Ардагер-журналист Қайырбек Мырзахметұлы баспасөз саласында елу жылдай еңбек еткен. «Ағалар салған жол», «Менің бабаларым», «Перзент», «Аманат», «Сырда туып, Сырда өстім», «Көзкөргендер» атты кітаптардың авторы.
Бүгін ардагер-журналистің еңбек еткен жылдардағы естелігін оқырманға ұсынып отырмыз.
Армысың, тоқсанның ауылы! Иә, тоқсанға да бет бұрдық. Бәлкім, бұдан да асып кетерміз. Бәрі Алланың қолында. Дәм бұйырса, көрер жарық болса бұл күнді де думандатар ұрпақ бар ғой.
Бар ғұмырым «Сыр бойы» газетінде өткен секілді. Қазір ойлап қарасам күні кешегідей, тоғыз редактормен қызметтес болыппын. Елу жылға жуық баспасөзде еңбек еткенім, ағалардан ақыл-кеңес алғаным естен кетпейді.
Бүгін өткен кезең туралы сыр шерткелі тұрмын, оқырман.
Менің құжатымда 1936 жылғы болып жазылған. Неге бұлай, түсініксіз. Марқұм шешемнің айтуына қарағанда 1934 жылы күз айында Қызылорда қаласындағы Қазақ көшесі №13 үйде дүниеге келіппін. Қазір ол көше атымен жоқ, өңшең жаңа ғимараттар. Сірә, мен туған үй осы күнгі облыстық кәсіподақтар мекемесі болар деп топшылаймын. Туған бойда әкем Мәді мені ағасы Мырзахметтің бауырына салған. Шешем Күлшан Шыншагүл атты шешемізге бір шапанға орап бердім деп отыратын. Атымды атамай, Бөпежан деп кетті. Қазақтың осы дәстүрі-ай! Сірә, екінші ата ұрпақсыз өтпесін, жалғассын деген ырымы ғой.
Балалық дәуір қазіргі «Қоғалыда» өтті. Жарытып тамақ ішпей, ойын ойнамай еңбекпен есейдік. Масақ тердік, шөп ордық. Төрт-бес адам бір қасықты жағаластыра көже ішетін кездер-ай! Арық қаздық, тары қорыдық. Қиындықпен өстік. Бесінші класта оқып жүргенде үй «Бидайкөлге» көшетін болды. Әдікен деген ағаның арбасын сұрап алдық. Содан үйді тиеп, жолға шықтық. Шешем Шыншагүл қасымда. Көкем егіс басында болатын. Өгіз арбаны тартпайды. Қусүйек өгіз. Содан жүрмеген өгіздің құйрығын бұрап жүргізетін әдісті Әдікеннен көргенім бар, бұрап жібердім. Құйрығын бұраған өгіз тартып қалғанда арбаның астына құладым. Жіліншік ортасынан сынды. Шешем байғұс жылап-сықтап, арбаны жолға тастап, ауылдағы Шайхы деген сынықшыға арқалап әкелді. 10 шақырым жер. Жаным қиналды, шырқырап жылап келемін. Шайхы үйінде екен, дереу кітаптың мұқабасын қайшымен кесіп, сынған сүйекті орнына салды. Қатты орады. Содан алты айдай үйде жаттым. Қалаға апармады. Аяғымды басып, мектепке оқуға бардым. Үзіп-жұлқып жетінші класты «Бәлтік» мешітінде бітірдім. Бұл кезде бүкіл ауылды, мектепті су алып, «Бәлтік» маңайына, құм төбесіне бүкіл ауыл үй салды. Ауылды түгелдей су алды. Жұрт үдере көшумен болды. Әкем ескі бір қыстаудың төбесін жауып, үйге көшірді.
Ол кезде мұғалім мамандығы қадірлі еді. Баласын мұғалім болуға итермелейтін ата-аналар. Қазіргідей заңгер, экономист болсын дейтін заман емес. Жетіжылдықты 1948 жылы бітіріп, Қызылорданың педагогикалық училищесіне емтихан тапсырдым.
Сірә, 1952 жыл болуы керек, Қызылорда педучилищесі Түркістанға қоныс аударатын болды. Алматыдан қыздар педучилищесі келді. Дереу қызыл эшелонмен Түркістанға көштік. Бір өзбек кемпірдің үйін бес сомға, екі бала жалдадық.
Өмір өтіп жатты. Ауылдан көмек жоқ, 20 сом стипендия аламыз. Тамақ, жатар орын, киім-кешек осы 20 сомның мойнында. Лезде үшінші курсқа шықтық. Жаздың айы еді, мақта жинауға Шымкенттің Ильич атты ауданының Киров колхозына бардық. Бір үйге он бала жайғастық. Күні бойы мақта тереміз, оны қырманға өткіземіз. Өзі бір өнбейтін пәле екен. Күні бойы тергеніміз 5-10 келіден аспайды, төлейтіні тиын-тебен.
Күндер өтіп жатты. Түн бойы қышынып, ұйықтамаймыз. Монша жоқ. Тырнақтан тілінген арқадан қан сорғалайды. Студенттер оқу министріне арыз жазайық деп жиналыс өткіздік. Менің жазуым тәуір еді, оншақты студент қол қойып, Алматыға жөнелттік. Көп ұзамай, соңғы курстағы оқушылар түгел қайтарылсын деген оқу министрі Сембаевтан телеграмма келді. Ой, қуанғанымыз-ай!
Түркістанға келдік. Мектеп директоры Құрманбаев деген өзбек жігіті еді. Дереу арыз жазған бізді қыспаққа алды. Студенттер басын алып қашты. Жазған мен екенімді анықтап, ызғар шашты. Мемлекеттік емтихан басталды. Мені орыс тілінің диктантынан құлатты. Емтихан тапсырмай, ауылға – Қызылордаға тарттым. Содан дипломсыз жүрдім. Сембаевқа хат жаздым. Министрден «Мырзахметов Қызылорданың қыздар педучилищесіне мемлекеттік емтихан тапсырсын!» деген бұйрық келді. Директор Ұ.Рысбекова бұрыннан танитын еді, «Қалқам, емтихан тапсыр, диплом аласың!» деп жұбатты. Жарықтық жаны таза, тамаша адам еді. Сонымен мен қыздар педучилищесін бітірген Мырзахметов болып шыға келдім. Туған жерім «Қоғалыдағы» мектепте пионер вожатый болып орналастым. Аға вожатыйлық жұмысты атқара жүріп, ол кездегі «Қазақстан пионері», «Лениншіл жас», «Ленин жолына» мақала жазып, журналистік кәсіпке шықтым. Аздап ауылға қаламақы келетін болды. Вожатыйлық айлығым 60 сом. Қаражаттан қорланып қалдым. Тұңғыш жалақыма әкеме бір баспақ сатып әпердім, ол кейін бұзаулап, үй айран-қатыққа қарық болып қалды. Әкем марқұм мәз.
Мектептегі аға вожатыйлық қолым еместігін сезініп, жазғы каникулда Қызылорданың «Ленин жолы» газетіне корректор, редактордың көмекшісі болдым. Бұрқыратып жазуға шықтым. Білім орта. Бұл біліммен ұзаққа бармайтынымды сезіндім. Редакторымыз оқы деп кеңес берумен болды. Партияға өту көптен ойымда жүрген. Қалада партияға өту қиын болды, содан Шиелі аудандық «Коммунизм таңы» (қазір «Өскен өңір») газетінен бірақ шықтым. Исатай Әбдікәрімов бірінші хатшы еді, арманымды жеткіздім, қабылдауында болдым. Шиеліден партияға өтіп, коммунист болған сәттерім есімнен кетпейді.
Ол кезде стажы барларды оқуға алуға жеңілдік бар еді әрі өзім жас коммуниспін. 1960 жылы КазГУ-дің журналистика факультетіне түсуге бел будым. Үйден екі қарындасым – Қайыркүл мен Шынар менімен бірге шет тілдер институтына түсуге жолға шықты.
Бұйрықты қойсаңызшы, мен КазГУ-ге, екі қыздың екеуі де шет тілдер институтына түсіп, үшеуміз де ауылға диплом алып оралдық. Қиын сәттер ұмыт бола бастады. Мен облыстық қазіргі «Сыр бойына» қызметке орналастым. Елу жылға жуық еңбек етіп, зейнетке шықтым.
Екі қыздың екеуі де бірі Жамбылға, екіншісі Қызылордаға отау құрып, балалы-шағалы болып, қазір зейнеткер.
Мен КазГУ-ды бітіріп, қолымда диплом болса да бірер ай қызметке орналаса алмай жүріп қалдым. Шиелінің аудандық газетінде қызметтес болған Қалқабай Әбенов ол кезде обкомда істейтін. Ақылдасып, үйге шақырдым.
– Қайырбек, былай істе, – деді Қалқабай Әбенов. Мені жалғыз шақырма. Асқар Тоқмағамбетовті, Дәуірхан Айдаровты, Нұрділдә Уәлиевті қоса шақыр. Ертіп баруды маған тапсыр.
– Жарайды, Қалеке!
Содан төрт ағаны осы күнгі әкем тұрған үйге шақырып, баталарын алдым. Көп ұзамай редактор Ұзақ Бағаев шақырып алып, бұйрық берді. Мәдениет бөліміне әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі, редколлегия мүшесі болдым. Ағалар шарапатын көрдім. Ақын Асқар аға әкем «Мәдіге» деп өлең жазды. Оны «Менің бабаларым» деген кітапқа енгізіп, талай оқырманның ықыласына бөлендім.
«Ленин жолында» қызмет атқарған жылдарғы бірер оқиға әлі есімде. Содан әңгіме қозғайын.
Бөлім меңгерушім Қомшабай Сүйенішев, мен әдеби қызметкермін. «Сырласу» деген бөлім ашқанбыз. Бір күні редакцияға бет-аузы көгерген Елғанов деген азамат шағымданып келді.
– Бір көршімнің баласы өткен түнде ұрды. Осыны «Сырласу» бетіне жазуларыңды өтінемін деді. Әңгімелестік. Содан Елғановтың атынан «Түнделеткен көршімнің баласы екен» деген мақала әзірлеп, жарияладым. Ертеңіне Елғанов әлгі ұрған баланы ертіп, әкесімен редактор Ұ.Бағаевқа кіріп шағымданса болар ма? «Мені көршімнің баласы ұрған жоқ!» деп байбалам салды. Әңгіме насырға шабайын деді. Менің тағдырым қыл үстінде тұрды. Ұ.Бағаев «газетті ұятқа қалдырдың, Мырзахметов» деп зілді қабақ танытты. Содан қалалық прокурор А.Сапарбеков ағаға жолығып, мән-жайды баяндадым. Дереу анықтап, іздестіру жүргізді. Әлгі Елғановты ұрған Асанбаев деген азамат есепте тұратынын жазып, редакцияға қатынас жолдап, қолыма берді. Содан редактордың райдан қайтқаны бар.
Бұл өмірде болмайтын нәрсе жоқ екен. Тағы бір қызық. Нұрділдә Уәлиевтің кезі. Мен газетке «Шөптің басы» деген сықақ әңгіме жаздым. Сықақта Шиелі жағында бір сауда қызметкері үй сатып алып, ақша орнына ұн, костюм-шалбар бергенін тілге тиек еткенмін. Араға бірер күн болмай жатып, Шиеліден төрт-бес адам редакторға кірді. Аудандық кеңестік орынбасары, бір сауда қызметкері менің сықақ әңгімеме байланысты дау көтерді. Редакторға сықаққа байланысты газетте кешірім сұраған сілтеме беру керек деп талап қойды. Редакторымыз Нұрекең марқұм «Қайырбек, жазған сықағыңа байланысты газетте сілтеме берейік, «сауда қызметкері Шиеліден емес, Арал жағында» деп жаз» деп отырып алды. Міне қызық. Содан сөз алдым.
– Біріншіден, Нұреке, бұл – сықақ әңгіме. Сауда қызметкері Шиелі жағында деген сөз ғана бар, аты-жөні жоқ.
– Жоқ, «Шөптің басы» деген әңгімеңді қайта көшіріп басайық, Қайреке – деп редактор райдан қайтар емес. Ақыры үй сатып алған сауда қызметкері Арал жағында деп көшіріп басқан соң, даудың басылғаны мені аң-таң қылдырғаны бар. Осындай да қызық болған, оқырман.
Бірде жауапты хатшы Сыдық аға Әзиз Несиннің «Ақылды есек» деген шағын әңгімесін бірінші бетке салып жіберіп, ұзақ әңгімеге өрбігені бар. Неге? Өйткені, бұл әңгіме бірінші бетке лайық емес деген әңгіме көтерілді.
Бірге қызметтес болған ағалардың отырған жерде әңгімелері, бір-біріне әзіл-қалжыңдары жарасымды болатын.
Журналист Орман Нұрхабаев зейнетке шығар кезде обком хатшысы Хасан Бектұрғановқа «балаларым жас еді, тағы бір жыл істей тұрайын» деп өтінгені бар. Бір жыл біткен соң хатшы:
– Ореке, келісім бойынша бір жыл бітті дегенде:
– Ту, Хасан Шаяхметович, сіз бір жыл дегенді ұмытпайды екенсіз, мен бірер жыл деп едім ғой, – дегенде хатшы күлкіден басын көтермей қалды деген аңыз бар.
Мырқы мен Қомшабай жиі әзілдесуші еді. Бірде Мәкең кассадан 500 сом ақша алып, Алматыға ұшты. Жазған бір повесін «Жазушы» баспасына беру үшін жолға шыққан болатын. Содан Қомшабай Алматыдағы жазушы Садықбек Адамбековке телефон соғып:
– Алматыға Мырқы Исаев ұшақпен ұшқалы тұр. Қалтасында 500 сом ақшасы бар. «Бес бау жоңышқаны» ресторанда шайқаңдар…
Садықбек бірнеше ақын-жазушыны ертіп алып, Алматы вокзалында Мәкеңді күтіп алып, ресторанда оңды-солды тапсырыс беріп, 500 сомның басына су құйған ғой. Бар ақшасын тауысқан Мәкең сол күні Қызылордаға кері қайтқанын өзі тамылжыта жиі әңгімелейтін, жарықтық.
Алпысыншы жылдары өңшең соғыстан оралған ағалар қызмет істеуші еді. Әбділда Құрманаев деген ағамыз болды. Бір күні бөлмесіндегі телефон шылдыр етсе керек. Дереу Әбекең көтерсе «обкомнан, Құрманаев керек, шақыр» деген дауыс естіледі. Содан Әбекең өзінің Құрманаев екенін ұмытып, бөлмелерден Құрманаевты іздегені көпке дейін жұрт аузынан түспей жүрді.
Ал Әбсадық Жанзақов деген ағамызды зейнетке шығарып, сый-сияпат жасаған кезде Әбекең сөз алып:
– Бүгінгі құрметтеріңе өте ризамын. Мен дүниеден өткенде бүгінгідей сый-сияпат бола ма, болмай ма, соған күдіктеніп тұрмын. Сол кезде беретіндеріңді бүгін берсеңдер, – дегенде жұрт ду күлкіден бас көтермей қалғаны бар.
Айтпақшы, ақын Асқар Тоқмағамбетов пен Мырқының Қомшабаймен арасындағы әзілдерін ұмытып барады екенмін. «Журналист» атты қабырға газетіміз болатын. Соған Асекең, «Мырқы десең Мырқысың, жанғалы тұрған шырпысың» дегенде Қомшабайдың жазған бірер шумақ әзіл-оспағы әлі жұрт аузынан түспей жүр. Ол шумақ былай басталушы еді.
– Шымырлығы жаңғақтай,
Салмағы бар қаңбақтай.
Мырқыға салсаң ғұмыры –
Қалар еді таң да атпай.
Беймезгіл шашы ағарған,
Әзірейілден жан алған.
Кетпейді-ау қолы жағаңнан,
Қан тамады қаламнан.
Иә, қызметтес болған ағалардың көбісі қазір арамызда жоқ. Ақын Әбдікәрім Оңалбаев, аудармашы Қалыбай Бөршеев, журналист-жазушы Нәсіреддин Серәлиев, Жақсылық Бекхожаев, Дархан Сапаров, Айжарық Сәдібеков, Әскербек Рахымбекұлы, Қази Данабаев, Оразбек Мақсұтұлы, Құттыбай Сыздықов, Асқар Кіребаев, Ақберген Ержан, Әбдібай Уәлиевтер туралы сыр ағытар сәтті алдағы күндердің еншісіне қалдырдық.
Бәрі де өте шықты. Өмір шіркін, есікті ашып-жапқандай болып тұр. Жүйткіген уақыт қандай жылдам еді. Немерелер ортасы адамды жасарта түсе ме деймін. Әйтеуір бір жалғыздық бары ақиқат. Сол ғана еске орала береді. Алла, ақырымызды тәуір қылғай, менің оқырмандарым.
Тағы бір естелік. Екі қарындасым менен бұрын отау құрып кетті. Мен жүріңкіреп қалып, Ұмытшаққа қосылдым. Сырбаз, көп сөзге жоқ, өте жайлы адам болып кезікті.
Мен үйленген күні асаба іздедік. Беташар жасау керек. Ешкім жоқ. Қазіргідей шұбырған асабаның дәуірі басталмаған кез. Содан қарындасымның күйеуі, қалалық комсомол комитетінің бірінші хатшысы Исатай Елубаев «асаба мен болайын» деп ықылас білдірді. Беташар шумақтарын өзім жазып бердім. Исатай домбырамен төгілтті. Жұрт риза болды.
Өмірде бәрі де болады ғой. Өткен күндер еске түскенде бір серпіліп қаласың, оқырман.
Қайырбек МЫРЗАХМЕТҰЛЫ,
Қазақстанның Құрметті журналисі
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<