Үзілмеген алтын арқау

782

0

сурет ашық дереккөзден

Мәдениет – ұлт өмірінің айнасы, ғасырлар бойы үзілмей келе жатқан халықтың рухани келбеті, мейірімі мен парасат-пайымының мөлшері. Бай да бірегей қазақ мәдениетінің дамудың даңғыл жолына түсуі дана халқымыздың «Өнер – ұлттың жаны» деген ұстанымына ұласса керек. Өркениетті ұлт алдымен тарихымен, мәдениетімен маңызға ие болады. Наурызнама онкүндігінде 16 наурыздың мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күні аталуында мән бар.

Жалпы түркі халықтары мерекені өздерінің тарихи дәуір талабына сай атап өткен, сонымен қатар жеке ұлттық ерекшеліктеріне қарай бейімдеген. Мерекені атап өтудегі ғұрыптық ерекшеліктер дәстүрлі шаруашылықпен, наным-сенімдер жүйесімен тығыз байланысты.

Қазақтың Наурызды тойлау мәдениеті жайлы жазған Ақселеу Сейдімбекұлы «Қазақ әлемі» атты зерттеу еңбегінде «…жастар ауылдағы ноқта көрмеген ең асау тайыншаны ұстап, ең ескі ашамайды салып, ашамай үстіне ең ескі киім-кешек пен құрым киізден жасалған қуыршақ орнатып, тайыншаның құйрығына ескі шелек байлайды да: «Ұлыс таң атып қалды, бар, елге хабар бер!» деп шабына шыбық жүгіртіп, сауырға бір салып қоя береді. Асау тайынша өкіріп-бақырып жөнеледі. Ит үреді, қотандағы мал үркеді, үй-үйден шал-шауқан ербиіп шығады, жастар мәз-мейрам болысады…» деп жазады.

Мәдениеттанушы Серік Ерғали Наурыздағы символика – жеті дән, жеті өң, жеті үн деген үш сипат туралы: «Жеті дән дегені – наурызкөжеге қосылатын жеті түрлі ас. Жеті өң – жеті бояу, ақ пен қарадан басқа кемпірқосақтағы түстердің дәріптелуі. Мәселен, үнділер Наурызды бояу мерекесі дейді. Былай қарағанда олар Наурыздың бір сипатын тойлайды.  Әдетте, Наурызда құрақ көрпе, текемет, сырмақты сыртқа шығаратыны – жеті бояуды дәріптеуі, паш етуі. Жеті үн – жетіген аспабы. Әр ішегін қосып, күй тартқанда, жан бусанған» дейді. Қазақта шуағын шашып шыққан күннің көзін алғашқылардың бірі болып көруді жақсылыққа балаған. Жаратқанға жалбарынып, кіріп келе жатқан жылдың құтты жыл болуын дұға-тілектеріне арқау етсе, қыз-келіншектер мен жастар түні бойы жыр оқып, алтыбақан тебісіп, ауылдың алты ауызын айтып, күліп-ойнап таң атқызған.

Халық жадында қаншама заманнан бері сақталып, әлі күнге дейін желісін үзбеген «Тілеу көже», «Сүйінші сұрау», «Балаға ат қою», «Бесікке салу», «Жақсының орнына аунату», «Тұсаукесер», «Ашамайға мінгізу», «Қызды оң босағаға отырғызу», «Бұрымын өру», «Беташар» сынды ғұрыптардан қазақтың баладай көңілі мен даладай дарқандығы көрінеді. Ұлттық салт-дәстүр күнінің атап көрсетілуіндегі басты мақсат та қазақтың дүниетанымы, салт-дәстүр, әдет-ғұрпы мен жөн-жоралғы, наным-сенімін, халықтың рухани өзегі, тілінің тірегі, ұлттық ұстанымын насихаттау болса керек. Әдет-ғұрып, салтымызды бүгінгі заманауи бағытта тұпнұсқаға сай мән-мазмұны, шығу тарихы, дамыту жолдарын саралап, қайта жаңғырған бай қазынамызға айналдыру құндылығын арттырары сөзсіз.

Мәселен, «Көрісу» дәстүрін естімеген қазақ жоқ. Дегенмен батысқа тән деп, жатсынып жүргендері қаншама?! Көрісу амалы қыстың қаһарынан аман шыққан адамзаттың бір-бірімен қауышып, сүйіншілесіп, жаңа күннің, жаңа жыл мен жаңа айдың бастау алғанына білдірген қуаныш сезімінен туындаған.

Бастаңғы дәстүрі бойынша, жастар үлкендері жоқ үйде жиналып, дастарқан басында ән-жырмен айтысып, қалжыңдасып өздерінше тойлайды. Жыл бастағалы отырған осындай қоңыр кеште жігіттер көптен ұнатқан қызына көңілін білдіріп, болашақ жарын табуға тырысқан. Ал қыздар бұл бастаңғыда тәтті, дәмді тағамдар әзірлеп әкелген. Мерекеге орай қызу қарбалас, у-шу кеште қыздар ұйқыңды аш деген сылтаумен «Ұйқыашар» тәттілерін ұсынған. Қыздардың бұл әрекеті жауапсыз қалмайды. Қапы қалмай «Селтеткізер» деген дәстүрмен жігіттер қызға айна-тарақ, шолпы, сырға сынды сыйын ұсынған. Көбінесе бұл зергерлік бұйымдар мен иіс су болған деседі. «Ұйқыашар» мен «Селтеткізерді» қайта жандандырып, ұлтымыздың дана да көркем жөн-жоралғыларын насихаттай білсек, отбасы институтына әсер етері анық.

Дина БӨКЕБАЙ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<