Шекарада «ши» шыққан күн

85

0

Сурет ашық дереккөзден

Менің шекарадан шығып ең көп барған жерім де, өзімді өте жайлы сезінетін, қаншама ақ жүрек, ақ қалпақ достарым құшақ жайып қарсы алатын елім де осы – қырғыз.

Алғаш, 2016 жылы Айбек Қалиев ағама ілесіп «Қырчын» деген жайлаудағы «Көшпенділер ойынына» қонақ болып барып, халықаралық айтыстан бас бәйге алып қайтып едім, содан бері егіз елдің еркесіне айналдық.

Бір жолы қызық болды. Мен жалпы құжат атаулыға салақтау адаммын. Жылда тамыз айының 30-31-не, қырғыз елінің тәуелсіздік күніне орай Бішкекке айтысқа баратын әдетімізбен сол жылы да шекараға жеттік. Жеткен кезде білдім, жеке куәлігімнің ортасы жарылып, сынайын деп тұр екен. Соны байқатпайын деп жайлап сыртын қаптап, амалдап  жатқанда ақыры екіге бөліп алдым. Сонда да қоймай сыртына бір қорап тауып, сынған жерінің сызығын білдірмеуге тырысып өзіміздің шекарадағы жігіттердің алдына келдік.

– Сыртындағы қорапты алыңыз, – деді бекеттің бір қызметкері.

– Оны алсам «қылмысым» ашылып қалайын деп тұр ғой, алмаймын, – деп күлдім. Ана жігіт сыртынан қарап-ақ куәліктің мүшкіл жағдайын түсініп, үндемей тарс еткізіп басатынын басып берді де:

– Сізді танып тұрмыз, бір жолға жіберейік, бірақ қырғыз тарапы жібермейді-ау. Не болса да барып көріңіз, –  деді біз жақтың жігіті. 

Не десе де бізде таңдау жоқ, бүкіл ел арғы бетте күтіп отыр, жарнамамыз жасалып қойған, қарсы алмақ болған қырғыз ақындары шекарада тұр, артқа оңайлықпен қайтатын жағдайда емеспіз. «Тақия тастамақ ойнаса, таздың арты қыпылдар» дегендей, қырғыз шекарасына жақындаған сайын қыпылдап келе жатырмын. Айналама қарасам, жеке куәлігі сынбаған адамның бәрі бақытты сияқты көріне ме, біртүрлі енді. Амал жоқ, ілбіп, қасымдағы ақындармен бірге өтіп кетейін деп құжатымды бақылау бекетіндегі жігітке ұсындым. Байқамай қалса екен деп бетіне күле қарап барынша «бейкүнә» болып көрінгенімнен түк шықпады. Сыртын ашып, сынған сызығын көрсетіп, мұндай құжаттың мемлекетаралық шекараға жарамайтынын айтып түсіндірді. Иінім салбырап, амал жоқ артқа жылжыдым. Бір кезде қулыққа қайта басып, екінші жағынан өтіп көрмекке тағы бір талпындым. Ол жердегі кеденші де сол сөзді айтты. Ендігі үмітім үшінші бекетте. Оғанжақындай бергенімде ол жердегі адам шығып кетті де,құдды мені аңдып жүргендей-ақ орнына бағанағы бірінші бекеттегі жігіт келіп отырды. Отырды да маған қарап, ашулана сөйледі:

– Сіз енді айналып келе берсеңіз, өмір бойы бұл елге кіре алмайтын қылып, қара тізімге енгізіп жібереміз. Түсіндіріп айттық қой, неге қайта-қайта келе бересіз, – деп онсыз да өлеусіреп тұрған соңғы үміттің шырағын өшіріп тынды.

Содан кері шығып, екі ортада санам санға, ойым онға бөлініп отырдым, басымды ұстап. Ақындардың бәрі өтіп алған, бір сағат болды мені күтіп тұрғандарына. Асылбек Маратов деген қырғыздың ақыны тызақтап маған телефон шала береді.

– Қазақтар жіберді, қырғыздар жібермей тұр, мен не істейін енді, – деп қоямын. Солай десем, намыстанып бір амалын табатын шығар дегенім бе, қайдам. Шекарада бұл басың құжатың болмаса соқа бас боп сорайып қалады екен. Төлқұжатым емес, төбемнен біреу ұрып қақ бөлгендей. Босқын күйіне түсіп, босағада отырмын. Бір кезде қайдан тап бола кеткенін білмеймін, аяғынан аузы жылдам, сусылдап тұрған бір жігіт келе қалды.

– Аға, бағанадан байқап тұрмын, ұзақ отырып қалдыңыз, не мәселе, неге өтпей тұрсыз? – деді бастырмалатып. Сол сәтте топан суға тұншығып бара жатып қайық мінген қайырымды адамға жолыққандай болдым. Қалбалақтап бар жағдайымды айтып жатырмын.

– Шешілмейтін түйін жоқ, қазір мен бастығына кіремін, осы жерде күте тұрыңыз, – деп, сөзіне құрғақ қасық пен ауыз туралы мақалды да қыстырып, қалтамдағы аз-маз ақшамды салып алып бекет ішіне кіріп кетті. «Шешілсе болар, тәуекел, «айыр көмей болса да, дауға салма малсызды» деген, айналайын, шала танитын адам үшін осындай тәуекелге барып жатсаң, рахмет саған, өс, өркенде», – деп бата, тілегімді жаудырып қала бердім. Сол отырғаннан тапжылмай төрт сағат отырдым. «Келісімге келе алмай мен үшін жапа шегіп қалмаса болар еді» деп бейтаныс жігітті уайымдай бастадым.

Бір уақытта Асылбек хабарласты. Менің орныма ақын іздемесе болмайтынын айтты. Тәуекел етіп тағы бір сағат отырдым. Бес сағат отырып, бел талып, енді кері қайтуға бекінгенім сол еді, біртүрлі аяғым артқа тартпай, алдымда тұрған ғимаратқа кіріп, жан-жағыма қарай бастадым. Сәл жүргеннен соң анықтап қарасам, тура алдымда  сол жерге жауапты басшының бөлмесі тұр екен. Есігін тартып көрсем, төрде бір кісі бір өзі отыр. Ыңғайсыздансам да кіріп бардым.

– Айта беріңіз, кімсіз? – деді жартылай орысша, әскери қатқыл үнмен. Менде шегінетін жол жоқ, ақыры қайтатын болған соң айтарымды айтып кетейін деген ой келді.

– Босағада тұра беремін бе, жоғары, төрге  шық деп айтпайсыз ба? – дедім.

Ана кісі түсінбедім дегендей көзқараспен:

– Сізге не керек? – деді.

– Біздің елде келген қонақты босағаға отырғызып қоймайды. Қонақтың атын, бұйымтайын қой сойып, қонаға, сыбағасын жеп болғанша сұрамайтын дәстүр бар. Біз біртуған халықпыз, менің білімімше бұл дәстүр сіздерде де сақталған, бірақ мен ол дәстүрді бұл жерден байқай алмадым. Менің осы босағада отырғаныма алты сағат болды, бар кінәм жеке куәлігімнің сынғаны. Құжатымызға сызық түскенімен, екі елдің ортасына сызат түскен жоқ еді ғой. Оның үстіне мен бір басқан ізін құйрығымен көміп кететін қу түлкі емеспін, ертең мың қаралы халықтың алдына шығайын деп тұрған айтыскер ақынмын. Міне, мына жерде екінші тұрған менмін, – деп телефонымдағы айтыстың жарнамасында тұрған суретімді көрсетіп барып бір-ақ тоқтадым.

Қоңтайшының алдындағы Қазыбек бабамыз сияқты дауысым тым қаңқылдап шықса керек, ана кісі айтқанымды толық қорыта алмаса да біраз әңгімені түсінген сияқты. Сәл үндемей қалды да:

– Сіз қашан қайтасыз? – деді жұмсарып.

– Бармаған жерден қалай қайтамын, – дедім мен, әлі басылмаған екпінмен. Енді мендегі ыңғайсыздық ол кісіге көшкен сияқты.

– Біздің қызметкерлерге ренжімеңіз, олар бар болғаны өз міндетін атқарып тұр. Шекараның өз талабы мен заңы бар. Оны бұзуға болмайды. Бірақ шынымен біздің ел ертең сіздерді күтіп отырса, мен жолын қарастырып көмектесейін, қайтатын кезде де өзіме хабарласыңыз. Мен сәл орысша тәрбие алып өстім, бірақ қырғыз елі келген қонақты ешқашан құрметсіз қалдырмайды, қазір сізді қонақүйіңізге дейін жеткізіп саламыз, жолыңыз болсын, – деді. Сол кезде еркінсіп, есіме бағанағы інім түсті:

– Сізге бағана да бір жігіт келген болу керек, мына қазақтарға не болды бірінен соң бірі келіп деп ренжімеңіз, жағдай солай болып қалды, – деп едім:

– Маған ешкім кіріп, ештеңе айтқан жоқ, ол кім еді? – деді.

Сүйтсем алаяққа ақшамды алдырғаным өз алдына, «өс, өркенде» деп бата-тілегімді жаудырып жіберіппін ғой.

Содан не керек, аман-есен үйірімізге түнделетіп қосылып, шұрқырасып кеттік қой. Менің айтайын дегенім, әрине мемлекеттің заңы, конституция талаптары кез келген елде бірінші, қатал сақталуы керек. Бірақ кейде бір адамның бір елге айналып кететін кездері болады. Өзіңде жоқ болса да еліңде бар жақсы қасиеттерді әсіресе шекарадан шыққанда көбірек көрсетіп жүруге тырысқан абзал. Тұтас халқыңды сенің ғана болмысыңмен бағалайтын сәттер болуы мүмкін, сондай сәттерде сыр беріп алмағанға не жетсін. Ауылдан ұзадық деп ауызы құрғамайтын, шекарадан шыға шектен шығатын талай жігіттерді көріп, байқап жүрміз. Оның жеке басын ешкім танымауы мүмкін, бірақ ол өз ұлтын, елін сол сәттегі қылығы арқылы аз уақытта оп-оңай әшкерелей салады. Жоғарыдағы мен айтқан шекара бастығы да қанша жерден орысша оқыған әскери адам болса да, құжатым шекарадан өту талаптарына толық сай келмесе де, өз елінің дарқандығы мен қонақжай дәстүріне сөз келтіріп алмайын деп тәуекелге барғандай. Оның үстіне көшпенді елдердің ортақ қалыптасқан дала заңы бар. Оны сана заңы деп те атауға болады. Ол заң құжатқа бекіп қол қойылмаса да, миға мөрленіп, жадқа жазылады. Толық гуммандық идеяларға негізделеді, мемлекет заңының бірде-бір тармағына қарсы келмейді, керісінше қуаттай түседі. Біздің шекарадағы ағамыз бір жағы бейсаналы түрде соған сүйенсе керек. Ертесіне  сол кісі арқылы тұтас халыққа сахнадан алғыс айттық.

Екі ортамыз тау болса да жау болмасын. Бауырлас бәйкелеріміз жасай берсін дедік.

Мұқтар НИЯЗОВ,

айтыскер ақын,

үш дүркін «Алтын домбыра» сыйлығының,

бірнеше мәрте халықаралық айтыстардың бас жүлде иегері

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<