«Мамандықтың бәрі жақсы, қажеттісін таңдай біл» дегендей, өмір бойы жейтін наның болған соң одан жаңылыспау керек деп жатады. Дегенмен қазір заман талабына сай түрлі мамандықты аз уақытта меңгеріп алуға болады. Жалпы, еңбек нарығы үнемі өзгеріп отыратыны белгілі. Бүгін сұранысқа ие мамандықтар ертең қажетсіз болып қалуы әбден мүмкін. Ондай өзгерістерді болжау оңай емес. 2020 жылдан кейін технологиялардың дамуына байланысты әлемде 5 миллион жұмыс орны қысқаратыны да белгілі болған. 2030 жылға қарай роботтар 800 миллион жұмыс орнын ауыстыра алады дегенге сенесіз бе?
Бұрын жаңа мамандық 20-30 жылда пайда болса, қазір әр 3-5 жылда жаңарып жатыр. Оған қарамастан маңызын, күшін жоймайтын салалардың бар екені белгілі. Мәселен, Канаданың «Canadian Business Magazine» журналының деректері бойынша осы елде мұнай және газ өндіру саласындағы менеджерлерге сұраныс өсе түскен. Оның бірден-бір себебі, мұнай өндірісінде тәжірибе маңызды болып есептеледі. Сондай-ақ геологтар мен океанографтар Канаданың пайдалы қазбаларын қоршаған ортаға елеулі зиян келтірместен пайдалану жолдарын табуда маңызды рөл атқаратын мамандықтар ретінде құнды. Олардың бүгінде көмір өнеркәсібінде де сұранысының өсуі жалғасуда.
Ал енді жаңа мамандықтар жайына келер болсақ, сарапшылардың айтуынша, 2030 жылға қарай елімізде 57 мамандық түбегейлі жойылып, оның орнын 180 мамандық басады. Қазіргі уақытта өзгеретін мамандықтардың басым бөлігі сұранысқа ие, дегенмен олардың өзектілігін сақтау үшін мамандарға жаңа техника мен дағдыларды игеру қажет. Мамандықтардың атауы өзгермеуі мүмкін. Алайда біліктілік талаптар деңгейінде біршама жаңарулар болады. Мамандар жоғалып бара жатқан мамандықтарға назар аударуды сұрайды. Оның негізгі екі себебін де атап көрсетеді. Біріншісі, цифрландырудың дамуы қол және ақыл-ой еңбегі мамандарының азаюына әкеледі. Екіншісі, кей мамандықтар біртіндеп жоғалады.
Еңбек нарығына 2 млн маман керек
Отандық еңбек нарығына алдағы 7 жылда күзетшілер, инкассаторлар, дүкен сатушыларына сұраныс артады. Мұндай болжамды Еңбек ресурстарын дамыту орталығы жариялады. Жалпы 25 кәсіп аса қажет мамандықтар тізіміне енген. Тізімде тағы қандай кәсіп иелері бар? Аталған мамандардан бөлек, білім беру, медицина және мемлекеттік басқару саласының қызметкерлері тапшы болғалы тұр, – дейді сарапшылар.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, елімізде 11 млн азамат еңбекке жарамды деп танылған. Алайда алдағы 7 жылда тағы 2 млн маман керек. Еңбек ресурстарын дамыту орталығының болжамына сүйенсек, 2024-2030 жылдары мына кәсіп иелеріне сұраныс артқалы тұр. Айталық, 93 мың есепші, 77 мың күзетші мен инкассатор, 44 мың дүкен сатушысы, 44 мың автокөлік жүргізушісі, 35 мың орта мектептегі әлеуметтік пәндер мұғалімі, 33 мың күтім бойынша орташа медициналық персонал, 32 мың балабақша тәрбиешісі, 31 мың жаратылыстану пәні мұғалімі, 30 мың кеңсе қызметкері, 26 мың бастауыш сынып мұғалімі, Иә, байқағаныңыздай, алғашқы үштікке есепшілер, күзетшілер мен инкассаторлар және дүкен сатушылары кіреді. Одан соң көлік жүргізушілері, орта мектептегі әлеуметтік пәндер мұғалімдері, медбикелер мен фельдшерлер, балабақша тәрбиешілері, орта мектептегі жаратылыстану пәндері мұғалімдері, кеңсе қызметкерлері және бастауыш мектеп мұғалімдеріне сұраныс артады. Бұдан бөлек, бұл тізімде аспаздар, құрылысшылар, менеджерлер, шаштараздар, сантехниктер мен фермерлер бар. Жаңа жалдамалы жұмыскерлерге сұраныс 2027 жылы артады. Ол кезде ел бойынша болжамды жылдық қажеттілік 285 мың кадрды құрайды. Сұраныстың келесі кезеңі 2030 жыл болғалы тұр. Ол кезде 288 мың кадр сұраныста болады. Сондай-ақ сарапшылар алдағы 7 жылда халық қалаға көше бастайтынын айтады. Осылайша, жалдамалы жұмысшыларға деген сұраныс әсіресе, Астана, Алматы және Шымкент қалаларында жоғары болады. Болжам бойынша 2024-2030 жылдары 3 мегаполиске 600 мыңға жуық маман қажет болмақ.
Мамандықтар қалай өзгереді?
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Жаңа мамандықтар атласын біліктілік шеңберлері мен кәсіби стандарттарды әзірлеу мақсатында 2019 жылы қолға алып, бастаған еді. Жалпы «Жаңа мамандықтар атласы» деген не? Оның тиімді тұсы қандай?
Жаңа мамандықтар мен құзыреттер атласы – сарапшы мамандардың пікірі бойынша, алдағы 5-10 жылда сұранысқа ие болатын және жаңадан пайда болатын мамандықтар жинағы. Атлас материалдарының негізінде технологиялық Форсайт бойынша болашақты бағдарлау әдістемесі жатыр. Ол озық технология мен инновациялардың дамуы барысында қандай еңбек дағдылары сұранысқа ие болатынын анықтауға көмектеседі. Атласта 5-10 жылдан кейін 9 сала бойынша 463 мамандықтың өзектілігі артады деп болжанады. Оған 52 жетекші мен 2000-нан аса салалық сарапшы атсалысқан. Болашақта сұранысқа ие болмайтын мамандықтар жоғалу алдындағы, ал жоғалмайтын бірақ өзгеріске ұшырайтындары трансформацияланған мамандықтар деп аталады.
Сұранысқа ие маман болу үшін болашақта потенциалы бар мамандықтарды таңдау керек. Атластан мамандықтардың 3 тобының сипаттамасын көруге болады. Біріншісі, жаңа мамандықтар – әзірге ресми түрде жоқ, бірақ келешекте пайда болу ықтималдығы жоғарылар. Екіншісі, транформацияланатын мамандықтар – қазір бар, бірақ келешекте өзгеріске түсуі мүмкін. Үшіншісі, жоғалатын мамандықтар – бұлар болашақта сұранысқа ие болмауы ықтимал. Атласта белгілі бір салаға, тұтас экономикаға әжептәуір әсер ететін алты негізгі тренд тізілген. Олар робот пен ақылды жүйелерді енгізу, цифрландыру мен үлкен деректердің қолданылу аясын кеңейту, табиғи шикізат қорының сарқылуы, экологиялық нормалардың күшеюі мен рециклингтің дамуы, Y, Z ұрпағында жаңа еңбек талаптарының пайда болуы, халықтың тұтынушы қабілеті мен таңдауының өзгеруі.
«Болашақта мамандықтар қалай өзгереді?» дегенге келсек, мұны Жаңа мамандықтар атласы былай түсіндіреді: «Қабілет, саланың мазмұны және қажетті дағдылар өзгерген кезде мамандықтар өзгермелі» деп аталады. Негізінен, олар автоматика мен ақпараттық технологияның әсерінен өзгереді. Бүгінде мұғалімдер электронды күнделіктер жүргізеді, робототехниканы медицина саласына, яғни хирургияға енгізеді, ал инженерлік мамандық компьютерлік жүйелерді енгізумен қауіпсіз бола бастады. Сондай-ақ егер бұрын архитекторлар жобаларды қолмен сызып жасайтын болса, бүгінде оларға AutoCAD, ArchiCAD және басқа компьютерлік бағдарламалармен жұмыс істеу дағдыларын игерсе болғаны.
Қазіргі уақытта өңірге қажетті жаңа мамандықтар атласы жасалып жатқанынан хабардар болдық. Бұл атлас арқылы қажетті мамандықтарға грант бөлудің тиімді тәсілі ұсынылады. Облыстық білім басқармасының мәліметінше, жергілікті бюджеттен 22 млн теңге қаржы бөлу жоспарлануда. Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті 2023 жылы Мамандықтар атласын әзірлеу үшін 20 қызметкерді арнайы оқудан өткізді.
Өңірде атласқа сәйкес жаңа мамандықтар ашу жоспарлануда. «BTS Education» компаниясының жасаған жобасы «enbek.kz» сайтында орналасқан. Онда тоғыз сала бойынша қандай жаңа мамандықтар ашылады, қай мамандықтар ескіреді немесе сұранысқа шығатын мамандықтар тізбесі қамтылған. Олар – ауыл шаруашылығы, тау-кен, мұнай-газ, құрылыс, қаржы, коммуникация және ақпараттық бағдарламалар, мемлекеттік басқару, білім, машина жасау. Осы басты құжат бойынша әр өңірге қажетті мамандықтар тізімі сараланады. Олардың қатарында өндіріс, білім, логистика, құрылыс, ауыл шаруашылығы бар.
Айсәуле ҚАРАПАЕВА,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<