«Теміржол темірдей тәртіпке баулыды»

289

0

Биыл «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында еңбегімен елге сыйлы болған азаматтар жайлы материалдар жариялап, олардың өнегелі ісін көпке үлгі еттік. Солардың қатарында нәзік жанды болса да теміржол саласында 15 жылдан астам уақыт еңбек етіп келе жатқан Айгерім Қалменова бар.

Ол Қармақшы ауданының тумасы. Мектепті ойдағыдай бітірген соң, колледжге түсті. Теміржолшы мамандығын таңдады. Білімін жетілдіру үшін жоғары оқу орнында оқыды. Алғашқы еңбек жо­лын «Қамқор» локомотив де­посынан бастады. Жұмысқа орналасқан кезде кішкентай қыздың талабына күмәнмен қарағандар болды. Бірақ бұл мамандық оның жан қалауы еді.

– Маған мамандық таң­дау­дан тағы бір мүмкіндік берілсе, бұл салаға қайта ке­­лер едім. Өйткені бала күн­­гі арманым. Осы кез­ге дейін вагон жөндеу де­по­сын­да, «Марал-Нұр» меке­ме­­сінде және өзге де жұмыс орындарында істедім. Біраз тәжірибе жинап, білікті ма­ман атандым. Қазір «QZ-VRD» теміржол мекемесінде де­фектоскопист қызметін ат­қарамын. Ол – вагон дөңге­лек­терінің сапасына жауап беретін маман, – дейді ол.

Айгерім өте еңбекқор, ісі­не тиянақты. Өзіне артыл­ған жауапкершілікті тыңғы­лықты орындайды. Жұмыс кезінде үнемі ізденіп жүреді. Білім алу әркез артық етпейді деген ұстанымы да бар.  Қызметте жүріп, Қарағанды қаласында дефектоскопист мамандығы бойынша оқыды. Ол жолаушылар вагонының дөңгелек жарықшаларын те­к­середі. Арнайы Уд4-76, 211,5, МД 12-ПШ, МД12-ПС дефектоскоп құрылғы­лары­мен жұмыс істейді.

– Жұмыстың жеңілі жоқ. Бірақ өзіме ұнаған іс бол­ған­нан кейін қиын емес. Жарық­ша­ларды тексеру кезінде бар­лық ақпарат алынып, оны ком­пьютерге енгізіп, нәти­же­сін шығарамын. Сол бойын­ша тиісті мамандар жөндеу жұ­мыстарын жүргізеді. Жұмы­сым өте жауапты. Себе­бі жо­лаушылар вагоны болған­дық­тан оған қаншама халық мінеді. Сол үшін қауіпсіздікті алдыңғы орынға қоямыз. Дөң­гелек жұптарын жөндеу це­хында күнделікті қызу жұ­мыс жүреді. Әр адам өз ісінің біл­гірі. Теміржолдағы әр вагон өздігінен жүре бер­мейді. Оның артында қан­шама еңбек жатыр. По­йыз­дар белгілі бір уақытта жөн­деуден өтіп тұру керек. Уақыты келгендері осын­да жеткізіліп, толық тексе­ру­ден, жөндеуден өтеді. Міне, осы жұмыстарды біз секілді қара­пайым адамдар атқарады. Сон­дықтан теміржол бізді темірдей тәртіпке үйретті, – дейді ол.

Жалпы, бұл саланы таң­дай­тын қыз-келіншектер аз. Қыз баланың табиғатына келе бер­мейтін мамандық екені де бел­гілі. Бірақ бойында қайсар мінезі мен жігері басымдар қадам басып жатады. Айгерім де солардың бірі. Ол кейінгі кезде өзінің білген-түйгенін жас мамандарға үйретіп, бау­лып жүр. Жолдасы да те­міржолда еңбек етеді. Үнемі қолдау білдіріп отырады. Қа­зір отбасында төрт баланы тәрбиелеп отырған аяулы ана келекшекте бейнеттің зей­не­тін көрсем деген тілегі бар. Сон­дай-ақ ол теміржол сала­сында  еңбек еткенін  мақтан тұтады. 

Иә, теміржол тіршіліктің күретамыры іспетті. Ал оның жұмысын жетілдіру, жан­­дан­дыруда шойын жолда шың­­далған Айгерім сынды білікті мамандардың еңбегі жатыр.

Сара АДАЙБАЕВА,

«Сыр бойы»