Сапалы өнім өзімізде де бар

213

0

Өңірдің өндіріс саласы жылдан жылға қарқын алып келеді. Кейінгі кездері құрылысқа қажетті материалдарды жергілікті кәсіпкерлер де өндіре бастады. Сапасы сырттан келетін тауарлардан кем түспейді, бағасы да қолжетімді. Облыс пен өзге де өңірлерге шығарып жатыр. Кәсіп иелері мемлекет тарапынан қарастырылған жеңілдіктерді де ұтымды пайдалануда.

 Өңірлік коммуникациялар қызметі ұйымдастырған пресс-турда қаладағы өндіріс орындарын аралап, тыныс-тіршілігімен танысып қайттық.

Құрылыс индустриясын дамытуға елеулі үлес қосып жүрген ірі кәсіпорындардың бірі – «КСМ KZ» ЖШС. Сонау 1969 жылы құрылған өндіріс орны талай қиындықты еңсерді. Қазір заманауи құрылғылармен қамтамасыз етіліп, қуаты артып, құрылысқа қажетті өнімдер өндіруде. Нақты айтар болсақ, 200-ден астам темірбетон бұйымын шығарады. Олардың қатарында электр бағана­лары, көпбөлімді жабын, таспалық фундамент тақтасы, қабырға блогы, темірбетон маңдайша, дөңгелек темірбетон шеңбер, су жүретін лоток, жол жиегіндегі тастақта бар. Кәсіпорын материал­дары өңірдегі көпқабатты тұрғын үйлер мен көпірлерге қолданылуда. Сондықтан сұраныс артып келеді. Материалдық-техникалық базасы жылдан жылға нығайып, жаңаруда. Құрылғылардың басым бөлігі Ресейден әкелінген.

Зауытта 1977 жылдан бері еңбек етіп келе жатқан мекеменің өндіріс басшысы Аманбай Жұмабеков былай дейді:

– Биылғы жоспар белгілі болды. Енді соны игеруге күш са­­ламыз. Қазір тап­сы­рысқа сай жұ­мыс істейміз. Шикізат – жер­гі­­лікті өнім. Атап айтар болсақ, қиыр­шық тасты Жаңақорғаннан, құм­ды Тасбөгеттен, цементті Шие­лі­ден алдырамыз. Әр бетон­ның өз мар­касы бар. Зертхана мате­риал­­дардың құрамын тексеріп, талапқа сәй­кестігін анықтайды. Зерттеуден өткен өнім­­нің сертификатын бе­реміз. Әсіресе облыс аумағына электр бағаналарын құйып, қам­тамасыз етіп отырмыз. Бағананың ішіне салынатын арматур Ресейден келеді. Тағы бір өзгешелік, бұрын қол күші басым еді. Қазір бәрін де автоматтандырылған техникаға ал­мастырдық.  Білікті мамандарды даярлау үшін жастарды оқытып, үйре­тудеміз. Қабілеті бар жастар жұмыстың көзін тауып, қатарға қосылуда. Сондай-ақ  өндірісте әйел кісілер де жұмыс істейді. Мына тұрған кран саны – 12. Бәрін де қыз-келіншектер жүргізеді. Әне, темірбетонды көтеріп, жып-жинақы етіп жинауда. Олар да ерлермен иық тіресе, тең дәрежеде жұмыс істейді.

Ішкі нарықты толық қамтып отырған зауыт аймақтағы ірі әрі қуатты құрылыс мекемелерімен тығыз байланысып, өнімін өткізіп отыр. Кәсіпорын алдағы уақытта да өнімділікті арттыруда тың бастамаларын жүзеге асыра бермек.

Мұнан кейін «Садуақасов» ЖК  мекемесінде болдық. 2006 жы­лы құрылған кәсіпкерлік нысан ал­ғашында теміржол тұйығын жал­ға берумен айналысқан. 2014 жылы Ресейдің «Монолит Сер­вис» мекемесінен «Лидер Мастек» вибро­­прес­телген өнімдер шы­ға­ра­тын зауытты өз қаражатына са­­тып алады. 2015 жылдан бері вибро­престелген өнімдерін сау­даға шы­ғарды. Сонымен қатар вибро­столдағы еуробрусчатка өндіруде. Тапсырыстың ұлғаюына бай­ла­нысты 2021 жылы Ресейден авто­маттандырылған «Рифей-Буран» зауы­тын алдырып, іске қосты.

Аумағы 1,8 гектар болатын өн­ді­ріс ор­нында жұмыс қайнап жа­тыр. Дайын брусчат­калар тақ­тай­­дай жиналып тұр. Ал енді бір бө­лігі арнайы кептірілуге жібе­ріл­ген. Брус­чатканың құрамына қа­жетті ши­кізат түрлері молынан жи­­нал­ған. Жұ­­мысшылар тек авто­маттандырылған құрыл­ғыны бас­қару  арқылы қоспаларды қосып, он ми­нуттай араластырып, қалыпқа құю­да. Жұмыстың басым бөлігін тех­­ника атқаратынын аңғардық. Ма­­­ман­дар дайын болған тауарды қап­тайды. 

Сатушы менеджер Айбек Сем­баев кәсіпкерлік нысанды ара­латып, жұмыс­тарымен таныс­тырып шықты.

– Жыл өткен сайын тапсырыс көлемі артып келеді. Қазір түрлі-түсті бурсчатка, тротуар плит­ка­лары, жол, тротуар бордюры және құрылысқа, қоршауға арналған пескоблок шығарамыз. Өнімдердің сапасы өте жоғары, сондықтан болар сұраныс жақсы. Жылына 10 мың тонна қиыршық тас пен 2000 тонна цемент қолданамыз. Цемент пен қиыршық тасты Шиелі ауданынан аламыз. Жуылған құмды Жаңақорғаннан тасымалдаймыз. Ал өзге  қоспаларды Қытайдан әке­леміз. Бұдан бөлек, Ираннан ке­летін цементті тұтынамыз. Оның ерек­шелігі – түсі жақсы, са­па­сы жо­ғары. Бағасы да қымбат. Тап­сырыс өзге өңірлерден де түсіп жа­тады. Оның ішінде көбіне Жез­қаз­ған қаласына жөнелтеміз. Жалпы бұл салада Ресейдің технологиясы сапалы болып тұр. Сонымен қатар тәжірибе алмасу мақсатын­да Шым­к­ент қаласындағы зауыттар жұмы­сын көріп қайттық.

Қазір 30 адамды тұрақты жұ­мыспен қамтып отырмыз. Маман­дар­дың бәрі де – жергілікті тұр­ғын­дар. Өзбекстаннан ар­найы маман­дарды шақыртып, жастарға үйре­­тудеміз. Осы тұрғыда көршілес ел­мен тығыз байланыстамыз. Себебі қалыбын да Ташкенттен алдырамыз.  Көріп тұр­­­ған­дарыңыздай, бәрі де соңғы тех­но­логиямен жабдықталған, – дейді ол.  

Ал «Вега Пром» ЖШС өн­дірістік мекемесі 2014 жылы құ­рылған. Ішкі жұмы­старға арналған құрғақ құрылыс қос­паларын өндірумен айналысады. Нарықта 10 жылдан астам еңбек етіп келеді. Цехта күніне 70 тоннадан астам өнім өндіріледі. Тапсырыс Қарағанды, Ұлытау облыстарынан да түсіп отыр.  15 адам жұмыспен қамтылған.

Мекеме басшысының орын­ба­сары Асылхан Шәмші жергілікті өнімге тосырқай қарайтындар бар екенін айтты. Дегенмен сапасына көз жеткізгеннен кейін тұ­рақты тұтынушыға айналады екен.

– Бізде шикізаттың көбі Қы­тайдан келеді. Себебі басым бөлігі химиялық заттар. Қалғаны отандық шикізат. Цемент, шегеқұм жергілікті кәсіпкерлердікі. Бүгінде 6 түрлі өнім шығарамыз.  Олар – кафель желімінің екі түрі, сәндік сылағы, құймалы еден, гипс жабыны және сылағы. Шүкір, сұраныс артып келеді. Тапсырысқа сай жұмыс істейміз. Қыс айында ғана жұмыс уақытша тоқтайды. Өнімдеріміз қа­ладан бөлек аудандарға да жібе­рілуде. Облыс төңірегінде тұрақты тапсырыс берушілер қатарында «НК Құрылыс», «Дәнекер», «СМП-Қызылорда», «Сәт-Сервис», «Ин­те­­грострой», «Абусер», «Нұр­тех­­сервис» серіктестіктері және  жер­­гілікті базарлар мен құрылыс дү­кендері бар. Тиянақты істің арқа­сында жұмыс жанданып келеді. Әлі де жоспарлар көп, –дейді ол.

Байқағанымыз, кәсіпкерлер ба­рынша озық технологияларды пай­­­­да­­­ланып, өнімін сапалы шы­ға­руда. Қаншама адамды жұ­мыс­пен қамтыған. Олар құрылыс ма­те­р­иалдарын өзге де өңірлерге өт­кізіп, табысын еселеуді көз­дейді. Шаруасын кеңейтіп, жер­гі­­лікті өнімге деген оң көзқарас қа­лыптастыруды қалайды. Бір жа­ғынан өңір өндірісі өркен жайса, екінші жағынан өзгенің тауарын тұтынуды қояр едік. Енді үй салуға қажетті құрылыс заттарын іздеген кезде тек өз өнімімізді тұтынатын күн алыс емес екеніне көз жеткізіп қайттық.

Сара АДАЙБАЕВА,

«Сыр бойы»