«ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» акционерлік қоғамы

611

0

1983 жылы «Южказгеология» мұнай барлау экспедициясы Қызылорда облысының Құмкөл жерінде алғашқы барлау-бұрғылау жұмыстарын жүргізді. 1984 жылдың ақпан айында Торғай ойпатының оңтүстік бөлігінде «Құмкөл» кен орны ашылып, 1987 жылы «Маңғышлақмұнай» өндірістік бірлестігіне қарасты «Құмкөлмұнай» мұнай-газ өндіру басқармасы құрылды. КСРО мұнай-газ өнеркәсібі министрлігінің 1991 жылдың 21 наурызындағы №104 бұйрығымен Қызылорда қаласында орналасқан «Оңтүстікмұнайгаз» өндірістік бірлестігі құрылып, облысымызда мұнай өндірісі қалыптаса бастады. Сол жылы маусымда бірінші миллион тонна мұнай өндірілді.

Ел тәуелсіздігі жарияланғаннан кейін елімізде шет мемлекеттермен арада инвестициялық жобалар қолға алынды. Осы мақсатта 1993 жылы «ҚазГерМұнай» біріккен кәсіпорны жауапкершілігі шектеулі серіктестігі құрылып, «Ақшабұлақ» кенішінде мұнай өндірді. 1994 жылы Қазақстан мен Ұлыбританияның «ҚуатАмлонмұнай» біріккен кәсіпорны «Қоныс», «Бектас» кен орындарында барлау жұмыстарын жүргізді.

1995 жылы Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы үкіметтерінің келісіміне сәйкес «Торғай Петролеум» акционерлік қоғамы біріккен кәсіпорны құрылды.

Қазақстан Республикасы Министрлер кабинетінің 1996 жылдың 4 желтоқсанындағы «Оңтүстікмұнайгаз» акционерлік қоғамын Канада мемлекетінің «Харрикейн Хайдрокарбонс Лимитед» компаниясының жекешелендіруі туралы қаулысына сәйкес, шетелдік компания мұнай-газ өнеркәсібін қаржыландырып, Торғай бассейнінің оңтүстігіндегі «Қызылқия», «Арысқұм», «Майбұлақ» кеніштерін игеруді қолға алды.

1997 жылғы 24 сәуірде «Оңтүстікмұнайгаз» ашық акционерлік қоғамы «Харрикейн Құмкөл Мұнай» ашық акционерлік қоғамы болып қайта аталды. 2001 жылдың маусымынан бастап «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» акционерлік қоғамы болып атауы өзгерді.

«ПетроҚазақстанның» – акционерлері – «Қытай ұлттық мұнай корпорациясы» және «Қазмұнайгаз» Ұлттық компаниясы. Компанияның қызмет аясына кен орындарын геологиялық барлау, қазбалау, мұнай мен газды өндіру, сондай-ақ кен орындарын сатып алу, мұнайды және мұнай өнімдерін қайта өңдеу және сату, тауар нарығын зерттеу, кәсіпорындар мен ұйымдарға қажетті мұнай өнімдерін тасымалдау кіреді.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<