Бұл сонау 1948 жыл. Ауылдан қалаға келген кезіміз. Жетіжылдықты бітірген куәлігімізді қолтығымызға қысып, педучилищенің қабылдау бөліміне құжат тапсырдық. Қала ол кезде шағын. Ең үлкен көше Карл Маркс пен Энгельс, Журба, сонан соң Ленин. Әр көшеде су сататын киоскі бар. Қалтамызға тиын түссе, тәтті сусынға жұмсаймыз. Ауыл баласына қала қызық. Сонымен әкеміздің «Балам, мұғалім бол» деген тапсырмасымен Қызылорда педучилищесінің студенті атандық. Лезде бірер курс жүйткіп өте шықты. Ой, не айтасың бір күні оқу орнымыз Түркістанға көшетін болды, оқуды сонда жалғастырдық.
Оқу бітіріп, туған жерге оралдық, мектептерге орналасу қиын болды. Тамыр-таныс жағалап, туған жерім «Қоғалыдағы» мектепке пионер вожатыйлыққа әрең қолым жетті. «Жас Алаш», «Қазақстан пионері» газетіне, жиілетіп «Ленин жолына» мақала жазамын. Бұл да пионер вожатыйлық алпыс сом жалақыға үлкен қосымша болды. Көп ұзамай «ауыл тілшісі» деген куәлік алып, биіктей түстім. «Ленин жолындағы» хат бөлімінің меңгерушісі Ә.Оңалбаев аға жиі ақыл-кеңес беріп, хат жазады. Ауылдан демалыс сайын редакцияға соғуды жиілеттім. Редакция ол кезде Джерзинский көшесіндегі №8 үй. Бір кездегі саудагердің үйі десетін, жалғыз қабатты ағаш үй. Редакцияда Орман, Мәлік, Ахметжан, аудармашы Бұрхан Ысмайылов атты ағалармен таныстық басталды. Жазған дүниелеріме ақыл-кеңес береді. Бұған төбем көкке жеткендей мәз боламын.
Бір күні редакция кеңсесінің алдында тұрғанымда ат арбадан бір кісі түсті. Сәлемдестім.
– Жай жүрсің бе, қалқам? – деді ол кісі жылы шыраймен.
– Ауылдан мақала әкеліп едім.
– Жүр кеңсеге, – деді алға озып.
Бөлмесіне кірдік. Жазған дүниелерімді оқып шықты да Әбдікәрім Оңалбаев ағаға: – Мына баланың жазғандарын әзірле, – деп тапсырма берді.
Бұл редактор Базарбай Сарбасов ағамен алғашқы танысуым еді.
Ол кезде редакторларда қазіргідей машина жоқ. Барар жерлеріндегі жиын-жиналыстарға, бюроға ат арбамен баратын еді.
Ауылға бір бет болып шығатын «Ленин жолы» жиі келеді. Әр санын асыға күтіп, жазған дүниелерім шықса бір көтеріліп қалатын кез. Мектептегі мұғалімдер мені «журналист вожатый» деп атап кетті.
Редактор Базарбай Сарбасов 1946-1949 жыл аралығында газет басшысы болды. Қаламы жүйрік журналист майданға қатысқан, рота командирі болғанын айтқаны бар. Дивизия командирі жас жауынгердің қабілетін, ширақ қимылына риза болып, пистолет сыйлағанын бір әңгімесінде айтқаны естен кетпейді. Сол пистолетті қалтасынан тастамай жүретін-ді.
Газетте егіншілік мәдениеті, ауыл өмірі туралы сын мақала жиі көтерілетін. Бірде қаладағы институтта жемқорлық жайлағаны әңгіме болып, содан редактор Базарбай Сарбасов пен тілші Меңдияр Киікбаев екеуі бірігіп, «Рыбкин бастық, Темірбеков жастық, Сатыбалдиев қапшық» деген фельетон жарияланды. Фельетон үлкен қозғау туғызып, пединституттың үш бірдей бастығы көп ұзамай қызметінен қош айтысқаны бар.
Газеттің ол кездегі материалдық-техникалық базасы жұтаң еді. Барлық жазылған дүние қолмен теріліп, газет баспадан қорғасынға құйылып шығатын. Таңды атырып, аптасына 2 рет шығатын басылым оқырманға арбамен жөнелтіліп жататын-ды.
Газет редакторы Базарбай Сарбасов бар қиындықты жеңе отырып, творчестволық ұйымды іскер кадрлармен нығайта білді. Зайыбы Бәну Жандосова жазықсыз «халық жауы» атанып кеткен Ораз Жандосовтың қарындасы еді. Мұны сылтау еткендер де болды, бірақ адал азаматқа кір келтіре алмаған еді. Ұйымды кәсіби журналистермен нығайтудан жаңылмады. Үш жылға жуық қызмет атқарған қаламы жүйрік журналист өмірінің соңғы жылдарында «Теміржолшы» газетін басқарды.
«Сыр бойы» газетінің 95 жылдығы аясында редактор Базарбай Сарбасов сынды азаматты тағы бір еске алып, тағзым етуді парыз тұттық. Ардагер майдангер журналистің атында қалада көше бар. Еңбек ардагері Д.Шомановтың «Ғибратнама» атты естелік кітабында «Журналист Сарбасов» атты тарау қаламгер өмірінен сыр шертетінін де айта кетейік.
Қайырбек МЫРЗАХМЕТҰЛЫ,
Қазақстанның Құрметті журналисі
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<