Өндірістік оқыту шебері

409

0

Мемлекет басшысының тапсырмасына сай биыл елімізде «Жұмысшы мамандықтарының жылы» жарияланды. Бұл бастаманың түп-төркіні – қарапайым еңбек адамдарының қоғамдағы ықпалын арттыра түсіп, оларға деген жаңаша көзқарас қалыптастыру. Осының аясында  орта буын кәсіби мамандар дайындайтын колледждердің жұмыс ауқымы кеңейе түспек.

Жалағаш ауданындағы индустриалды-аграрлық колледждің көпжылдық тәжірибесі бар оқыту шебері Нұрлан Жақсылық та елімізде жұмысшы мамандар даярлауға басымдық берілгенін дер кезінде қабылданған дұрыс шешім деп санайды.

– Президент маман даярлауда колледждердің базасын нығайтып, мемлекеттік гранттар көлемін көбейтуге тапсырма берді. Шындығында, бүгінде қай салада болсын, жұмысшы мамандардың жетіспейтіні байқалады. Өйткені қазір жастардың мұндай мамандықтарға деген қызығушылығы төмен. Олар жұмысшы мамандықтарды меңгеру қиын деп ойлайды. Бірақ бүгінде барлық саланың жұмысы автоматтандырылған. Қазіргі ауыл шаруашылығында еңбек етіп жүрген жұмысшы мамандар заманауи техникаларды тізгіндеп, соның нәтижесінде еңбек өнімділігі арта түскен. Бұдан бөлек, көп салада жұмысшы мамандарға деген сұраныс жоғары. Сондықтан оларды қолдаудың маңызы зор, – дейді ол.

Н.Жақсылық ауылдағы 8 жылдық мектепті бітіріп, аудан орталығындағы №150 кәсіптік-техникалық училищесіне, (қазіргі колледж) оқуға қабылданған. Одан соң Қызылорда қаласындағы совхоз-техникумға оқуға түсіп, «Ауыл шаруашылығын механикаландыру» мамандығы бойынша арнайы білім алып шыққан.

Әскери борышын өтеп келген соң аудандағы №15 кәсіптік- техникалық училищесіне өндірістік оқыту шебері болып қабылданды. 2001 жылы директордың шаруашылық жұмыстары жөніндегі орынбасарына көмекші болып қызмет атқарса, 2002 жылдан бастап №3 кәсіптік лицейдің өндірістік оқыту шебері болып ауысып,  кешегі күнге дейін жас түлектерге «Ауыл шаруашылығы машиналары» бағытында сабақ берді. Сондай-ақ колледжде электрик, механизатор, аспаз мамандар арнайы білім алады.

Өндірістік оқыту шебері Жалағаш индустриалды-аграрлық колледжінде 40 жыл еңбек етіп, зейнеткерлік жасқа жетіп отыр. Ол осынау еңбек жолында жүздеген маман даярлауға өз үлесін қосты. Бүгінде Жалағаш индустриалды-аграрлық колледжінде білім алған жас мамандар ауданның ауыл шаруашылығы саласында белсенді еңбек етіп жүр.

Ұзақ жылғы абыройлы еңбегімен зейнет жасына жеткен Нұрлан Жақсылық аудан әкімінің, министрліктің Алғыс хатымен марапатталған. Отбасында жұбайы Бақыткүлмен үш бала тәрбиелеп, қатарға қосқан.

Ғазиза ӘБІЛДА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<