Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында қосылған құн салығының мөлшерін көбейту мәселесі қозғалды. Естеріңізде болса, бұған дейін де құн салығын Ұлттық экономика министрлігі 16 пайызға өсіру мәселесін көтеріп, қолдау таппаған еді. Бұл жолы 20 пайызға көтеру ұсынылды.
Қосымша құн салығын көбейту қоғамда қызу талқыға түсті. Бірі қолдады, бірі тиімсіз реформа екенін алға тартты. Үкіметтің пайымдауынша, салықты көбейту бюджет дағдарысынан құтқармақ.
– Бұл үшін ҚҚС ставкасын көтеріп, сонымен қатар жұмыс берушінің әлеуметтік және міндетті зейнетақы төлемдерін азайту қажет. Бұл кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігін арттырып, оларға қажетті қаржылық резерв құрады. Еңбекақы қорына түсетін жүктемені азайту кәсіпкерлерге қызметкерлердің жалақысын арттыруға мүмкіндік береді. Қосымша салық түсімдері экономикалық өсімді ынталандыруға, инфрақұрылымның қарқынды дамуын қамтамасыз етуге және басым салалардағы перспективалық бизнес-жобаларды қолдауға бағытталатын болады, – деген Премьер-министр еңбекақы қорына түсетін жүктемені азайтып, оны сату көлеміне ауыстыруды ұсынды.
Десе де, көп ұзамай Мемлекет басшысы бизнес өкілдерімен кездесу өткізіп, бұл мәселеде білікті сарапшылар мен кәсіпкерлердің де пікірін ескеріп, тиімді әдіс табу керектігін баса айтты әрі Үкіметке қайта пысықтауға тапсырма берді.
«Кез келген реформаны жан-жақты сараптап, байыппен жүргізген жөн. Экономика салаларының ерекшеліктерін ескере отырып, түрлі нұсқаларды әзірлеу керек. Қосымша құн салығына қатысты бұған дейін көзқарасымды білдірмеген едім. Өйткені қызметтік дәрежеме сәйкес, менің әрбір сөзім, пікірім қатаң тапсырма сияқты қабылданады. Соған қарамастан бұл мәселе бойынша ойымды жеткізгім келеді. Қалай десек те, қосымша құн салығының мөлшерлемесі сараланып белгіленуге тиіс. Үкімет түпкілікті шешімді білікті сарапшылардың, қайталап айтамын, білікті сарапшылар мен кәсіпкерлердің, әлбетте депутаттардың пікіріне құлақ аса отырып, нақты есептеулер негізінде қабылдағаны дұрыс. Бір анығы, Үкіметтің қазіргі ұсынып отырған мөлшерлемесі тым жоғары» деді Президент.
Сарапшылар көзқарасы
ҚҚС ставкасы экономиканың барлық саласына әсер ететіні сөзсіз. ВВС Invest сарапшыларының айтуынша, инфляция міндетті түрде болады. Ол кезде тауар бағасы да өсіп, бар салмақ тұтынушылар қалтасына түспек.
– Үкіметтің ҚҚС-ны 20%-ға көтеру ұсынысын бюджет табысын көбейту тұрғысынан қарағанда ақтауға болады. Бірақ оның бизнес ортаға және тұтынушыларға әсері күмән тудырады. Бір жағынан, әлеуметтік салық пен зейнетақы жарналарын алып тастау бизнеске түсетін жүктемені жеңілдетуі керек. Екінші жағынан, ҚҚС өсуінің салдарынан тұтынушыларға баратын баға да өседі, инфляциялық қысымды күшейтеді. Көрсетілген есепке талдау жасасақ, ҚҚС көтерілсе, инфляция да 4%-ға өсуі мүмкін, – деп жазады сарапшылар.
Ал «Dalatex» ЖШС директоры, кәсіпкер Ділмұхаммед Абызовтың айтуынша, ҚҚС-ның көбеюі шағын және орта бизнестің құлдырауына әкелуі мүмкін. Мұны тек бюджет тапшылығын жойып, экономиканы тығырықтан шығару тәсілі деп қарау қате деген ол кәсіпкерлердің дамуына ыңғайлы әдісті қарастыру қажет дейді.
– Құн салығының көбеюі халықтың әл-ауқатына тікелей әсер ететінін ескерсек, бұл реформа тиімсіз. Егер салықты көбейтсе, тауар қымбаттайды, инфляция шарықтайды, әлеуметтік теңсіздік туындайды. Халықтың әл-ауқаты төмендеген соң орта бизнес өкілдері бәсекеге түсе алмайды. Мысал келтірсем, бір жейденің құны 4000 теңге болса, қазіргі 12 пайыздық қосымша құн салығымен есептегенде тұтынушы оны 4480 теңгеге сатып алады. Бұл жердегі 480 теңгені кәсіпорын салық ретінде мемлекетке төлейді. Демек, қосымша құн салығының көрсеткіші тауар бағасының құбылуына тікелей ықпал етеді. Бұл жерде айналып келгенде күш тұтынушының қалтасына түседі.
Сондықтан ең бірінші халықтың жағдайын ойлауымыз керек. Президентіміз дұрыс айтты, бизнес жүргізіп отырған кәсіпкерлерге кедергі жасамай, олардың дамуына қолайлы жағдай туғыза отырып, тиімді әдіс табу қажет. Сонда ғана біздің экономикамызда алға жылжу болатыны сөзсіз, – дейді кәсіпкер.
Қоғам қайраткері, профессор Мұрат Бақтиярұлы ҚҚС бойынша ойын былай жеткізді.
– Қосылған құн салығы қоғамда үлкен дүрбелең туғызуда. Президент бұл мәселеге қатысты Үкіметке сарапшылармен, кәсіпкерлермен, депутаттармен пікір алыса отырып, ортақ шешім қабылдау керек екендігін баса айтты. Дұрыс қолдаймыз. Мемлекет соңғы үш жылда бюджет шығындарын тым көп көтеріп жіберді, әсіресе әлеуметтік салаға. Мұны экономикалық себептерден гөрі саяси себептерден іздеу керек. Соңғы бес жылдың ішінде бюджет шығысы 2,3 есе, ал бюджет тапшылығы 4 есе өскен. Қуатты экономикасы бар елдерде даму бюджеті 20-25 пайыз болса, бізде небәрі 6 пайыз ғана. Біз тапқанымыздың барлығын экономиканы дамытуға емес, ішіп-жеуге ғана жұмсаймыз. Табысты арттырудың орнына көп шығынданып, пайда бермейтін жобаларға ақша құйып жатырмыз. Бір ғана саладан мысал келтірейікші, елде кейбір салынып жатқан мектептердің құны дамыған мемлекеттерде салынып жатқан мектептерден анағұрлым қымбат. Бізде бір оқушы орнының бағасы 10 млн теңгенің үстіне шығып кеткен. Мысалы, 80 орындық мектеп құрылысының бағасы 1 млрд 200 млн теңге деп бағаланған. Бұл ақылға сыймайтын қайдан алынған баға? Сондықтан да әлі де салынатын «Жайлы мектептердің» қаражатын оңтайландыру керек.
2025 жылғы республикалық бюджет 10 триллион теңге, бұрын-соңды болмаған тапшылықпен қабылданды. Көптеген шығындарды (айлық, зейнетақы, шәкіртақы, әлеуметтік көмектерден басқа) қысқартуға мүмкіндіктер бар. ҚҚС жеке өз басым қолдаймын. Көптеген елдерде бұл 16-25 пайыздың арасында. Бірақ ҚҚС бойынша есепке алу шегін қазіргі 78 миллион теңгеден 15 миллионға түсіруге қарсымын. Бұл кәсіпкерлікті дамытудың орнына, бизнестің көлеңкеге кетуіне не жабылып қалуына әсер ететіні сөзсіз.
Нарықтың кейбір экономикалық заңдылықтарына мемлекет көбірек араласып бара жатқан сияқты. Оны Президент те атап көрсетті. Мысалы, елде 740-тай жұмысшы мамандығын даярлайтын колледждер бар, олардың көпшілігі мемлекет меншігінде және олардың материалдық-техникалық базасы төмен. Ол базаларды жасауға атқарушы орындардың мүмкіндігі жете бермейді. Сол себепті, аудан орталығында орналасқан колледждерді кәсіпкерлерге сенімді басқаруға берсе олар тез арада жөндеп, мықты мамандар даярлауға жол ашар еді. Жалпы дамыған мемлекеттерде оқу, (орта білімнен басқа) спорт, өнер, медицина тек бәсекелестік ортада екенін көріп жүрміз. Оған мемлекет қажетінше тапсырыс береді, сапасын қадағалайды, болды. Бізде осы салаларды ұстап тұруға триллиондаған қаржы бөліп жатамыз. Одан қатты жақсарып бара жатқаны байқала бермейді. Тағы бір үлкен мәселе мемлекеттік мекемелер, әсіресе орталық аппарат шенеуніктерінің саны тым көп екендігі. Былтырғы мәлімет бойынша, елде 90 мыңның үстінде шенеуніктер бар. Елдегі 20 млн 200 адамға шаққанда 220 адамға бір шенеуніктен келеді екен. Бұл басқа мемлекеттермен салыстырғанда тым көп. Қазақстан цифрландыру жағынан көп мемлекеттердің алдына шықтық. Бұл – мақтанатын дүние. Осындай жағдайда мемлекет қызметкерлерінің санын 25 пайызға дейін қысқартуға қалған қызмет көрсетуді цифрлық форматқа шығаруға болады. Қанша қаржы үнемделер еді. Сондықтан да Үкімет осы жағын ескерсе дейміз, – дейді ол.
Экономика ғылымдарының кандидаты Абай Шайнуров көлеңкелі бизнестің алдын алып, кәсіпкерлердің салық төлеуіне жағдай жасап, қосылған құн салығын әртараптандыру керектігін алға тартады.
– Жылдан жылға көлемі ұлғайып бара жатқан бюджет тапшылығы Үкіметті қосылған құн салығын көтеруге итермелеп отыр. Елімізде қосылған құн салығын негізгі төлеушілер – шағын және орта бизнес. Ал олардың сатқан тауары мен көрсеткен қызметіне қосылған ҚҚС-ны тұтынушылар төлейді. Бұл – ең қате шешім. Үкімет бизнестің көлеңкеден шығып, табысын, айналымындағы қаржысын ашық көрсетуге және салық төлеуге ынталандыратын жағдай жасауы керек.
Ұлттық экономика министрінің сөзінше, қазір бизнеске түсетін еңбекақы төлеу қорының жүктемесі 40 пайызға дейін жетіп отыр, бұл жайт тауардың өзіндік құнына әсер етеді. «ҚҚС мөлшерін көтеретін болсақ, жұмыс берушінің әлеуметтік салығы мен міндетті зейнетақы жарналарын алып тастау арқылы жалақы қорына түсетін жүктемесін орташа есеппен 10 пайыздан 30 пайызға дейін төмендетуге дайынбыз. Бюджет бұл шығынды өтей алады» деді ол. Егер үкімет ұсынып отырған жоспар іске асса, онда ҚҚС төлейтіндер қатарына 300 мыңға жуық салық төлеуші жаңадан қосылмақ. Үкімет бюджет-салық реформасының нәтижесінде қазынаға қосымша 6-7 трлн теңге қаржы түседі деп үміт артып отыр.
Қосымша құн салығының 20% немесе 16% өсуі кіші және орта бизнестің дамуына кері әсерін тигізетіні, салық ауыртпашылығы қарапайым тұтынушыға түсетіні, үлкен инфляциялық өсімге әкелетіні сөзсіз. Тауар бағасы өседі, тұтынушының күнкөріс деңгейі нашарлайды. Себебі олардың табысы өсіп жатқан жоқ. Былтыр ең төменгі жалақы мөлшері 85 мың теңге болып белгіленген еді, биыл да сол өзгерген жоқ. Кіші және орта бизнес өкілдерінің бір бөлігі шығындардың артуына байланысты жабылады, ал бір бөлігі көлеңкелі экономикаға өтеді, келесісі салық төлеуден қашу мақсатында бизнесін бірнеше бөлікке майдалайды, Қазақстанның инвестициялық тартымдылығы төмендейді. Жалпы, қосылған құн салығын әртараптандыру керек, – дейді Абай Серікұлы.
Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің қауымдастырылған профессоры, экономист, зерттеуші Қамар Бекетованың айтуынша, салықтық бақылауды автоматтандыру және бизнестегі салық салу жүйесіне деген халықтың сенімін арттыру маңызды.
– Қазақстан мен Ұлыбританияның салық салу ерекшеліктерін айтсам, бізде 12% мөлшерінде бірыңғай ҚҚС мөлшерлемесі қолданылады, бұл халықаралық стандарттар бойынша салыстырмалы түрде төмен. Алайда ҚҚС-ты қайтаруға, әкімшіліктің күрделілігіне және салық ауыртпалығының шағын және орта бизнеске әсеріне қатысты мәселелер пікірталас тақырыбы болып қала береді. Ұлыбританияда ҚҚС-тың стандартты мөлшерлемесі 20%, бірақ тауарлар мен қызметтердің жекелеген санаттары үшін төмендетілген мөлшерлемелер (5%) және ҚҚС-тан босату жүйесі бар, бұл жүйені икемді және бейімделгіш етеді. Сондай-ақ британдық салық жүйесі сәттілігінің негізгі факторларының бірі – цифрландыру мен ашықтықтың болуы. Making Max Digital (MTD) жүйесін енгізу көлеңкелі секторды едәуір қысқартуға, есеп беру процесін жеңілдетуге және қателерді азайтуға мүмкіндік туындатты. Қазақстан да осы бағытта қадамдар жасауда, бірақ қазіргі заманғы IT шешімдерді енгізуді күшейту керек, салықтық бақылауды автоматтандырып, бизнестегі салық салу жүйесіне деген халықтың сенімін арттыру маңызды.
Тағы бір ерекшелік – Ұлыбритания шағын және орта бизнесті, инновациялық компанияларды және «жасыл» энергетика секторын қолдау үшін салықтық жеңілдіктерді белсенді пайдаланады. Қазақстан да мұндай тетіктерді, әсіресе стартаптарды, технологиялық компанияларды және жаңартылатын энергетиканы қолдау контекстінде енгізу мүмкіндігін қарастыра отырып, әлеуметтік маңызы бар тауарлар мен қызметтер үшін төмендетілген ставкаларды енгізу, ҚҚС қайтаруды жеңілдету қажет. Бұл экспортқа бағытталған компаниялар үшін қайтару механизмін жақсарту болып саналады. Цифрландыруды күшейту, оның ішінде салықтарды әкімшілендіру үшін бірыңғай цифрлық платформа құру маңызды. Сондай-ақ кәсіпкерлікті ынталандыру шеңберінде инновациялық салалар мен тұрақты даму үшін салықтық жеңілдіктерді қарастыру керек. Сонда ғана экономикамызда ілгерілеу болады.
Қазақстан маңызды таңдау алдында тұр. Бірі – салық жүйесін одан әрі жаңғырту жолымен жүру немесе ағымдағы үлгіні қалдыру. Ұлыбританияның тәжірибесі көрсеткендей, салықты сауатты реттеу экономиканы өсірудің, инвестиция тартудың және қаржы ағындарының ашықтығын арттырудың қуатты құралы бола алады. Біз ең жақсы халықаралық тәжірибелерді мұқият зерттеп, тиімді және әділ салық жүйесін құру үшін оларды шындыққа бейімдеуіміз керек, – дейді Қ.Бекетова.
Жалпы ВВС Invest сарапшыларының есептеуінше, өткен жылы мемлекеттік бюджеттегі түсімнің 19,7%-ын салық түсімдері құраған. Былтыр мемлекеттік бюджеттің табысы 27,1 трлн теңге болды. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда 2,2 трлн теңгеге немесе 8,9%-ға артық.
Ал агенттік мамандарының талдауына тоқталсақ, 2024 жылы ҚҚС 12% болған кезде бюджетке 5,2 трлн теңге табыс түскен. Егер министрлік ұсынғандай ҚҚС 20%-ға көбейетін болса, қазынаға 8,6 трлн теңге түседі. Бұл жалпы мембюджетке түсетін түсімнің 31,8%-на тең.
Әлемде ҚҚС мөлшері қандай?
Қосымша құн салығының мөлшері әр елдің экономикасына тәуелді. Бүгінде әлемнің 170-тен астам елінде ҚҚС төленеді. Олардың кейбірі төмендетілген мөлшерлеме қолданса, енді бірі салықтан босатылған.
Мәселен, Ресей, Беларусь, Украина, Армения, Түркия, Аустрия, Болгария, Ұлыбритания, Словакия, Германия елдерінде 20%, Тәжікстан мен Үндістанда 18%, Өзбекстан, Филиппинде 12%, Қытайда 13%, Бельгия, Испания, Латвия, Литва, Нидерланд пен Чехияда 21%, Италияда 22%, Польша және Португалияда 23%. ҚҚС ең жоғары мөлшерлемелері Мажарстанда (27%), сондай-ақ Хорватия, Дания және Швецияда (әрқайсысында 25%) белгіленген. 10% ҚҚС Моңғолия мен Вьетнамда қолданылады, ал Таиланд пен Сингапурде бұл мөлшерлеме 7% болса, Малайзияда небәрі 6% екен.
Аустралия, Канада, АҚШ сияқты елдерде ҚҚС жоқ, бірақ сатудан алынатын салық бар.
Жаңа «Салық кодексі» Мәжілісте қаралады
Президент тапсырмасымен Үкімет бұл мәселені қайта қарап, еліміздің салық заңнамасына жаңа түзетулер енгізу, оның ішінде ҚҚС мөлшерлемесін 16%-ға дейін ұлғайту ұсынылды.
Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин ҚҚС мөлшерлемесін салалар бойынша саралау мен 12%-дан 16%-ға дейін ұлғайту, арнаулы салық режимдерін реформалау, ҚҚС бойынша міндетті тіркеу есебіне қою үшін шекті 80 млн теңгеден 15 млн теңгеге дейін төмендету бойынша ұсыныс жасағанын айтты. Сондай-ақ денсаулық сақтау саласы үшін 10% төмендетілген мөлшерлеме ұсынылады.
Ал ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші заңды тұлғалар бюджетке төлеуге тиісті ҚҚС-ның 30%-ын төлемейтін болады. Жалпы жаңа «Салық кодексінің» жобасына түзетулерді осы жылдың 20 ақпанына дейін Мәжіліске енгізу жоспарланып отыр.
Айта кету керек, бұл реформаның саудагерлерге, дүкендерге, мейрамхана бизнесі мен сұлулық салондарына қатысы жоқ.
«Халыққа қызмет көрсететіндер: саудагерлер, үйлерде орналасқан дүкендер, дүңгіршектер, базардағы сауда нүктелері, мейрамханалар және тағысын тағыларға біз қолға алған реформаның ешқандай қатысы жоқ.
Олар бір жылдық жалпы табысының 2,4 млрд теңге көлеміндегі шегімен жұмыс істеп, 4 пайыз қосылған құн салығын төлеп келді. Сонша мөлшерде төлей береді. Олардың тіршілігінде ешқандай өзгеріс болмайды», – деп мәлімдеді Серік Жұманғарин брифингте.
Жалпы қосымша құн салығы – бюджетті толтыратын негізгі көздердің бірі. Қазынадағы қаржының 25 пайызы салықтың осы түрінен түседі.
Жаңа өзгеріс енетін болса, тек қосымша құн салығы мөлшері ғана емес ҚҚС тіркеу шегі де өзгермекші. Қазіргі заңнамаға сәйкес қаржы айналымы 78 млн теңгеден асатын бизнес иелері ғана ҚҚС төлейді. Енді Үкімет ұсынысы қабылданса, айналымы 15 млн теңгеден асатын кәсіпкерлер де қосымша құн салығын төлеуі керек болады.
Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<