Қоғамда сан түрлі мамандық иесі бар. Әсіресе, соңғы кездері жұмысшы мамандықтарға деген сұраныс артқан. Құрылыс, өндіріс орындарына барғанда дәнекерлеуші, ауыр жүк көліктерін тізгіндейтін шопырлар, кран айдаушы мамандар тапшы екенін аңғарамыз. Мұны мамандар да растайды.
Жақында қаладағы «КСМ KZ» ЖШС мекемесінде болып, тыныс-тіршілігінен хабардар болғанбыз. Алып кәсіпорын ішінде техника тілін меңгеріп, кран айдайтын қыз-келіншектерді байқап қалдық. Жоғарыдағы кранды емін-еркін басқарып, салмағы ауыр бетон плиталарды тақтайдай етіп жинастырып жатыр. Тарсылдаған дыбыстан құлақ тұнады. Бірақ ешкім тосылып қарап тұрған жоқ. Әркім өз шаруасын атқарып жүр. Краншы әйелдің еш қиындықсыз қаншама бетонды дәлме-дәл жинағанына таңғалдық. Мекеменің өндіріс басшысы Аманбай Жұмабеков зауыт іске қосылғалы кран айдап келе жатқан қыз-келіншектер барын жеткізді. Сонау ерте кезден жұмысқа кіріскен қыздардың алды зейнетке шықса да, жұмысын жалғастыруда екен. Неге? Себебі, олардың орнын басатын маман жоқ.
– Қазір зауытта кран айдайтын 12 қыз-келіншек бар. Олардың бәрі де мықты маман. Алғашқылары сонау 1970 жылдары жұмысқа келген. Қаладағы кәсіптік училищені бітірген. Кейбірі өз беттерінше қызығушылық танытып, үйреніп алған. Алайда олардың орнын басатын кадр жоқтың қасы. Жастар келеді, бірақ жұмыстың ауыртпалығына шыдамайды. Сондықтан жолағысы келмейді. Көбі маңдай термен емес, оңай олжаға кенелуді көздейді. Сол үшін кейінгі толқын арасында қарапайым жұмысшы мамандығының мәртебесін әлі де кеңінен насихаттау керек. Қоғамда еңбекқорлық, адалдық сынды қасиеттер бағалануы тиіс.
Жас мамандарды дайындауда қиындықтар да жоқ емес. Біздің облыстағы кәсіптік оқу орындарында өндіріске қажетті краншыларды даярламайды. Бұрын оларды өзіміздегі оқу орны әзірлейтін. Бұл да мәселенің негізгі себебі. Біз ұсыныс та айтып көрдік. Топ ашылса, олар өндірістік практикаға зауытқа келсе, біз білгенімізді үйретіп алар едік. Бұл – жеке ойым. Мәселен, 2010 жылдары арматур дайындайтын цехқа қыздар келді. Оларды өзіміз оқытып, практикадан өткіздік. Бәрі де жұмысшы мамандардың қатарына ілігіп кетті. Дегенмен кейінгі кездері жастардың келуі сиреді, –дейді А. Жұмабеков.
Өндіріс басшысы жастарды осы салаға тарту үшін барынша қолдау керек екенін де жеткізді.
– Студенттер колледж қабырғасында өндірістік практикадан өтеді. Осы кезде кәсіпорындарға барып, теорияны практикамен ұштастырып көру керек. Көпшілігі практикаға селсоқ қарап, уақытын өткізіп алады. Бұл – негізінен жас маманға берілген үлкен мүмкіндік. Ол өндіріс орнында өзінің шеберлігін көрсете алса, оқуын бітіргеннен кейін мамандығы бойынша жұмысқа орналасуға болады. Байқағаным, бізге келген жастар жұмыстың ауырлығы мен жалақының аздығын желеу етеді. Сол себепті жұмыстан шығып кетеді, – дейді ол.
Жұмыстың жеңілі жоқ. Тек адал еңбек еткен жемісін көреді. Жастайынан зауытқа қабылданып, кран тізгіндеген әйелдер бүгінде ерлермен тең еңбек етіп келеді. Солардың бірі – Зағираш Күзембаева. Ол «КСМ KZ» ЖШС мекемесінде 1983 жылдан бері кран машинисі. №58 кәсіптік-техникалық училищені бітірген.
– Мектеп бітірген соң ұзақ ойланып жүрмедім. Осы мекемеге жұмысқа орналасуға мүмкіндік туды. Ол кезде жүк көтергіш крандармен жұмыс істейтін қыз-келіншектер аз болатын. Бастапқыда қорыққанмен, қызығушылығым басым болды. Осылайша кран машинисі мамандығын меңгеріп, алғашқы жұмыс күнімді бастадым. Содан бері бұл салада жүргеніме 40 жылдан асты. Алғаш кранға 19 жасымда отырдым. Оңай болған жоқ. Қасыма үйретуші маман да қосып бермеді. Түсіндірген техниканы қағып алдым. Талай сынақтан өтіп, бүгінде тәжірибелі маман атандық. Кран машинисі болу – екінің бірінің қолынан келе бермейтін іс. Әр күн – жауапкершілік. Биікте отырып, үлкен жүкті дәлме-дәл орнына қою да өнер. Бірақ өз ісіңді жақсы көрсең, бәрі жеңіл сезіледі. Кейде күн ыстық, кейде жел тұрады, бәріне үйреніп кеткенмін. Ең бастысы – қауіпсіздік пен ұқыптылық. Әр мамандықтың өз қиындығы бар. Бірақ адам шыдамды, үйренуге ниетті болса, барлығын игереді. Қазір қыз-келіншектер ерлермен қатар түрлі салаларда табысты еңбек етіп жүр. Солардың бірі болғаныма қуанамын. Жастар мамандық таңдаудан қорықпау керек. Өз жүрек қалауыңмен жүрсең, нәтиже де соған сай болады. Еңбек етуден, үйренуден ешқашан бас тартпау керек, – дейді ол.
Зағираш келер жылы зейнетке шығады. Әлі де тың. Күнделікті жұмысқа жауапкершілікпен қарайды. Техника тілін де еркін меңгерген. Краны бұзылса, өзі жөндеп алады. Қарапайым жұмысшыдан басталған еңбек жолында кәсіби маман ретінде шыңдалды. Өзінен кейінгі жастарға кран басқаруды үйретті. Ол қазір кранға қызығатын жастар сирек қыздар жоқтың қасы екенін жеткізді.
– Жастарды жұмысшы мамандықтарға қызықтыру керек. Ол үшін өндірісті көзімен көріп, тәжірибе алмасу маңызды. Бұрын кранды үйретші деген қыздар болды. Бірақ уақыт өте келе шыдамайды. Жалпы, елдің экономикасын көтеретін сала – өндіріс. Ал ол қарапайым жұмысшылардың арқасында жүзеге асады. Сондықтан жұмысшы мамандықтарға деген сұраныс бұрын да болған, келешекте де бола береді. Сол үшін біз секілді мамандардың орнын алмастыратын жастар қай кезде де дайын болу керек деп ойлаймын, – дейді ол.
Ал Тұрсынкүл Әбдиева 1979 жылы зауытқа келген. Кранға қызығып, өз бетінше үйреніп алғандардың бірі. Қазір 68 жаста. Зейнетке әлдеқашан шықса да, жұмысын жалғастырып келеді.
– Зауытта мен секілді 5 зейнеткер бар. Бірақ олар 8 сағат жұмыста. Кәдімгі жұмысшылармен бірдей еңбек етеді. Өндірісте жұмыс қарқыны қызу. Шүкір, тапсырыс түсіп тұр. Сұраныс жоғары. Біз сонау қиын кезеңде оқыдық, жұмыс таптық. Бәріне де тек еңбекпен жеттік. Сол үшін әр нәрсенің қадірін жете түсінеміз. Жұмыстың жеңіл не ауыр екеніне қарамай, табылғанына қуандық. Бірақ төзімді болдық. Осылайша, 50 жылға жуық уақыт осында еңбек етіп келемін. Бұл аз уақыт емес. Ал қазір басқаша. Жастарға оқуға да, жұмысқа орналасуға да жағдай жасалған. Үйретші деген жастар болды. Бірақ төзімі жетпей шығып кетеді. Оның үстіне жалақыны аз дейді. Жұмысы жүріп тұрған зауытқа краншылар қашанда керек. Біз қызығушылығы бар жастарға үйретуге әзірміз, – дейді ол.
Жастарды жұмысшы мамандығына тарту үшін оқу орындарында түрлі бағдарламалар жүзеге асырылуда. Мәселен, жақында Қазақстан жұмысшы кадрларды даярлауда әлемдік деңгейге шығып, 10 колледж халықаралық тәжірибе алмасуда. Мемлекет басшысы жариялаған «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында колледждерді интернационалдандыру жүргізілуде. Басты мақсат – олардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру, оқу бағдарламаларын халықаралық стандарттарға сәйкестендіру және заманауи еңбек нарығының сын-қатерлеріне жауап бере алатын мамандарды даярлауға ықпал ету. Осы бастама аясында колледждердің студенттері мен педагогтері Жапония, Франция, Қытай, Түркия және басқа елдердің оқу орындарында және серіктес кәсіпорындарында оқудан, тағылымдамадан өтуде. Бұл – дұрыс бастама. Тек нәтижесі болса екен дейміз.
Атаулы жыл аясында еңбек нарығында сұранысқа ие білікті мамандар даярлауға, жастарды осы салаға бейімдеуге мүмкіндік берілді. Өңірдің экономикалық әлеуетіне қарай қажетті маман иелерін даярлау да маңызды. Осы орайда ірі кәсіпорын, өндіріс, кәсіп иелері жергілікті кәсіптік оқу орындарымен бірлесіп жұмыс жүргізуді әлі де пысықтаған жөн секілді. Сонда кезінде оқытылып, қазір мамандықтар тізімінен алынып тасталғанымен, әлі де маңызын жоймаған мамандар қайта орала ма деген үміт бар.
P.S Расында жұмысшы мамандардың мәртебесі олардың мәселесін реттеумен шешіледі. Кәсіптік бағдар беру әлі де жүйеленгені дұрыс. Сонда жас мамандардың жұмыс табуына септігі тиеді. Бір жағынан жастардың да ынталы болғаны дұрыс. Қазір – ақпараттық технологияның заманы. Осы бағытқа қызығатындар басым. Қысқа курстар оқып, телефонмен табысқа жеткендерді де көріп жүрміз. Бұл да – еңбек. Дегенмен өміршең деген түсінік жоқ. Ал өз кәсібін жетік меңгерген қарапайым жұмысшы мамандар қашанда сұранысқа ие. Олар ел экономикасының дамуына өз үлесін қоса беретіні де сөзсіз.
Сара АДАЙБАЕВА,
«Сыр бойы»





