Мемлекет басшысының бастамасымен іске асқан «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы көп өңірде қоршаған ортаны жақсартуға және экологиялық мәдениетті қалыптастыруға үлкен серпін берді. Бұл бастама бүкіл аймақ тұрғындарын біріктіріп, Қызылорданы ең таза қалалардың біріне айналдырды. Бұл аз десеңіз, көше тазалығын сақтап қана қоймай, тұрмыстық қалдықтан табыс табуға да жол ашылды.
Өткен жылы Үкімет отырысында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев қатты тұрмыстық қалдықты қайта өңдеу жобаларының жүзеге асырылуы және қайталама шикізаттан өнім шығаратын зауыттар құрылысы туралы баяндаған болатын. Талқылау барысында Премьер-министр Олжас Бектенов бұл тәжірибенің тиімді тұстарын ерекше атап өтіп, басқа өңірлер әкімдеріне осы үлгіні енгізуді тапсырды.
Бүгінде өңірде қатты тұрмыстық қалдықты қайта өңдеумен 17 кәсіпкерлік субъектісі айналысуда. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, жақын арада қуаттылығы жылына 500 мың тоннадан асатын 9 зауыт іске қосылады. Бұл кәсіпорындарда 500-ден астам жаңа жұмыс орны ашылмақ. Ал 8 жоба «Жасыл даму» АҚ қаржыландыру механизмі арқылы жүзеге асырылады.
Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының мәліметінше, қазіргі уақытта облыс орталығында тұрмыстық қатты қалдықты сұрыптау, қайта өңдеу және кәдеге жарату бойынша үш жоба іске асырылуда. «With You E&C Kyzylorda» ЖШС-нің қолданыстағы полигонын жаңғырту жобасы аясында оңтүстіккореялық технология бойынша тұрмыстық қатты қалдықты сұрыптау және қайта өңдеу зауытын салу жоспарланған. Полигонның қуаттылығы жылына 60 мың тоннадан 300 мың тоннаға дейін артады.
Ал «Seven Rivers Technologies» ЖШС неміс технологиясы бойынша жылдық қуаты 86 мың тонна болатын шыны ыдыс шығаратын зауыт тұрғызады. Жобаның құны – 31 млрд 360 млн теңге.
Өндіріс процесінде 49%-ға дейін шыны қалдықтарын қайта қолдануға мүмкіндік бар, бұл жылына 40 мың тонна дайын өнім (143 млн бөтелке) шығаруға мүмкіндік береді.
Үшінші жоба аясында пластикалық шелек пен жеңіл контейнерлер өндірісі іске қосылады. Сонымен қатар, облыс орталығында «Rem Plast Invest» ЖШС қайталама шикізаттан қағаз және картон қабаттарын шығаратын цех құрылысын бастады. Кәсіпорынның қуаттылығы жылына 5,4 мың тонна. Қала әкімдігі жобаны жүзеге асыру үшін шағын индустриялық аймақтан 2,5 гектар жер телімін бөлді. Кәсіпорын екінші тоқсанда іске қосылады. Инвесторлар жобаның екінші кезеңінде қағаз-гигиеналық өнімдер өндірісін жолға қоюды жоспарлап отыр.
Аудандарда да сұрыптау кешендері салынады. Арал ауданында жылдық қуаты 10 мың тонна болатын ҚТҚ зауытын «Хан батыр» ЖШС, Қазалы ауданында дәл осындай зауытты «Досмұқасан Жалғасбек» ЖК, Жалағаш ауданында «К.Қанатбаева» ЖШС (5 мың тонна), Шиелі ауданында «Формула безопасности Астана» ЖШС (7 мың тонна), Жаңақорған ауданында «КомХозЖаңақорған» ЖШС (20 мың тонна) салады.
Қызылорда қаласы әкімдігінің мәліметінше, бес жыл бұрын мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында ашылған полигон жыл сайын артып келе жатқан қоқыс көлемін игере алмай отыр. Мысалы, 2022 жылы полигонға 56 мың тонна, 2023 жылы 73 мың тонна, ал 2024 жылы 100 мың тоннаға жуық қалдық шығарылған. Белкөлдегі қолданыстағы қоқыс сұрыптау кешені маңынан 4 гектар жер мемлекеттік грант ретінде бөлінді. Жоспарда қолданыстағы полигонды инвестордың сенімгерлік басқаруына беру қарастырылған. Жобаны «Kazakh Invest» ұлттық компаниясы сүйемелдейді.
Қала әкімінің орынбасары Пакуатдин Шамұратовтың айтуынша, биыл 15 жаңа өндіріс іске қосылып, 800 жаңа жұмыс орны ашылады.
– Жобалардың жетекшілерімен кездесу барысында біз инженерлік инфрақұрылымды тарту мәселесін талқыладық. Егер құрылыс жұмыстары кезінде қандай да бір қиындық туындаса, инвесторларға жан-жақты қолдау көрсетіледі. Инвестиция тартуға ерекше көңіл бөлінуде, өйткені бұл қаланың, облыстың және ел экономикасының дамуына ықпал етеді. Өткен жылы Қызылорда қаласында негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 19%-ға өсті, – деді ол.
Айрықша атап өтейік, өткен жылы Қызылорда негізгі капиталға инвестиция тарту және өңдеу өнеркәсібін дамыту қарқыны бойынша көшбасшы аймақтардың біріне айналды. Бұл жұмыс биыл да сәтті жалғасуда. Соның ішінде Қызылорда қаласында оңтүстіккореялық технология бойынша ҚТҚ сұрыптау және қайта өңдеу зауытын салу инвестициялық жобасы да бар.
«Kazakh Invest» ұлттық компаниясының өңірлік директоры Мұрат Балабайдың әлеуметтік желідегі парақшасындағы жазбаға қарағанда, бұл аймақтағы ең ірі нысан болмақ. Жобаны «With You E&C», «Shinha Pascal» және «Plex Engineering» компанияларынан құралған корейлік консорциум қаржыландырады. Жобаның бірінші кезеңінің құны – 9,5 млрд теңге. Зауыттың қуаттылығы жылына 300 мың тонна қалдықты қайта өңдеуге жетеді. Іске қосылған кезде 122 тұрақты жұмыс орны, ал құрылыс кезінде 100-ге жуық уақытша жұмыс орны ашылады.
Корейлік тарап жоба-сметалық құжаттаманы әзірлеп, қазақстандық стандарттар мен нормаларға бейімдеу, сыртқы нарықты зерттеу және техникалық сараптама жүргізу бойынша келісім-шарт жасады. Құрылыс жұмысы биыл ақпан айында басталса, ал зауыт 2026 жылдың шілде айында іске қосылады деп күтілуде.
Жобаның екінші кезеңінде 6-20 МВт электр энергиясын өндіре алатын қоқыс өртеу зауытын салу жоспарланған. Жобаның құны шамамен 20,5 млрд теңге. Бұл кәсіпорын аймақтың қоқыс мәселесін шешіп қана қоймай, қосымша электр энергиясының көзі болады.
Жобалардың тұжырымдамасы өткен жылдың маусым айында Қазақстан мен Оңтүстік Корея президенттерінің қатысуымен өткен Қазақстан-Корея бизнес-форумында нақтыланды. Форум аясында Қызылорда облысының әкімдігі мен «With You E&C» компаниясы арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
Өткен жылдың желтоқсанында заңнамада қарастырылған инвестициялық преференцияларды алу үшін компания мен Сыртқы істер министрлігі инвестициялар комитеті арасында келісім-шарт жасалды. Сонымен қатар, кореялық тарап жобаның екінші кезеңін, яғни қоқыс өртеу зауытының құрылысын бастауға дайын. Алайда бүгінгі күнге дейін осы нысанда өндірілетін электр энергиясының тарифі бекітілген жоқ.
Бұл тәжірибе қоқыс мәселесін кешенді әрі тиімді шешуге болатынын көрсетеді. Инвестициялар, инновациялық технологиялар және жергілікті биліктің белсенді жұмысының арқасында өңірді қоқыстан тазартып қана қоймай, экологиялық мәдениетті дамытып, жаңа жұмыс орындарын ашып, қосымша табыс көзін де қалыптастырады.
Айсәуле ҚАРАПАЕВА,
«Сыр бойы»





