Тіршілігі түрленген су торабы

563

0

Судың да «қара алтындай» құны бар. Сол үшін мемлекет су шаруашылығында ерекше саясат ұстанады. Тарихы терең «Қазалы су торабы» – өткен ғасырдан бері жұмыс істеп тұрған іргелі өндірістік учаске. Дәуірінде бұл нысанның құрылысын салуға тікелей араласқан Қазақстанның еңбек сіңірген гидротехнигі Әбубәкір Тыныбаев болатын. 2000 жылдан бастап су торабы оның есімімен аталады.

Өткен ғасырдың 60-жылдары Қазалы мен Аралдың төменгі саласында су тапшылығы байқала бастады. Нысан құрылысының басталуына осы жайт түрткі болған. 1970 жылы мұндағы құрылыс-монтаж жабдығына 18,6 миллион сом қаржы бөлініп, мемлекеттік комиссия тоспаны қабылдап, ел игілігіне пайдалануға берген екен. Алғашқы жылдары мекемеде су пайдалану, құрылыс жөндеу, тұрғын үй- коммуналдық шаруашылық, механикалық, есептеу бөлімдері жұмыс атқарды. Оның есебінде сол жылдары Басықара ауылындағы мектеп, балабақша, фелдьшерлік емдеу орны, қысқы-жазғы клуб үйі, орталық асхана, екі дүкен, пошта байланыс үйі, екі пәтерлік 16 тұрғын үй, екі қабатты 16 пәтерлік 2 үй, ауылдағы орталықтандырылған бу қазандығы мен 25 орындық монша болыпты.

Кеңес Одағында қайта құру саясаты жүргенде өзгеріске ең бірінші іліккендердің бірі – «Қазалы су торабы». Осы уақыттан бастап бұл нысан Қазалы су шаруашылығы мекемесі құрамына бөлімше болып берілді. Сол кезеңде Қазалы су шаруашылығы мекемесіне Қуаныш Көланов, Басықара елді мекеніндегі «Қазалы су торабы» бөлімшесіне Шәкірат Сейтекенов сияқты азаматтар басшылық етті. Ал 1993 жылы қаңтарда «Қазалы су торабы» мекемесі Қазалы су шаруашылығы теңгерімінен бөлініп, өз алдына дербес ұжым болып қайта құрылды. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында тірлік оңала бастады. Басшылыққа конкурс жарияланып, Басықара елді мекеніндегі ЖМК-64 мекемесінен мамандар бөлімдерге басшылыққа шақырылды. Сол уақыттан бері су торабының жұмысы тұралаған емес.

Енді нысанның қызметіне ойыссақ. Жалпы, «Қазалы су торабы» тоспасы Сырдария өзенінің төменгі ағысындағы судың деңгейін бірқалыпты жағдайға келтіреді. Арал және Қазалы аудандары үшін «Оңжаға», «Солжаға», «Ақсай» су жүйелері магистральді арналары мен егістіктерді, шабындықтарды, қоршаған ортаны экологиялық жақсарту мақсатында кеуіп қалған көлдерді суға толтырып, қос аудан көлемінде кешенді жұмыстар атқарады.

1994 жылдан бастап басшылыққа Болатбек Асербаев келді. Кейінгі жылдары мекемеге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілгенін айтпай өтуге болмас. Бұл іске Үкіметтің «Сырдария өзені жағалауын ретке келтіру және Солтүстік Арал теңізі бөлігін сақтап қалу» жобасы бойынша Бүкіләлемдік банктен инвестиция тартылып, қаржы бөлінді. 2004-2006 жылдар аралығында Қытайдың геоинженерлік корпорациясы қаржыны толықтай игеріп, жұмысты аяқтады.

– Маңызды нысан болғандықтан су торабы әркез бақылауда тұрады, 2-3 жыл сайын жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Қазір мекемеде 22 адам қызмет атқаруда. Антитеррорлық қауіпсіздік шаралары қолға алынған, бейнебақылау бар, – дейді өндірістік бөлімшенің басшысы Б.Асербаев.

Бұған дейін су тоспасындағы негізгі қақпалар мен су жүйелері магистральді арналары сағаларындағы гидротехникалық нысан ғимараттарына жаңадан темір-бетон плиталары қойылған. Сондай-ақ құйма темір-бетонмен құрсауланып, суды ашып-жабу қақпалары жаңаланыпты. Жоғары кернеулі электр желілері тартылып, тоспа бойындағы жолдар асфальтталып, төңірегі түгелдей жарықтандырылды. Абаттандыру жұмыстары атқарылып, торап тіршілігі жанданды. Төтенше апатты жағдайлардың алдын алып, топан судан қорғау үшін осы жұмыстарға мемлекеттен қаржы бөлініп, уақытылы игерілді. «Қазалы су торабы» өзіне бекітілген аумақтарға жүйелі бақылау орнатып, қорғаныс бөгеттерінің қауіпті деген аймақтарын қайта жөндеуді толықтай аяқтаған.

– Қазір су тапшылығы мәселесі бар екенін жасырмаймыз. Алайда әр тамшы су есептеулі, сұранысқа сай реттеп отырамыз. Өңірімізде күріш егіледі, ағын азайды, бұның бәрі суды үнеммен жұмсауға үйретеді. Таяуда қызметкерлерімізді Қазалы ауданының әкімі Мұхтар Оразбаев қабылдап, лебізін білдірді. Бұл құрметке марқайып қалдық, – дейді бөлімше басшысы.

2012 жылы «Қазалы су торабы» өндірістік учаскеге айналды. Сөйтіп, Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты Су ресурстары комитетінің шаруашылық жүргізу құқығындағы «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының Қызылорда филиалы қарамағына өтті. Осылайша су торабы аймақ үшін ғана емес, бүтін республиканың маңызды нысандарының қатарына қосылды.

Уақытында нысанның жоба-сметалық құжаттарын «Средазгипроводхлопок» институты әзірлеген екен. Мұндағы алғашқы құрылысты Қызылорда қаласындағы «Қызылордаводстрой» тресіне қарасты Қазалыдағы №16 жылжымалы механикаландырылған колонна жүргізген. Екпінді құрылысқа Кеңес Одағы республикаларынан келген 25 ұлттың өкілдері қатысып, аянбай тер төккен. Қазір учаске су шаруашылығын ілгерілетіп, ел алғысын алып келеді. Тіршіліктің көзі саналған дариядағы суды егін мен шабындыққа, халықтың ауызсуына реттеп беру қазіргідей су тапшылығы кезінде оңай шаруа емес. Су торабының рөлі бұрынғыдан да арта түсіп, еңбегі еселене берері даусыз.

Мадияр ТӨЛЕУОВ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<