Өңірмен сабақтас облыстық сот тарихы

663

0

Биыл Қызылорда облыстық сотының құрылғанына 85 жыл толып отыр. Қызылорда дербес облыс ретінде 1938 жылы құрылғанын ескерсек, облыстық соттың тарихы өңір тарихымен тікелей байланысты, яғни, Қызылорда жаңа облыс ретінде құрылғаннан бастап облыстық сот та өзінің жұмысын бастады. Бұл туралы облыстық соттың баспасөз қызметі біршама дерек ұсынып еді.

Облыстық сот 1938 жылдың 4 наурызында құрылған. Осы кезеңнен бері Қазақстан Республикасы өз тәуелсіздігін жариялағанға дейінгі уақытта отандық сот жүйесі бірнеше мәрте реформаланып, өзінің тарихи даму кезеңдерінен өтті. Жаңадан құрылған Қызылорда облыстық сотының алғашқы төрағасы болып құрылған күні Ақдәулетов, төрағаның орынбасарлары болып Өтеулин, Бөкенбаев, А.Досамбаев тағайындалған.

Тәуелсіздік алғаннан кейінгі сот жүйесін реформалау аясында жасалған оң өзгерістер Қызылорда облыстық сотын да айналып өткен жоқ. Тәуелсіз ел басшыларының сот жүйесін құру бағытындағы бастамалары облыстық сот саласына айтулы жаңалықтар мен серпілістер әкелді. 1991 жылы 12 наурыздан бастап 2002 жылға дейін облыстық сот төрағалығы қызметінде Б.Асқаров, М.Ыбраев, Б.Сақалов қызмет жасады. Ал олардың орынбасарлары болып Б.Сариев, Г.Шыңғысова, Ә.Елібаевтар еңбек етті.

Білімді де білікті, тәжірибелі заң қайраткерлері еңбегінің нәтижесінде облыстық сот дамудың жаңа кезеңіне көтерілді. Облыс орталығында бірқатар мамандандырылған соттар құрылып, азаматтардың құқықтарын қорғау аясы кеңейе түсті.

Соттарда судьялар мен мамандардың жұмыс атқаруына барлық мүмкіндіктер мен жағдайлар жасалды. Қазіргі таңда сот залдары заманауи техникалармен жабдықталып, сот отырыстары түгелдей дыбыс-бейне жазба құрылғыларын қолдану арқылы өткізіледі.

Жаңа технологияларды қолданудың көмегімен сот қызметі ашық, жедел, қолжетімді бола түсті. Азаматтар арыз-шағымдарын «Сот кабинеті» электронды сервисі арқылы үйінен сотқа жолдауға мүмкіндік алды. Электрондық құжат айналымының бірыңғай жүйесі енгізіліп, сот ісін жүргізуде заманауи бағдарламалық өнімдер пайдаланылып келеді.

Сот төрелігі әділдіктің көрінісі болғандықтан, судьялардан әрқашан да  біліктілік пен адалдық талап етіледі. Халқы заңын құрмет тұтып, сотына сенетін қоғам – ең дамыған қоғам. Осындай тиісті дәрежеде қызмет атқару, сотқа деген сенімді арттыру – сот жүйесінің басты міндеті.

Қызылорда облыстық сотының 85 жылдығына орай бірқатар іс-шаралар өткізу жоспарланған. Оған дейін облыстың сот жүйесінің тарихы мен даму кезеңін насихаттайтын «Сот жүйесі туралы үздік мақала», «Үздік сот кеңсесі» конкурстары және судьялар мен сот қызметкерлері арасында өзге де түрлі форматта іс-шаралар  ұйымдастырылды. Сонымен қоса, құқық қорғау органдары қызметкерлерінің арасында футбол мен волейболдан спорттық сайыстар өткізу жоспарланып отыр. 

Мерейтойлық шаралар аясында 2023 жылғы 1 желтоқсанда билердің дау шешу өнерін қазіргі сот жүйесінде қолдану тәжірибесіне арналған ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырылатын болады.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<