колледжі. Іргелі оқу орнынан ауыл шаруашылығына қажет тракторшы, комбайншы, К-700 жүргізуші-механизаторы, құрылысшы, ветеринар, фермер, электр-газбен дәнекерлеуші сияқты талай мамандық иесі түлеп ұшты.
Тәуелсіздік алған жылдары бұл тізім аясы кеңейді. Қатарға бәсекеге қабілетті, қазіргі заман талаптарына жауап беретін өзге де мамандықтар қосылды. Қазір мұнда 260-тан астам жас білім алуда. Олар дәнекерлеу ісі, автомобиль көлігіне техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану, ауыл шаруашылығын механикаландыру, ғимараттар мен құрылыс салу сияқты салалардың қыр-сырын меңгеруде. Колледж ұстаздары мен студенттері түрлі деңгейдегі білім сайыстарында, өнер додаларында, мәдени-көпшілік іс-шараларда жетістіктерімен қуантып жүр.
Еліміздің әлеуметтік-экономикалық салаларында тұрақты өсім мен өркенді өзгерістер барына өзіміз куәміз. Өнеркәсіптік өндіріс дамыған сайын еңбек нарығында заман талабына бейім білікті жұмысшылар мен мамандарға сұраныс артып келеді. Осы орайда жұмысшы кадр даярлауға бөлінетін мемлекеттік тапсырыс көлемінің көбеюі қуантады. Біздің оқу орнында жастардың басым бөлігі мемлекет қолдауы арқасында оқып, шәкіртақы алады. Колледж бітірген түлектердің 77,7 пайызы жұмысқа орналасқан. Бұл еңбек нарығына қажет мамандар әрдайым сұраныста екенін көрсетсе керек.
2025 жыл – жастар үшін өз болашағын айқындап, еңбек адамы ретінде мақтанышпен алға қадам басатын ерекше мүмкіндік. Жастар жұмысшы мамандықтарды таңдап, еліміздің жарқын болашағын бірге құруға атсалысуы керек.
Еділ САНИЯЗОВ,
Қазалы аграрлық-техникалық колледжінің арнайы пән оқытушысы
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<