Оқырман ретінде «Сыр бойы» газетін «Ленин жолы» атауымен өткен ғасырдың жетпісінші жылдарынан бері білемін. Еңбек жолымды 1977 жылы теміржол мекемесінде бастаған кезден еліміз тәуелсіздігін алғанша «Ленин жолын» үзбей алып, газет бетіндегі сол өзіміз өмір кешкен кеңестік қоғамдағы ел жаңалықтарынан хабардар болып отырушы едік.
«Ленин жолы» облыстың маңдайалды басылымы болған соң заманына сай ерекшеліктері де болған шығар, бірақ ең бастысы, халықпен бірге тыныстап, халықпен бірге өмір сүрді, мұңын мұңдап, жоғын жоқтады. Кеңестік дәуірдің бар болмысын басынан өткеріп, шын мәнінде халықтық баспасөз деген атқа әбден лайық болды. Газет халықты жаңа өмірге жетеледі, ғылым-білімге, өнер үйренуге жөн сілтеді, еңбек етуге, бірлікке, тірлікке, келісімге, татулыққа, ынтымаққа үндеді. Көкірек көзінде саңылауы бар, ойы озық талай жанның қолына қалам ұстауына себепкер болды.
Басылымның бүгінгі аяқалысы мүлдем өзгеше, барлық саланы қамтуға бірыңғай бет алғаны анық байқалады. Шет елдегі, елдегі, аймақтағы, аудандардағы, ауылдардағы оң өзгерістерді өңін өзгертпей, ақжолтай жаңалықтарды алып ұшып, қалың бұқараға тұшымды, жалықтырмай, сонымен бірге дер кезінде жеткізіп келе жатқан жанкешті еңбегінен оқырман ретінде, сонымен бірге газеттің тұрақты авторының бірі ретінде хабардар болып отырамын.
Басылымның беделін арттырумен қатар, өмірлік өзекті мәселелерді де қаузап жүрген «Назар», «Өнер», «Тарих», «Денсаулық», «Сан сала», тағы басқа айдарлар оқырманға ой тастап отыратыны да құптарлық. «Сыр бойы» ақпараттық агенттігінің де өз оқырманы қалыптасты.
«Мәселе» айдарында ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігінің назарына ұсынылған осы саланың елге белгілі білікті маманы, Арал ауданының Құрметті азаматы Зауалхан Ермахановтың кіші Арал тағдыры туралы толғанысы сарапқа салыныпты. Кейінгі жылдары көп талқысына түсіп жүрген Солтүстік Арал – Кіші Арал, теңіз көкжиегіне көз тігіп, үмітпен қарап отырған аралдықтарды ғана емес, жалпы жұртшылықты ерекше алаңдатып отырғаны жасырын емес. Аймақ тұрғындары ұзақ жылдар бойы Солтүстік Арал теңізін біртұтас көтеруді сұрап келе жатқанын сала маманы күрмеуі қиын, көкейкесті мәселе ретінде дәлелді жеткізіпті.
Бұған қоса аймақта экономикалық өсімге әсер етіп, жұмыссыздықтың азаюына септігі тию мүмкіндігі бар «Қамыстыбас» елді мекенінде орналасқан «Қамбаш» жағажайы, жер астынан шығатын ыстық бұлағымен республикаға белгілі алақандай ауыл «Ақеспені» медициналық туризм мекеніне айналдыру, Арал теңізіндегі тарихи орындар мен Арал қасіретін әлемге сездірумен бірге табыс көзіне айналдыру туралы қозғаған Ерсін Шамшадиннің де ұсынған мәселесі ойлануға тұрарлық.
Өзім тұрақты автор ретінде аз-аздап болса да, имандылық мәселесінің иіріміне қалам тартып жүретінімді қоғамды ойландырып отырған жайттарға бей-жай қарай алмайтындығым деп сезінемін.
Елдік мәселелерді електен өткізіп, ойлы оқырманға ұсынып жүрген газет ұжымының ұстанған бағыты айналып келгенде баянды болашаққа бет алған елдің көш-керуенінің жүрісінен жаңылмауына шама-шарқынша үлес қосу екені анық.
Әлімжан Қияс,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<