Жақында жерлесіміз, жазушы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Шымкентбай Жылмағанбетовтің «Май шамның жарығы» атты жаңа кітабы «Формат-Принт» баспасынан жарыққа шықты.
«Май шамның жарығы» повесіне ауыл өмірінің Ұлы Отан соғысы жылдарындағы ауыр кезеңі арқау болған. Барлық оқиға қазақ әйелі бауырына басқан жетім баланың сөзімен баяндалады. Оның басынан өткізген тауқыметі, ауыл адамдарының таңның атысынан күннің батысына дейін Отан үшін, Жеңіс үшін деп аянбай еңбек еткені, бауырмалдығы, адамгершілігі, еріксіз қашқын атанғандардың сыры, НКВД, милиция қызметкерлерінің дөрекілігі, ауылдан шыққан партизан қыздың ерлігі қарапайым тілмен нанымды суреттеледі.
«Ер», «Сәйгүліктің ажалы», «Меңді қыз» деген әңгімелерінің де оқиғалары тартымды. Оқырманын қызықтырып, тез баурап алады.
Кітаптың беташарында автор: «Бұл еңбегімді Ұлы Отан соғысында қаза тапқан және хабар-ошарсыз кеткен жауынгерлер мен елде, тылда уақытпен санаспай, аянбай еңбек еткен арда аналардың рухына арнаймын» деп кейінгі ұрпақтың асыл парызын білдірген.
Кітаптың жастарды патриоттық рухта, Отанды, туған жерді сүюге тәрбиелеуде маңызы зор болмақ.
«СБ» ақпарат





