«Сүйекті сүйекпен емдейді…»

489

0

сурет ашық дереккөзден

Атақты философ, ойшыл  әл Фараби: «Егер ұлттың өзінің тарихи тағамы жоғалатын болса, ол ұлт ауруға ұшырайды» деген екен. Расында бұл сөздің жаны бар. Кейінгі кезде түрлі аурулардың өршуі, артық салмақ қосушылардың көбейгені дәрігерлердің дабыл қағуына жеткізді. Ал ұлттық тағамдарымыздың құнарлығы мен сіңімділігіне жетер ештеңе жоқ.

Халқымыз ежелден ұн, сүт, ет өнімдерінен ұлттық тағамның түр-түрін әзірлеп, қазақтың брендіне айналдырды. Олардың қатарында бауырсақ, жент, майсөк, құрт, ет, қазы-қарта, шұбат, қымыз, тағы басқа өнімдер бар. Қайбір тағам түрін алсаңыз да, оның дайындалуы мен қонаққа ұсынуының өзі тұнып тұрған филофия. Мәселен, етті баптап асуы мен оны табаққа жіліктеп салудың тәрбиелік мәні зор. Сыйлы қонаққа қойдың басын тартудың да тәртібі бар. Өйткені, басты дүниенің, жаратылыстың бастаушы күші деген наным-сенімге байланысты жасы үлкен, мәртебелі қонаққа ұсынған. Қазақ арасында қой басының құйқасын тілуді қасқалдақтау деп те атайды. Бас тартқанда оң жақ құлағын кесіп алып, оны үйдің кішкене баласына береді. Бұл – ырысым-несібем өз үйімде қалсын деп ырымдағаны. Кәделі табақ ұсынылғанда қазақ оның тұмсық тұсын төрге, шүйдесін есікке қаратып әкелген. Бұл туралы атақты Бауыржан Момышұлының келіні Зейнеп Ахметованың айтқан әдемі естелігі ойға оралып тұр. Келінінің жайған дастарқанынан қонақтардың көңілі толғанын айтып, оларға ұмыт болған тағамдарды ұсынғанына ризашылығын білдіреді. Бірақ соның барлығын келіні жіберген төрт қателіктің жуып жібергенін айтып, себебін түсіндіреді. Сонда Б.Момышұлы былай депті:

– Біріншіден, есі дұрыс қазақтың әйелі қонаққа бас көтеріп кірмейді. Жаман-жақсы болсын, басиең аман. Екінші қателігің – басты шүйде жағымен әкелгенің. Қой шүйдесімен емес, тұмсығымен алға жүреді. Үшінші қателігің – қойдың тісін қақпай әкелгенің. Бұл – ең алдымен тазалық. Шөп жейтін, жем жейтін мал ғой. Содан кейін мұның екінші мағынасы бар. Қазір ұмытылған, көнекөздер болмаса, көпшілік біле бермейтін жағын айтайын. Қазақтар талай нәрсені ым, тұспал, ишара арқылы білдірген текті халық. Соның бірі – осы қағылмаған тіске байланысты. Сыйласып жүрген екі адамның біреуі әлденеге ренжіп, бірақ соны айта алмай жүрсе, тісі қағылмаған басты қояды. Сонда бас ұстаған адам «Ә, мынаның ішінде маған деген бір қыжылы бар екен ғой» деп бірден түсінген, – депті.

Ішсең сусын, жесең ет, кисең киім болған төрт түлікті халқымыз барынша тиімді кәдеге жарата білгеніне таңғаласың. Қазір оның терісі түгілі, ішек-қарнын да пайдаға асырмай, құрбан шалғанда талай рәсуа етіп далаға тастағандарды көріп жүрміз. Обал-сауаптың не екенін ұқпайтын кейінгі ұрпақты көріп ішің ашиды.

Сонымен ұлттық тағамға бүгінде қаншалықты мән беріп жүрміз дегенге келейік. Күнделікті ас мәзіріміз қандай? Әрине, бәрі де тұрмыс деңгейіне байланысты. Етке әуес қазақтың кейбірі қазір тауықтың сирағын талғажау етіп жүргені жасырын емес. Құрт-май, ірімшікті күнделікті тұтыну қалтаға кәдімгідей салмақ. Өйткені бағасы қымбат. Айталық бір келі  құрттың бағасы 4500-5000 теңге болса, ірімшіктің келісі 3800 теңгеден басталады. Қазының келісі 3500 теңгеден. Қарап отырсақ, қазір ақшаға сатып алып отырған ұлттық тағамның барлығы бұрын әр үйдің дастарқанынан табылған. 

Дегенмен ұлттық тағам түрлерін қолдан әзірлеп, оны кәсіп көзі еткендер баршылық. Мәселен, өңірге белгілі  «Дәстүр», «Ақ жайлау», «Балқаймақ» «Ұлттық дәм» секілді дүкендер желісінің көбеюі көңіл қуантады. Осы ретте біз әлеуметтік желі арқылы өзінің ұлттық тағамдарын сататын Айнұр Ермахановамен тілдескен едік.

Халқымыздың ұлттық тағамдарына тең келер ас жоқ. Ұмыт болған дәстүрімізді қолға алып, оны насихаттап, дәріптеп жүргеніме қуанамын. Қазағымыздың қай тағамын алып қарасаңыз, оның пайдасы көп. Біз көбіне, балқаймақ, мәйек ірімшік, қолдың сарымайы, ұлтабар, өрметас, қимай, өкпесүт, әсіптің түрлерін, үлпіршек, қарын бүрме, сырбаз, сірне дегендерді бір малды сойып, осыншама өнім шығарамыз. Бас сирағынан бастап бүкіл ішек өңделеді. Расын айтқанда, бүгінде тағамның құнарлылығынан гөрі, оның бағасына қарап тамақтанатын болдық. Сондықтан мұндай тағамдарды тек тапсырыспен жасаймыз. Бір ғана мәйектің өзінен қызыл ірімшік, брынза, сары суынан тіскебасар, жент, майсөк жасауға болады. Қазір неге адамдар арасында ауру түрі көп. Өйткені сапалы, құнарлы тамақтанбаймыз. Малдың ішек-қарнының өзі қаншама ауруға ем екенін ұмыттық. Түйенің ысталған өркеші – балалардағы қазір көп кездесетін ішек-құрт ауруына таптырмас ем. Үлкен кісілерге арналған 24 сағат бойы қайнатылған сорпаның түр-түрін жасаймыз. Бұл буын ауруларына пайдалы сусын. Бұрындары апам «Сүйекті сүйекпен емдейді, жүректі – жүрекпен» дейтін. Сонда жілік кеміріп, сорпасын ішудің денсаулыққа тигізер пайдасын айтқан екен, – дейді кәсіпкер.

Мұның астарында үлкен мән бар.

Айсәуле ҚАРАПАЕВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<