Өмір мәресі

124

0

Фото: freepik.com

Әлеуметтік желідегі Нью-Йорк такси жүргізушісінің парақшасынан алынған жазбаға аударма жасап, оқырманға ұсынуды жөн көрдім.

«Мекенжай бойынша шақыртумен үй алдына келдім де, сигнал тетігін басып біраз тұрдым. Бірер минут күтіп, тағы да белгі бердім. Бұл бүгінгі күннің соңғы тапсырмасы еді және тапсырыс беруші жауап бермегендіктен қызмет заңдылығына сәйкес кете беруіме де болатын. Алайда әлде әуестік, әлде адамның адамға қажеттілігінің ешқандай ережеге бағынбайтын түйсігі ме, бір сезім үйдің есігін қағуға еріксіз итермеледі. «Бір минут күте тұрыңыз» деді арғы жақтан нәзік, жасы ұлғайған әйел адамның дауысы. Бір нәрселерді сүйрелеп, үлкен кісіге тән қимыл-қозғалыспен біршама әуреге түсіп барып есікті тоқсанның шамасындағы жасы келген әйел ашты. Екінші дүниежүзілік соғыс алдындағы кинофильмдердегі әйел затының сәніне айналған бет-әлпетін жапқан торлы шляпасы бар, ескі сәндегі шыт көйлек киген, жанына чемодан қойған шағын бойлы кейуана алдымда тұрды. Бір қарағанда бұл пәтерде ұзақ жылдар бойы тірі жан тұрмаған сияқты. Жиһаздардың бәрі ақ матамен жабулы, қабырға сағатының ізі де жоқ, бір бұрышта ыдыс-аяқ пен ескі альбом, суреттер толтырылған екі қорап байқалады.

– Мына чемоданды көлікке жеткізуге көмектесе аласыз ба? – деді ол.

Чемоданды көлікке апарып салдым да, әйелдің өзіне жәрдемдесу үшін қайта келдім. Менің сүйемелдеуіммен ақырындап жүріп келіп көлікке отырды да, қайта-қайта рахметін айтты.

– Ештеңе етпейді, – дедім. – Мүмкін менің анам да бір кезде біреулердің жәрдеміне мұқтаж болған шығар…

– Түу-у, өзің бір тәрбиелі бала екенсің, – деді де, – Қаланың ортасы арқылы жүре аласыз ба? – деп өтініш айтты.

– Онда ұзақтау жүреміз, – деп едім, өзінің асықпайтынын, тіршіліктен күдер үзген жандардың мекені хосписке бет алғанын ақырын ғана жеткізді. Маңдайшадағы айнадан әйелдің жүзі айқын көрініп тұрды. Көздері жарқырап, жүзі нұрланып, көптен күткен той алдындағы күйге еніпті.

– Отбасымның бәрі өмірден өтіп болды, дәрігер менің де санаулы күндерім қалғанын айтты, – деді ол жайбарақат қана.

Жайлап қолымды созып жол ақысын есептегішті өшірдім де, жүретін жол кестесін айтып отыруды еркіне қалдырдым. Кейуана нұсқаған тұстарға екі сағат айналдым. Жолда бір кездері өзі лифт қараушысы болған ескі ғимаратты қуана көрсетті. Күйеуі екеуі енді қосылған жылдары тұрған шағын аудандағы бұрынғы үйінің тұсынан да өттік, кішкене қыз күнінде би үйірмесі орналасқан, өзі сол үйірмеге қатысқан ескі жиһаз қоймасын көрсетуді де ұмытқан жоқ.

Келесі бір ғимараттардың жанына келгенде кідіре тұруымды өтініп, өзі үнсіз тесіле қарап ұзағырақ отырып та қалды. Соңғы аялдаған жерімізде ұйқыдан оянғандай тез тіктелді де маған қарап:

– Әбден шаршадым, жетер енді, баратын мекенжайға тура тартыңыз, – деді ақырын ғана.

Көздеген жерге жеткенше тым-тырыс, үнсіз отырдық. Бұл бір ғимаратқа жалғастыра салынған арнайы кіру жолағы бар оңалту үлгісіндегі ескі үй болып шықты. Күтіп отырған болса керек, ішкі жақтан екі санитар шығып, ерекше ұқыптылықпен қарияның көліктен шығуына көмектесті. Жүксалғыштан чемоданын алып берем дегенше, ол кісіні мүгедектер арбасына отырғызып та қойыпты. 

– Сізге қанша беремін? – деді ол шағын қол сумкасын ашуға әрекеттеніп жатып.

– Ештеңе де бересі емессіз, – дедім.

 – Бірақ бұл сіздің отбасыңыздың нәпақасы ғой, – деді ол кісі.

– Табысым жеткілікті, – дедім де, еркімнен тыс еңкейіп қарияның маңдайынан сүйіп едім, ол да өзінің әлсіз қолдарымен мені қапсыра құшақтап бетімнен сүйді де:

– Екі сағаттың ішінде қарт ананың ғұмырына жететін қуаныш сыйлағаның үшін Құдай тілеуіңді берсін! – деді.

Кейуананың қолын қыстым да бұрылып жүре бердім. Арт жағымдағы есіктің ашылып-жабылғанынан тағы бір өмір кітабының соңғы парағы жабылғанын түйсінгендей болдым.

Қайтар жолымда жолаушылардың ешқайсысын да алғаным жоқ. Өз ойыммен өзім болып, басым ауған жаққа кете бердім және ешқандай қоңырауға жауап қайтарған жоқпын. Егер әлгі қарияға ұрдажық біреу тап келсе немесе кезекшілік тәртібін ұстанып қалған біреу кезіксе ше? Бір-екі рет белгі беріп күтуге шыдамым жетпей кетіп қалсам не ол кісінің соңғы өтінішін орындауға көнбесем ше? Өмірімде дәл бүгінгі сапарымнан маңызды ештеңе болмағанын сеніммен айта аламын.

Біз өміріміз маңызды да жарқын оқиғалардың айналасында өтіп жатыр деген түсінікке байланып қалғанбыз және сол түсінік бізді кейде жаңылыстырып жататынын да білеміз. Бірақ кейбіреулер үшін түкке тұрмайтын сияқты болып көрінетін әлгіндей өмір мәресінің сол маңызды да жарқын сәт деп есептейтін түсінігіміздің тас-талқанын шығара алатынын түсіне алмайтынымыз өкінішті.

Ә.ӘЛКЕБАЙҰЛЫ