Шираған шаруаның шынайы келбеті

533

0

2013 жылы құрылған «Қызылорда автобус паркі» ЖШС қызметі қазір  жергілікті тұрғындар көңілінен шығып отыр. Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қолдауымен серіктестікке «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ арқылы лизингке жаңадан 150 автобус жеткізілді. Өткен жылға дейін серіктестік 5 бағыт бойынша жолаушылар тасымалын жүзеге асырған еді. Биыл олардың саны 20 бағытты құрап отыр.

Қазіргі таңда қалаішілік бағытта күнделікті 200 автобус жолға шығады. Олардың қатынау интервалы 12-15 минутты шамалайды. Сондай-ақ бұрын қолданыста болған үлкен сыйымдылықтағы 15 автобус қайтадан күрделі жөндеуден өткізіліп, қосымша бағыттарға қосылды. Бәрін айт та бірін айт, тап қазіргідей қара суығымен сынап тұрған сәтте қоғамдық көліктің жайлы қызмет көрсетуі бұрын-соңды болмаған игілік десек болады.

– Жергілікті тұрғындар мен қала қонақтарына сапалы қызмет көрсету – негізгі мақсатымыз. Биыл қосымша үлкен сыйымдылықтағы 150 автобус сатып алу жоспарланды. Оған облыс әкімі қолдау білдіріп, «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ арқылы лизингке жаңа автобус алу ұйғарылды. Бұл ұсынысқа облыстық және қалалық мәслихат депутаттары қолдау көрсетті.  Оның ішінде алғашқы 50 автобус жұмысқа қосылса, қалғаны алдағы уақытта қалаға жеткізіледі. Серіктестіктің стратегиялық жоспарында қалаішілік жолаушылар тасымалының барлық бағытын қамту енгізілген, – дейді «Қызылорда автобус паркі» ЖШС директоры Мақсат Жүсіп.

2017 жылдың наурыз айында қолданысқа берілген автобус паркінің ғимараты толық талапқа сай. Оның жалпы көлемі 5 гектарға жуықтайды. Әкімшілік ғимарат, автобус жөндеу цехтары, газ құю бекеті және көлік жуу орны орналасқан. Бұл орындар үш ауысыммен тәулік бойына жұмыс жасайды.

Жылдан жылға мұнда қоғамдық көлік саны еселеп артып келеді. Нәтижесінде серіктестіктің штаттық бірлігі 507 адамға жетті. Оның ішінде 338-ін автобус жүргізушілері құрайды. Оларға айлық мөлшері 1 сағатқа 1300 теңгеден бекітілген. Жүргізушілер екі күн жұмыс жасап, екі күн демалады.

– Автобус жүргізуші мамандар тапшы екенін жасыра алмаймыз. Бізде жолаушыларды тасымалдауды қамтамасыз етуге қойылатын кәсіби талап қатаң сақталады. Талапқа сәйкес қоғамдық көлікті басқаруға 25 жасқа толған, кемінде 5 жыл жүргізуші жұмыс өтілі бар, D санатына жатқызылатын жүргізушілер қабылданады. Бұл – Қазақстанға тән жағдай. Еліміздің автокөлік одағының басшысы оны шешу үшін автобус жүргізушілерінің мәртебесін көтеру жөнінде ұсыныс айтқан еді. Мәселен, елімізде сегіз мыңға жуық қоғамдық көлік жүргізушісі тапшы екені айтылады. Серіктестікте оларды ынталандыру мақсатында ай сайын қорытынды шығарылады. Атап айтқанда, жол жүру ережесін бұзбай, автобустың ішкі және сыртқы тазалығын жоғары деңгейде сақтап жүрген жүргізушілерге ақшалай бонус берілуде, – дейді серіктестік директоры.

Жаңадан ашылатын бағыттар бойынша автомобиль жолдары мен көшелердің техникалық жағдайына комиссиялық тексеру жұмыстары жүргізіледі. Оның құрамында Қызылорда қаласы әкімдігі, қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің мамандары, Қызылорда қалалық полиция басқармасы әкімшілік полициясының қызметкерлері және «Қызылорда» автобус паркі» ЖШС қызметкерлері бар. Сол арқылы жол сапасын жақсарту мен тиісті жол белгісін орнату жөнінде мекемелерге ұсыныстар жолданып отыр.

– Цифрландыру – қазіргі заман талабы. Бүгінгі таңда мекеме «Alempay» ЖШС-мен жасалған келісімге сәйкес, жолақыны төлеу ұялы байланыс операторының көрсетілген қызметтері немесе электрондық жол жүру картасы арқылы жүзеге асады. Сараланған тариф 2021 жылдың қаңтар айынан электронды түрде төлем 85 теңге, қолма-қол төлем 90 теңге болып бекітілген еді.  Биыл қалалық мәслихат отырысында «Қызылорда» автобус паркі» ЖШС-на қарасты қоғамдық көлік бағыттарында қолма-қол төлемді 130 теңгеге көтеруге ұсыныс беріліп, қолдау тапты. Электронды түрде төлемақысы бұрынғыша қала береді. Ал сараланған тариф 9 қыркүйектен бастап іске қосылды. Бұл өз кезегінде жолаушылардың электронды түрде төлем жасауын арттырады. Ол – көлеңкелі кәсіптің алдын алудың бірден-бір жолы. Жаңашыл жоба қоғамдық тасымалдауда ыңғайлы, қаржы ағынының ашықтығын қамтамасыз етеді. Сондай-ақ автопарктің кірісін арттырып, жолаушы тасымалдауда мәдениеттілікті қалыптастырып келеді, – деді Мақсат Жүсіп.

Айта кетсек, электронды және қолма-қол төлемақы өзге өңірлермен салыстырғанда қарайлас. Электронды түрде төлем жасаудың SMS, QR код, ұялы қосымша, көлік және банктік карталарды қолданатын ұялы байланыс операторлары арқылы 8 түрі ұсынылған. Серіктестікке қарасты қоғамдық көліктер 2GIS, Яндекс GO және Яндекс Карта ұялы қосымшасына тіркелген. Өз кезегінде жолаушылардың баратын жеріне қосымша арқылы бағдарлы автобустардың қай бағытта,  қандай уақытта жүретінін көру мүмкіндігі жасалған. Мекеменің барлық автобусына автоинформатор орнатылып, автоматты түрде аялдамаларды хабарлау қызметі жұмыс жасауда. Оған қоса серіктестік Call-орталық қызметін іске қосты. жолаушылар телефон соғу арқылы автобустардың қай бағытта келе жатқаны жөнінде анықтама ала алады.

Аталған жүйе арқылы жолаушыларға автоматты түрде аялдама атауын, қалта ұрлығынан сақ болуын, жол жүру билетін талап ету қажеттігі хабарланады. Арнайы навигация жүйесі ескертулерді толығымен автоматтандыруға мүмкіндік береді, яғни, жүргізуші көлік жүргізу барысында алаңдамайды.

Сондай-ақ серіктестік «KitapAl» кітап дүкенімен бірлесе отырып, халықты көркем әдебиет оқуға баулу үшін автобустарда алғаш рет жылжымалы электронды кітапханасын іске қосты. Кітап оқу үшін жолаушылардың смартфоны ғаламтор желісіне қосулы болса жетіп жатыр. QR кітаптар 20 бағыт бойынша жолаушыларды тасымалдайтын автобус салондарында қолжетімді. Олардың қатарында қазақ, шетел классиктерінің және психологиялық, тұлғалық даму бағытындағы шығармалар бар.

– Биыл «Қызылорда» автобус паркіне» 10 жыл толып отыр. Он жылдық межеде көптеген жұмыс атқарылды. Айтулы датаға орай жыл соңында жақсы қызметі үшін «Үлгілі жүргізуші», «Елеулі үлесі үшін», «Креативті жүргізуші», «Шебер жүргізуші», «Жол қауіпсіздігі қозғалысының үздігі», «Таза автобус» және «Жыл жүргізушісі» номинацияларымен марапатталады. Айта кетерлігі, қызметкерлердің құқығы мен мүддесін қорғау, жұмыс жағдайын жақсарту, әлеуметтік кепілдіктерді қамтамасыз ету үшін кәсіподақ комитеті құрылған. Кәсіподақ белсенділері қызметкерлер мен жұмыс беруші тараптың еңбекке байланысты арақатынасын реттейтін заңды және тәуелсіз тұлға болып саналады. Әлеуметтік кепілдіктер арқылы көзделген келісімдер мен ұжымдық шарттар жасалды. Олардың орындалуы қатаң қадағалануда, – дейді серіктестік директоры.

Кәсіподақ тарапынан қызметкерлерді ынталандыру мақсатында мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылады. Алдағы уақытта қызметкерлерді шипажайға және балаларын тынығу лагеріне жіберу жұмыстары жалғасады. Сондай-ақ серіктестік жұмысшылары әртүрлі қайырымдылық акциясына қатысып, тұрмысы төмен отбасыларға материалдық көмек көрсетуде.

Шындығын айтқанда, бүгінде облыс орталығындағы қоғамдық көлік мәселесі түбегейлі шешіле бастады. Бұл – әрине, елеулі жетістіктің бірі.

Әділжан ҮМБЕТ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<