Әлі есімде, осыдан қырық тоғыз жыл бұрын, яғни 1975 жылдың қоңыр күзінде КазГУ-дің (ҚазҰУ) журналистика факультетінің төртінші курсын сәтті аяқтап, бесінші белеске өттік. Үзеңгілес достармен ақылдаса келіп, күздегі екі айлық оқудан соң жалғасатын диплом қорғау алдындағы өндірістік практика орны ретінде Алматыны емес, Қызылорда облыстық «Ленин жолы» газетін таңдадым. Осының алдында республикалық «Қазақстан мұғалімі» газеті ұстаханасынан өткен едім.
Жасыратыны жоқ, басты мақсатым – сәтін салып жатса болашақ жолдамаға қол жеткізу. Университеттен кейінгі еңбек жолымды Сыр өңірімен байланыстыру да ойда. Бұл ұйғарымыма ұстаздарым мен жақын туыстарым қарсылық еткен жоқ. Айтпақшы, Сыр сапарына курстастардан қазіргі елге танымал қаламгер Серік Байхонов қосылды. Оның таңдауы Шиелі аудандық газетіне түсті.
Көрсетілген мерзімде байырғы астананың батыс шетіндегі еңселі ғимаратта орналасқан газет редакциясына келіп, редактор Қалқабай Әбеновке жолықтым. Қысқаша таныстықтан соң сұрауым бойынша өнеркәсіп, транспорт және құрылыс бөліміне бекітті. Мінезге бай, сабырлы да салмақты ағамыздың жұмыс кабинетінен бос тұрған жазу үстелі де табылды. Алғашқы таныстық-білістіктен кейін айтқаны: «Болашағың алдыңдағы студентсің. Бір ғана бөлімге байланып қал демеймін. Кез келген тақырыпқа жаза бер. Еркіндік өзіңде» деп бір желпінтіп қойды. Сонымен мен үшін мүлде жаңа орта, қызығы мен шыжығы мол өмір басталып та кетті…
«Сырт көз сыншы» демекші, редакцияның шығармашылық ұжымымен таныса келе аңғарғаным, олардың көбі дерлік аға буын өкілдері екен. Ең жасы қаламы қарымды журналист Әділхан Бәйменов көрінді. Бөлімнің азды-көпті тапсырмасын тындырған соң редакцияның ұзын дәлізінің бойына орналасқан кабинеттерге кіріп жүріп, есім-сойы көпшілікке танымал, атақ-даңқынан қарадай ат үркетін ағалармен біртіндеп таныса бастадым. Сондағы аңғарғаным, көңілге түйгенім күні бүгінге дейін жадымда жатталған жандар туралы айтсам… Партия тұрмысы бөлімі меңгерушісі, төңірегіне өте сергек қарайтын майдангер журналист, жазушы Досмағамбет Тасекеев ағайға қатысты қырғи тілді Асекеңнің (Асқар) «Тас атса Тасекеевке тиеді» деген мақалаға айналған тіркесі бар. Мәдениет пен өнер бөліміне жетекшілік ететін, сырбаз мінезді, нұрлы жүзінен мәдениеттілік пен имандылық нышаны төгіліп тұратын сыршыл ақын, драматург Қомшабай Сүйенішев, оның сенімді серігі, фельетон жанрының шебері, танымал журналист Өтеген Жаппарханов, редактордың орынбасары, қазақ өлеңі хас жүйрігінің бірі, ақын Әскербек Рахымбекұлы, төңірегіндегі жан атаулыны кең құшағына тартып жүретін, қаламы жүйрік журналист, жазушы Айжарық Сәдібекұлы, қаламы жүйрік Дархан Сапаров, қызмет бабымен телефон шалғанда арғы беттегі тыңдаушысының өзі отырған орнынан қалай атып тұрғанын сезбей қалатын, аудандар мен шаруашылыққа іссапарға шыққанда, «Мырқы келе жатыр!» деген суыт хабар жеткенде зәрелері зәр түбіне жетіп, үрейленетін халге жеткізетін Мырқы Исаев, қаракөл жағалы пальтосын иығына желбегей жамылып, ауыл тіршілігіне қатысты мақалаларын ақ қағазға маржандай тізіп жазып отыратын (ақ парақтың сол жағына көп орын қалдыратын), мол пішілген Ақберген Ержанов, редакция қоржынына күн сайын жер-жерден нөпірлеп келіп жататын түрлі мазмұндағы хаттарды әр бөлімге ыждағаттылықпен таратып, тиісті жауабын күтіп жүретін еңбекші хаттар бөлімінің меңгерушісі, қатардағы журналистен білікті әдебиетші-ғалым дәрежесіне көтерілген Тоқболат Еңсегенов ағамыздың болмыс-бітімі мен өнегесі елден ерекше болатын. Бұған қоса секретариаттың жұмысын қара нардай көтере білген, қазақ журналистикасында өзіндік қолтаңбасын қалдырған ақмылтық журналист Шәкізат Дәрмағамбетов, әріптестер басы қосыла қалған сәтте қалжың әңгімесімен жұртты қыран-топан күлкіге бөлейтін Қайырбек Мырзахметов, шалт қимылдап, тез жазатын болмаса машбюрода диктовка жасайтын, сөйлемінің арасына оқырманды елең еткізер тіркестерді (ауыздыға сөз бермеген ауыл ақсақалы орнынан тұрарда иығын жапқан мауыты шапаны шалғайы етегін қағып-қағып жіберді т.б.) сыналап енгізетін Әділхан Бәйменов, жауапты хатшылықтан редактор дәрежесіне көтерілген Нұрділдә Уәлиев және де басқа ағалардың Сыр шежіресі мен өмір айнасына, замана үніне айнала білген, білдей тоқсан бес жылдық тарихы бар «Сыр бойы» үнжариясының сапалық мазмұнын жақсартып, айбынын асқақтатудағы сіңірген еңбектері зор болатын.
Енді сәл-пәл өзіме тоқталайын. «Қанат ұшса қатаяды» дегендей, редакцияның ішкі жұмысымен танысып, қаладағы мекемелер мен оқу орнында, музейде өткен іс-шараларға орай, ГАИ қызметкерлерімен бірге қатысқан рейд нәтижесімен «Қызылды көктей өтіп» атты мақалам жарық көрген соң басшылардың көңілінен шыға білдім. Жылы бөлмеде жан бағып отыруды ар санап, алдымен Қазалы, ізінше Арал ауданына іссапарға сұрандым. Нәтижесі көңіл марқайтты. Қазалы сапарында аудан орталығының көркі, архитектуралық келбеті, абаттандыруы мен көгалдандыруы турасында аудан басшылығын елең еткізерлік мақала әзірледім. Қазақстанның 40 жылдығы атындағы совхоздағы (директоры Ш.Жалғасбаев) мал қыстату барысынан жазылған репортаж бен суреттемем жарық көрді. Ел аралап, жер көрудің әсерінен «Қос терек» атты мөлтек эссе қағазға түсті. Осы екпінмен облыстың шалғай ауданының «Қарақұм» совхозы (басшысы Қ.Рыстығұлов) малшыларының қыс маусымындағы тыныс-тіршілігімен таныстым. Сол сапарда «Қарақұм дегенше, қарағым десейші» деген нақылға бергісіз қанатты сөзді көкейіме түйіп қайттым.
Сөз соңында алдағы журналистік іс-қызметіме шуақ болып шашылғандай әсерге бөлеген төмендегі екі тарихи тұлғамен кездесуімді баяндайын. Бірде редакцияның жұмыс бөлмесінде бірдемелерді шимайлап отырғанымда салдыр-гүлдір етіп Серік інім кіріп келді. Хал- жағдайымды сұрасып болғасын: «Түскі тамақ та таяпты. Мүмкіншілікті пайдаланып Иранбек ағамызға барып, амандық-саулығын біліп қайтайық. Алматыдан оралыпты» деді. Басшылардан рұқсат сұрағасын ізіне ердім. Іздеген ақынымыз қала орталығындағы қызыл кірпіштен салынған ескі үлгідегі үйдің пәтерінде тұрады екен. Біз арсалаңдап жетіп барғанда жеңгей екеуі түскі асты алдына алған беті сыңайлы. Сәлемдесіп, жай-жапсар білістік. Серік мені практикант журналист деп таныстырды. Кейін мәлім болғандай, қарағайдай бітімді ағамыздың көңіл хошы пәс көрінді. Өз аузынан естігеніміз: «Он жерден мықты ақын болсаң да, рухани астанамыз деп ауыз толтырып айтатын Алматыда ақын болып жұмысқа орналасуың қияметтің қияметі екен. Соған қарағанда, сендердің таңдаған журналистік мамандықтарыңмен жан бағуға болатын сияқты» деп ағынан ақтарылды. Қою сүт қатқан шай ішкен соң ағамыздың көңілін аулап, жұбаттық. Үмітті үзбеуді, жақсы күндердің алда екеніне сендірдік. Қоштасар сәтте көңілденген ағамыз: «Бірің Ерімбет шайырдың, ал екіншің Досбол бидің топырағынан екенсіңдер. Ауыздарыңа май, інілерім!» деп ризашылығын білдірді. «Жақсы сөз – жарым ырыс» дегендей, көп ұзамай Иранбек (Иран-Ғайып) ағамыз қызмет бабымен Алматыға қоныс аударды. Арынды ақын, шебер драматург дәрежесіне көтерілген ағамыз бертінде әдебиет саласы бойынша Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты атанды.
Ал енді екінші кездесудің жөні де, жоралғысы да мүлдем бөлек. Ұжымға сіңісе келе білгенім, қазақ әдебиетінің көзі тірі классигі Асқар ағамыз редакцияға апта сайын келіп тұрады екен. Бір көргенімде алыстан сәлем бердім. Есіме Алматыдан арнайылап әкелген Асекеңнің «Жыр күмбезі» кітабы түсе кетті. Жол түскенде Қазалыдағы үйден ала келіп, үстелімнің тартпасында сақтадым. «Сабақты ине сәтімен» демекші, шуақты бір күні ағамыз баяу басып редакцияға келе қалмасы бар ма?! Жігіттердің бірінің кабинетіне кіріп, әңгіменің тиегін ағытып отырған сәтінде рұқсат сұрап жандарына бардым. Ілтипатпен сәлем беріп, өзімнің студент екенімді айтып таныстырдым. Іле ағаның әсем безендірілген жаңа кітабын ұсынып, қолтаңба жазып беруін өтіндім. Асекең әлгіндей емес, бар назарымен жүзіме тіктей қарап, бояуы қанық жасыл түсті романды қолымен ұстап тұрып: «Ой, пәлі! Мынаның түсі мендегіден бөлек екен. Әдемі көрініп тұр… Алматыдан арнайылап әкелген саған рахмет. Өркенің өссін!» деді де ішкі титулді бетіне көзге түсетіндей етіп: «Қараша! Бұл кітабымды әрқашан оқып, еске алып жүр. 2.ХІ.75 ж.» деп қолын қойып берді. Алғысымды айттым, ризашылығымды білдірдім. Ағаның Балқы Базар бастаған Сыр сүлейлерінің көркем әдебиеттегі образын ашуға арналған аталған құнды кітабын жарты ғасыр бойы сары майдай сақтап, қастерлеп келемін. Кітап қолтаңбасы тарихына қатысты бұған дейін айтылмай келген сырды Алашқа ана да, пана да болған Сыр өңірінің шежіресі, жаңалықтың жаршысы мен айнасы, руханияттың мінбері саналатын аға басылымның бес белестен соң келіп жететін ғасырлық тойы қарсаңында ақтарып отырған жайым бар. Жасай бер, жалындай түс қанатымды қатайтқан, жарқын болашаққа жол ашқан аға басылым ұжымы!
PS. Тағдырдың жазуы болар, сол 1976 жылы Сырдың дәмі бұйырмай, Үкімет жолдамасымен шөбім Жетісудың Қаратал өңіріне түсті. Әулиелер мен батырлар мекенінде жемісті қызмет атқарып, Жетісу мен Сырды байланыстыратын дәнекері болдым. Қаламыма қос өрімді – Қаратал мен Қазалыны арқау еттім. Әйтсе де сыртта жүрсем де «Сыр бойынан» көз жазып, қол үзген емеспін.
Қараша Қараман,
журналист.
Алматы облысы
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<