Табиғи ресурстарды тиімді пайдалану, оны басқару қазіргі дамыған қоғамның ең маңызды мәселесі болып тұр. Сол үшін де табиғи ресурстардың сарқылуы – өзекті мәселе. Бұл тұста Табиғат-ананың берген сыйын кешенді қолдану маңызды десек, 85 жылдық тарихы бар аймақ дамуында облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының атқарып отырған қызметі ауқымды.
Қоршаған ортаның қорғаны
Өткенге көз жүгіртсек, 2004 жылға дейін облыстық орман және жануарлар дүниесін қорғау басқармасы мен табиғатты қорғау шаралары басқармасы екі бөлек жұмыс атқарып келді. 2005 жылы екі мекемені біріктіру туралы шешім күшіне еніп, облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу департаменті болып жаңадан құрылды.
Департаменттің алғашқы басшысы болып сала майталманы Мәжит Өтемұратов тағайындалды. Ол басқарманың өз алдына құрылуына атсалысып, облыстың үздік гидротехниктерін, орман шаруашылығы мамандарын, экология мен жануарлар дүниесін қорғауға ерекше үлес қосып жүрген азаматтарды тартып, аймақ экономикасында өзіндік орны бар саланың дамуына ерекше екпін берді. Үздіктердің білімін шыңдап, аймақтың табиғи ресурстарын тиімді пайдалануға барынша мән бере бастады.
Осылайша департамент 2008 жылға дейін өз жұмысын тиімді атқарып, облыс әкімдігінің 10 қаңтардағы қаулысымен облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы болып қайта құрылды. Алғаш құрылған жылдары мұнда бар-жоғы 20 қызметкер жұмыс атқарса, бүгінгі таңда саны екі есе өсіп отыр. Оған бағынысты орман шаруашылығы мекемелері де жыл өткен сайын көбейіп, жұмыс күші де ұлғая түскен.
Басқармаға 2011 жылға дейін И.Әбибуллаев, 2011 жылдан бастап Б.Жаханов, А.Көшербай, 2013 жылдан бастап Е.Бекжанов, Н.Жолдасбаев, А.Абдуалиев, Б.Шәменов басшылық етті. Сала мамандары мемлекет үшін аса маңызды су шаруашылығы жағдайының тұрақтануына, орман шаруашылығының дамуына, жануарлар дүниесінің, оның ішінде елдің экспорты үшін маңызды балық шаруашылығының оң нәтиже көрсетуі үшін үздіксіз қызмет етіп келеді.
Су шаруашылығы – сұранысты сала
Дәлірек айтсақ, бұл сала болашақ ұрпақтың қажеттілігін қамтамасыз ету үшін қоршаған ортаны сақтау, қалпына келтіру және сапасын жақсарту бағытында жұмыс атқаруда.
Табиғат – тіршілік атаулының құтты қоныс-мекені, тіршіліктің түлеп-өсуіне қажет, жер бетіне көрік беретін сәні. Халқымызда бұлақ көрсе көзін ашып, жастайынан балаларының санасына сіңіріп, бойын жақсылыққа үйреткен.
Су ресурстарын тиімді пайдалану бағытында су шаруашылығы нысандарын ұстау, тазалау үздіксіз жүргізіліп келеді. Су қорғау аймақтары мен белдеулерінің жобалық құжаттамасын әзірлеу, су қорғау белгілерін орнату жұмыстарын ретке келтіреді.
Жалпы кейінгі жылдары елімізде қуаңшылық белең алып, соның ішінде Сырдария суының тапшылығы мәселесі туындап отыр. Қазіргі кезде табиғатымызды сақтап қалу – басты міндет. Осы орайда, облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың бастамасымен ауқымды шаралар қолға алынып, саланың тамырына қан жүгірді.
Бүгінде облыста 232 су шаруашылығы нысаны коммуналдық меншікке алынған. Оларды тазалау, жөндеу жұмыстары кезең-кезеңімен атқарылуда. Айталық, биыл облыстық бюджет есебінен елді мекендерді аяқсумен қамтамасыз ету мақсатында 79,3 шақырым болатын 10 каналға су шаруашылығы жұмыстарын жүргізіп, елді мекендерге 23 дана насос қондырғылары жеткізілді. Тағы 28 каналға жоба-сметалық құжаттамасын әзірлеу мен мемсараптамадан өткізу жұмыстары жүргізілді.
Облыста суармалы жерлерді қалпына келтіру және айналымға қосу бойынша 161 млрд теңгеге 3 жоба әзірленген. Атап айтсақ, 158 мың гектар суармалы егістіктегі ирригация және дренаж жүйелерін жетілдіру, пайдаланылмай тұрған 29 мың гектар суармалы жерді су үнемдеу технологияларын пайдалана отырып, айналымға қосу жобалары бар. Соның ішінде, 2019 жылдан бері Жалағаш ауданында 15 мың гектар суармалы жерлер қалпына келтірілуде. Бұл мақсатқа 9,3 млрд теңге қаржы қаралған.
Жобалар толық жүзеге асырылған кезде өңірдің ауыл шаруашылығының дамуына оң септігін тигізеді.
Сыр балығы сыртқы нарықта
Сондай-ақ, жергілікті маңызы бар балық шаруашылығы су айдындарының және учаскелерінің тізбесін нақтылау, аңшылық алқаптарды бекітіп, жануарлар дүниесін пайдалануға бағытталған іс-шаралардың орындалуы қамтамасыз етілген.
Бүгінде балық шаруашылығы облыс экономикасының маңызды саласына айналды. Өркендеу жолына түскен іргелі салада атқарылған жұмыстар да, алдағы міндеттер де ауқымды. Облыс аумағында Кіші Арал теңізі, Сырдария өзені және балық шаруашылығы үшін маңызды 201 көл бар. Оның ішінде, Кіші Арал толықтай және 173 көл конкурстық негізде 5-49 жылға табиғат пайдаланушыларға бекітіліп берілген. Сондай-ақ, 26-сы резервтік қорда. Өткен жылы 8889,7 тонна балық ауланып, республикалық бюджетке 151,7 млн теңге қаржы түсірілді. Биылғы 10 ай қорытындысымен 4576 тонна балық ауланып, 2 мың тоннадан астам балық өнімдері 6 мемлекетке экспортталды. Былтыр 3575,7 тонна балық 12 елге экспортталған болатын. Бүгінде облыс бойынша 10 балық өңдеу зауыты жұмыс жасауда. Оның 4-уінде «Еврокод» еуропалық сапа стандартын растайтын белгісі бар.
Тағы бір айта кетерлігі, облыста балық шаруашылығын дамытудың 2021-2030 жылдарға арналған өңірлік бағдарламасы бекітілген. Оған сәйкес, 2030 жылға дейін 16 шарбақтық шаруашылық, 12 тоған шаруашылығы, 3 тұйық жүйелі сумен қамтамасыз ету құрылғылары іске қосылуы тиіс. Сонымен бірге, көлде тауарлы балық өсіру шаруашылықтарының санын 55-ке жеткізу жоспарланған.
Бағдарламаға сәйкес былтыр 409 тонна балық өсіру көзделіп, ол 441,7 тонннаға артығымен орындалды. Биыл 837 тонна балық өсіру көзделсе, 10 айдың қорытындысымен 550 тоннаға жетіп отыр. Тұйық жүйелі сумен қамтамасыз ету құрылғысы, 8 тоған шарушылығы толығымен іске қосылып, көл-тауарлы балық шаруашылықтарының саны 75-ке жетті. 6 шарбақтық шаруашылықты құру мақсатында «Қамбаш» су айдынының учаскелеріне биологиялық негіздеме әзірленді. Сондай-ақ, өткен жылы облыстық бюджеттен балық жемін сатып алуға жұмсалатын шығыстардың 30%-ын субсидиялауға 8,4 млн теңге бөлініп, қаржы толық игерілді.
Арал қаязының аналық-аталығын тоған жағдайында қалыптастырып, оларды табиғи жағдайда уылдырық алу дәрежесіне дейін жеткізу мақсатында «Кіші Арал теңізіндегі Арал қаязы балығының санын қалпына келтіру үшін оның генофондын сақтау жұмыстарын жүргізу» жобасы бойынша күріштік алқаптардан, түрлі су арнасынан 10 мың қаяз шабағы жиналып, олар екі жаздық деңгейге дейін жеткізіліп, Сырдария өзені мен көлдерге жіберілді.
Қызылорда облысында 9,8 млн гектар болатын 41 аңшылық алқап бар. Оның 19-ы табиғат пайдаланушыларға бекітіліп беріліп, 22-сі резервте тұр. Осыған сәйкес, резервтегі 10 аңшылық алқаптың құжаттары дайындалып, конкурсқа шығару мақсатында тиісті шаралар жүргізілуде. 2021 жылы «Қызылорда облысы аңшылық алқаптарының ақпараттық-анықтамалық картасы сайтын әзірлеу» жобасы аяқталып, қазіргі уақытта жұмыс жасап тұр. Өткен жылы орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемелер 1,5 млн теңгеге биотехникалық іс-шараларды жүзеге асырды.
Сексеуіл, жыңғыл, тораңғыл…
Орман қорын қорғау және өсімін молайту бағытында да ауқымды жұмыстар атқарылуда. Аймақтың 8 орман шаруашылығы мекемесінде 729 қызметкер жұмыс жасайды. Орман қорының жалпы көлемі 7 млн гектар болса, оның 3,8 млн гектары – орманды алқаптар. Оның 83%-ын сексеуіл ағаштары алып жатыр.
Мемлекет басшысының 2021-2025 жылдар ішінде Арал теңізінің құрғаған ұлтанына 1,1 млн гектар сексеуіл егу тапсырмасын орындау мақсатында биыл 250 мың гектар фитоорманмелиорациялық жұмыстар жүргізу жоспарланған. Көктем айларында 53 мың гектарға сексеуіл көшеттері егіліп, 7777 гектарға галофитті тұқым себу жұмыстары жүргізілді.
Сонымен қатар, биыл Арал теңізінің құрғаған ұлтанының 150 мың гектарында топырақ зерттеу және жобалау жұмыстарына бюджеттен 59 млн теңге және орман мекемелерінің материалдық-техникалық базасын нығайту үшін 866,8 млн теңге бөлінді. Сексеуіл мен саялы ағаш көшеттерін өсіретін 158 гектар уақытша орман тұқымбақтары ұйымдастырылуда.
Жасыратыны жоқ, шөлейттену бірінші табиғи факторлардан болса, екінші оған адамдардың да әсері тиіп жатыр. «Табиғат тағылықтан тозады» деген, халықтың өмір салтын, шаруашылық жайын әркез орнықты ұстанамыз десек, сол тағылыққа тізгін болуы керек. Орман қорының санитарлық жағдайын бақылау үшін 376,3 мың гектар жерге орман-патологиялық зерттеу жүргізілуде. Жыл басынан орман қоры учаскелерінде заң бұзушылықтардың алдын алу мақсатында 222 рейд жүргізіліп, 33 жағдай анықталды.
Жыл басында облыс аумағында орман және дала өрттерінің алдын алу және жою жөніндегі іс-шаралар жоспары бекітілді. Орман шаруашылығы мекемелерінде 13 өрт сөндіру автокөлігі мен 65 өрт сөндіруші тұрақты қызмет атқарады. Қауіпті учаскелерде 542 шақырымға жаңадан өрт жолақтары жүргізіліп, 5918 шақырым ескі жолақтар қалпына келтірілді.
Қоршаған ортаны қорғау мен табиғат байлығын тиімді пайдалану күрделі мәселе екені айқын. Біздің бар дәулетіміз де, болашағымыз – туған өлкенің табиғаты. Ал сол байлықты қорғап, қорын молайту бағытында сала мамандары қызметін мүлтіксіз атқара бермек.
Биболат СӘТЖАН,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<