Тоқсан бесті толтырған газет

558

0

Баспасөзге мақала жазумен мектеп қабырғасында жүргенде айналыса бастадым. Қармақшы мен Жалағаш аудандары қосылып, бір аудан болып тұрғанда «Коммунизм шамшырағы», кейін Жалағаш қайта аудан болғасын «Жаңадария» газеттеріне жергілікті жерден жазғандарымды жіберіп тұрдым. Жалағаш ауданындағы №34 орта мектепті бітіргенге дейінгі жазған мақалалар мен хабарларым, очерктер мен шағын әңгімелерімнің қиындыларын арнайы папкаға тігіп, институтқа түскенше сақтадым. Мектепте қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ берген Бибінұр Бөлегенова мен Сұлтан Пірмағанбетов ұстаздарымды айта кету – парызым. Тағы бір ұстазым, кейін белгілі жазушы, повесть жазудың қас шебері болған Қалмақан Нұрғалиев мені шағын әңгімелер жазуға үйретті. Аудандық газеттің корректорынан редакторлыққа дейінгі қызмет сатысынан өткен қаламы қарымды журналист, маған нағашы болып келетін Мырзамұрат Ілиясов  тілшілікке баулыды десем болады.

Мектеп бітірерде біздер өндірісте қалып, туған ауылымыздың экономикасы мен мәдениетін көтереміз деп үндеу тастағанбыз. «Ленин жолы» газетінің фототілшісі Арзымбек Мәдединов арнайы келіп суретке түсіріп, үндеуді алып кеткен. Көп ұзамай үндеу газеттің бір бетін алып, суреттерімізбен қоса жарық көрді және аймақтың бірнеше мектеп бітірушісінен қолдау тапты. Мектептің он бірінші класында жыл бойы трактор мен комбайн сабағы жүрген, сөйтіп біз аттестатпен қоса «тракторист-машинист» деген мамандық алып шыққанбыз. Сол құжат кәдеге жарады. Біразымыз кеңшардың механизаторы болып шыға келдік. Жастық шақ, ол да бір өмірдің белесі ғой…

1971 жылы Н.Гоголь атындағы Қызылорда Мемлекеттік педагогикалық институтын бітіріп келіп, туған ауылым «Таң» кеңшарындағы №118 орта мектепке мұғалім болып орналастым. Көп ұзамай мерзімді баспасөздердің алдағы жылына жазылу басталды. «Ленин жолы» және бірнеше республикалық газет-журналдарға жазылғаным есімде. Міне, сол кезден күні бүгінге дейін, яғни 53 жылдан бері облыстың ақпарат айнасы бұрынғы «Ленин жолы», қазіргі «Сыр бойының» тұрақты оқырманымын. Тоқсан бес жыл бойы басылым аймақ тыныс-тіршілігінің шежіресі болып келеді десем қате емес шығар. Өткен ғасырдағы кеңестік ауыл шаруашылығын ұжымдастыру кезеңі тұсынан, яғни 1929 жылдан жарық көре бастаған газеттің өміршең болғаны ақиқат. Қазақ тілінде облыс аумағына тарайтын, обком мен облаткомның органы болып есептелген «Ленин жолы» жалғыз газет еді. Содан да оның көтерген жүгі ауыр, бірақ беделі өте зор болды. Газетке сыни мақалалар шығатын, ал оған түскендердің «жағдайы» қиынға соғатын.

Жаңа Қазақстанның заманауи болмысын жан-жақты ақпараттандырып келе жатқан бүгінгі «Сыр бойының» беталысы, бағыт-бағдары анық, тақырыптық ауқымы кең. Әркімнің өзіне етене жақын саласы болады ғой, маған әдебиет, мәдениет пен өнер және мемлекет, қоғам қайраткерлері жайлы жазылған материалдар тонның ішкі бауындай, сосын талдап оқимын, өзім де осы төңірекке қалам тартамын. Мәдениет пен өнердің, әдебиеттің біраз тұлғаларымен жүздестім, пікірлестім, көбісімен дастарқандас болдым. Олар – Зейнолла Шүкіров, Әбдіжәміл Нұрпейісов, Қалтай Мұхамеджанов, Шөмішбай Сариев, Қомшабай Сүйеніш, Сейіл Боранбаев, Манап Көкенов, Роза Бағланова, Мәдина Ералиева, Сәжида Ахметова, Тәңірберген Қалауов, Мүлкаман Қалауов, Әбділдә Жүргенбаев, Шәмшат Төлепова, Көшеней Рүстембеков, Шайтұрсын Әбдібаев, Бексұлтан Байкенжеев…

Мемлекеттік қызметкерлер Еркін Әуелбеков, Сейілбек Шаухаманов, Қонысбек Қазантаев, Зейнулла Жарқынбаев, Қаһарман Табынбаев, Мақсұт Әбдіразақов, Ермақаш Тұрабаев, Зияда Ижанов…

Мұны жазып отырған себебім, аталған кісілердің кейбірі туралы газетке менің естелік мақалаларым басылып шықты. Олардың бірсыпырасы кітаптарымда да бар. Қалам тартпаған тұлғалар ойда жүр.

Кезінде газетте еселі еңбек еткен журналистер Ақберген Ержанов, Әбдібай Уәлиев, Құттыбай Сыдықов, Асқар Кіребаев, Әділхан Бәйменов, Қази Данабаевты танып-білген едім… Енді сәл шегініс жасайын. Ұмытпасам, сексенінші жылдардың басы, қыс айы болатын. Жұмыс орныма ірі денелі, орта жас шамасындағы бейтаныс кісі келді. Таныстық. «Ленин жолы» газеті ауыл шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі Ақберген Ержанов екен. Шаруасы – мал қыстатудың жайы. Жалағаш ауданындағы «Таң» кеңшары кәсіподақ комитетінің төрағасымын әрі партком хатшысы ұзағырақ науқастанып, қоғамдық негіздегі орынбасар болғандықтан, ол қызметті де қосып атқарып жатқанмын. Сыпайы, байыппен сөйлейтін Ақаңмен біршама сұхбаттасқан соң, орталық азықтандыру цехына бардық. Жем-шөптің жеткілікті екенін көрді. Мұнан соң, сырттағы фермаларды аралаттым. Әуелі бақташылардың отбасымен етене сөйлесіп, сосын қора-қопсысын аралады. Қажетті деген мәліметтерді қойын дәптеріне жазып алып жатты. Кеңшар орталығына оралғанда қыстың қысқа күні батып кеткен. Ақаң біздің үйге қонды. Талай-талай әңгіменің басын шалдық. Сөзіміз жарасты. «Жақсыда жаттық болмайды» деген ғой. Көптен бір-бірімізді білетін жандай шүйіркелесіп, түннің бір уағына дейін сырластық.

Құттыбай Сыдықовпен бір ауылда кішкентайымыздан бірге өскенбіз, ал Әбдібай Уәлиев, Асқар Кіребаев, Әділхан Бәйменов – үшеуі де жалағаштықтар, бұрыннан етене жақын жерлестерім еді. Менен төрт жастай үлкендігі бар Әділхан Бәйменов екеуміз – бір мектептің түлектеріміз.

Тоқсан алтының жазында ауылдан Қызылордаға қоныс аударғанмын. Сол жылы тамыз айының бір сәтті күні «Сыр бойы» газетінің редакциясына әлі сиясы кеппеген екі әңгімемді апарғаным бар. Есіктерді аралап жүрсем, орта тұстағы бөлмеде Әділхан мен бір жігіт отыр екен. Ішке еніп, сәлем бердім. Әдекең: – Темірбек Есжанов деген ағаң, Жалағаш ауданындағы «Таң» кеңшарының директоры болған, – деді де, қасындағы жігітті маған Қази Данабаев деп таныстырды. Сыртынан естуім бар Қазимен алғаш рет осылай кездескен едім. Әділхан аға бір әңгімемді Қазиға қалдырды да, екіншісін өзінің «Ақмешіт апталығына» алып кетті. Қалаға көшіп келген соң, «Сыр бойымен» байланысым осылай басталған. Ұрпақ алмасады, ол – өмірдің заңдылығы. Ал қоғам тіршілігін қаз-қалпында жазып, аймақ халқын шынайы ақпараттандырып отырған «Сыр бойы» ғасыр аттап, одан әрі де асар…

 Темірбек ЕСЖАНОВ,

 Білім беру ісінің құрметті қызметкері,

 Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<