Жақсының жақсылығын айт

487

0

Ол кезде Шиелі ауданынан «Өскен өңір» газеті шығатын. Осы газетке мектеп партасында отырып Жаңақорғандағы жаңалықтарды жіберемін. Баспасөз күніне мені де шақырып, марапаттады. Сонда мен белгілі қаламгерлер Серік Байхонов, Қуандық Түменбаев, Серік Пірназармен таныстым. Кейін С.Киров атындағы университеттің журналистика факультетінде қатар оқыдық.

1966 жылы Жаңақорған Шиелі ауданынан бөлінді. Сол кезде сегізіншіні бітіріп, тоғызыншы класқа өттім. Аудандық «Коммунизм жолы» газеті редакциясында журналистермен таныстығым бар.

Қарап отырсам, сол заман адамдарының бір-біріне деген ықыласы ерекше кезең екен ғой. Мырқы аға – газеттің редакторы. Қалжан Ысмайлов редактордың орынбасары болып келгенін айтты. Одан кейін Жақсылық Рахматуллаев, Файзулла Сахиев, Қуат Оразбековпен таныстым. Олар менің талабымды байқады ма, «редакциямен байланысып, материал жазып тұр» деді. Содан бастап қолым босаған кезде редакцияға барып жүрдім. Сол жылдың тамыз айының аяғында редакцияға соқсам Мырқы  ағамыз кабинетіне ерте кірді.

– Редакция жанынан радиохабарын аштым. Бірінші қыркүйектен бастап хабар таратылады. Осы хабарды жүргізуді саған тапсырдым. Жігіттер материалды дайындап береді, – деді.

Мен бұл ұсынысты күтпеген едім. Сасып қалдым. Ойланатын ештеңе жоқ деп әңгімені созбай, кесімді байламын айтты.

Сосын:

–  Онда былай істейік. Бірінші қыркүйек күні түстен кейін кел. Оған дейін материалдарды тағы бір пысықтап қоямын, – деді.

Уәде бойынша келіп «Жаңақорғаннан сөйлеп тұрмыз» деп тұңғыш хабарды тараттық. Аптасына екі рет жүргізіп отырдым.

Бірде Мырқы ағамыз жолығып қалып:

– Ауданда «Комхоз» деген мекеме бар. Сол мекемеде ауызсудың ақшасын жинау және басқа да жоспары орындалмай келеді. Фактілерін алып беремін. «Социалистік Қазақстан» газетіне осы жөнінде сын мақала жазуың керек, – деді.

Содан «Алма піс, аузыма түс» деген тақырыпта сын мақала жаздым. Мәкең үстінен өңдеп болған соң «Социалистік Қазақстан» газетіне жібердім. Көп кешікпей мақала шықты. Ол кездегі баспасөздің ықпалы зор, сынға ілінген міндетті түрде жазасын алатын. Мақала ішінде айтылған адамдар тиісті жазаларын алды. Маған қырын қарағандары да болды.

Мырқы ағаның отбасы Жаңақорғанға көшіп келгенде көрші тұрдық. Үлкен қызы Бибажар, ұлдары Серік, Мейрамбек бар.

Газетке Мырқы Исаев басшылық жасаған жылдары сын мақала мен фельетон көп жазылды. Аудандағылар Мәкеңнен аяғын тартатын болды.

Редакцияда қызметтік көлік жоқ. Мәкең қай уақытта болса да жасыл түсті мотоцикліне отырып алып, ауданның шаруашылықтарын аралап қайтады. Қай жерден шағым түссе, Мәкең ағамыз аттанатын. Келген соң сын мақала не фельетонды бұрқыратып жазып тастайтын.

Ағамыз аудан басшыларымен тіл табыса алмай «Ленин жолына» меншікті тілші болып ауысты. Сондағы айтқаны «қызметтен кеттім деп өкінбеймін, қаламымды ешкім тартып алмайды» деді.

М.Исаев Жаңақорған аудандық газетінің редакторы болған жылдары ізбасар жас толқынға жол көрсетті. Журналистика мамандығын таңдауыма үлкен ықпал жасады. Қарамағындағы жас журналистерді де солай тәрбиеледі. Соның бірі – Жақсылық Рахматуллаев. Жақсылық Шайманұлы көп жыл «Сыр бойы» газетіне басшылық жасады.

Кейде өткеннің осындай әдемі естеліктері ойға оралады.

Биыл 95 жыл толған аймақтың аға басылымында көп жылдар еңбек еткен ағалардың өнегесі ұмытылмайды.  

Пахмаддин АЙНАҚОЖАЕВ,  

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі,

ҚР Ақпарат саласының еңбек ардагері.

Жаңақорған кенті       

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<