Жүрекке жүк жиғандай қазынасы

666

0

Әскербек Рахымбекұлы ислам дінінің діңгегіне ой байлаған атақты Құлболды ишан, қазаққа білім таратудың бір жолы деп он тоғыз баласының он үшін Ресей қалаларына оқуға берген Мұңайтпас болыс, КСРО Халық әртісі Сәбира Майқанова секілді ірі тұлғалар туған «Қоғалыкөл» топырағында дүниеге келген.

Сыр мәдениеті мен әдебиетіне еңбегі сіңген қайраткер, қара өлеңді ұшырып қондырған қуатты ақын. Қолына қалам ұстаған талай талапкердің ұстазы болған ұлағат иесі еді. Қырық жыл облыстық «Сыр бойы» газетінің редакциясында қызмет етіп, оның алты жылында газеттің бас редакторы болған.

Біз бүгін «Сыр бойының» 95 жылдығы аясында Әскербек Рахымбекұлының ұлы Серік Рахымбековтің естелігін жариялап отырмыз.

Біз бір отбасында екі ұл, екі қыз өстік. Менің кішкентайымнан көргенім біздің үйге ақын-жазушылар көп келетін. Кезек-кезек өлең оқиды, «қараша үйдің түндігін желпілдетіп» дегендей, үй іші думан болып жатады. Солардың ішінен әкеммен өте етене жақын болған – Иран-Ғайып, Асқар Кіребаев, Әділхан Бәйменов, Тынымбай Нұрмағанбетов, Айжарық Сәдібекұлы секілді кісілерді мектепте оқып жүргеннен жақсы танитынмын.

Мектепте демекші, бесінші оқып жүргенімде тентектік жасап, мені оқудан шығаратын болды да, әкемнің інісі Жұмабек «Қоғалыкөлге» алып кетті. Ауылдың бұл тарихи атауы кейін қайтарылды ғой, ол кезде Жамбыл совхозы болатын. Ауылда Рахымбек атам тұрады. Мен атамның баласы болып өскенмін. Сондықтан ерке, еркін, тентекпін. Сөйтіп, ақыры атамның қолына оралдым да, мектепті ауылда бітірдім.

Атам бардағы сөз бөлек, атам жоқта да сол кісінің аруағын сыйлағаны шығар, әкем мені балам деп маңдайымнан иіскемейтін. Өзінің әкелік махаббатын «Екі перзент бар менде: бірі – балам, екіншісі – өлеңім әлдилеген» деген секілді жыр жолдарымен ғана жеткізді десем, дұрыс болар.

Негізі папамыздың тәрбиесі қатты, бірақ, кемпір-шалдың ұлы есебінде мен ол қатаң тезге түскен жоқпын.

Бұлай деуім де артық шығар, ақиқатында ол кісінің адами мінезі өте жайлы. Менің білуімше, ақындардың қаттылығы мен жұмсақтығы секілді даналығы мен балалығы қатар тұратын сияқты. Әйтпесе ақын жүректі шым еткізетін сөзді айта алар ма еді?

Мектеп бітірген соң Жамбыл қаласында құрылыс-гидромелиоративтік институтында оқыдым. Бір жылдан соң әскерге кеттім. Қайтып келіп, оқуымды Қызылордаға ауыстырып алдым. Сол екі ортада облыстық театрда декоратор, сахна әрлеушісі болып жұмыс істегенім де бар.

Сөйтіп, өмір өтіп жатты. Папамның өз ортасында беделі биік болды. Алматы партия мектебінің журналистика бөлімінде оқыды. Өлеңдері бәйге алып, композиторлар ән жазып, дүрілдеп тұрды. Облыстық партия комитетінде нұсқаушы болып та қызмет етті.

Мен бірақ әке беделін пайдаланған емеспін. Қызметте көтерілуді, тыныш әрі пайдалы жұмыс істеуді ойламадым. Адал еңбектен артық не бар?! Балалық дәуірде қанша тентек болып өссем де, атамның тәрбиесін көргенмін. Сол әулие болмыстың жақсы қасиеттерін бойыма сіңіруге тырысқанмын.

Әкем мені айналып-толғанбағанының есесіне немересі Нұрғисаны өте жақсы көрді. «Композиторым» деп маңдайынан құшырлана иіскеуші еді.

Расында, әкем өнерге, өлеңге берілген жан. Алайда әріптестері секілді шалқытып кеш жасап, ат мініп, атақ алған жоқ. Кішкентай кітапханаларда кездесу өткізе беретін. Зал толы халықты керек қылмайды, өлеңді тыңдай алатын он адам болса, сол да жетеді.

Шәкірттерінің, өнердегі ықпалды кісілердің қозғауымен жетпіс жасын атап өтті. Өмірінде жасаған шығармашылық кеші осы болды. Сол кезде де ол кісінің жарқыраған адам, арқыраған ақын екені тағы бір танылды.

Сонау тоқсаныншы жылдар қиын кез еді ғой. Нарық заманды күрт өзгертті. Бұрынғы адамдар басқа болып кетті. Алайда біздің әкеміз нарық заңына да иілмеді. Жаратқанның кеудесіне салып берген қазынасы – өлеңіне адал болды. Дүние жиып, байып кетемін десе де орайын оңынан келтіретін мүмкіндігі болмады дей алмаймын. Бірақ ол кісі бірінші орынға рухани байлықты шығарды. Осындай сөз, яғни, «рухани байлықты бірінші кезекке қоя білуіміз керек» деген «ақыл-нақылдар» талай айтылғанмен, оның адам бойында көрініс табуы сирек. Кімді болса да тұрмыс билейді. Ал біздің әкеміз сол қасиетті бойтұмар қылып таққан адам болды.     

Кешегі өткен жұқпалы індет нәубеті талай жанды күтпеген жерден ысырат сапарының жолына салып әкете берді ғой.

Әкемізбен де сол кездері бақұлдасып қалдық. Аздап аяғының аурып жүргені болмаса денсаулығы сыр бермеген болатын.

Шілде айы, карантиннің күннен де ыстық болып тұрған мезгілі. Соған қарамастан қанша адам келіп, армасын айтып жатыр. «Ақын қазасы отбасына ғана емес, Сыр еліне де ауыр қайғы болды» деп жазды, газеттер. Мұны да әкемнің дарынды ақын, дара азамат болғанының бір көрінісі деп білемін.

 Жалпы мен журналист емеспін, әкемнің өмірбойы атқарған қызметі туралы немесе қоғамшылдығы, адами қасиеттері туралы жеткізе айта алмайтыным да түсінікті.

Әкеміздің қайтыс болғанына бір жыл толған соң ас беріп, естелік кітап бастырып шығардық.

Енді осы кітаптағы әріптестерінің жазғанынан үзінді келтірейін. Сол кісілер менің жеткізе алмағанымды тап басып айтады.

Бала кезінен бергі досы Шермағанбетов Зинабдин аға әкемнің жұртқа белгісіз бір қырын ашып, былай депті.

«Ақындардың көбісі өлеңдерін жатқа оқи бермейді. Ал Әскербек ақын өлеңдерін де, дастандарын да, бірінен кейін бірін жатқа оқиды. Өлеңдерінің нағыз жүрегінен шыққан перзенті, аялайтын жан дүниесі екендігіне көзің жетеді.

Біздің факультет-курстың екінші қосымша мамандығы ән-музыка мұғалімі болатын-ды. Осы салада бізге сабақ берген, 1-курстан нота танытып, көзімізді ашқан, домбыра тартып, хор-ән айтуға үйреткен Тәңірберген Қалауов ағайымыздың орны бөлек еді.

Әсіресе, төрт дауыспен хор айтудан біздің курс студенттері көп жетістікке жетті. Осы хормен, домбыра оркестрімен біз, екеуінде де Әсекең бар, сол 1963 жылы Шымкентте өлкелік, Алматыда республикалық фестивальға қатысып, лауреат атандық.

Осы кездері ұлы сазгер Нұрғисаның алдында Әсекеңнің халық әні «Ақбақайды» айтып, жоғары баға алғаны естен кетпейді…»

Ал көп жыл «Сыр бойы» газетінде, өмірде қатар жүрген әріптес інісі Жолдасбек Ақсақалов әкемнің қызметтегі болмысына сөз арнапты:

«90-шы жылдары газеттің қалай шыққанын елдің бәрі біле бермейді. Газет шығару қаржы тапшылығынан қиындыққа ұшырады. Аптасына екі рет шығатын болды. Кеңес әлемімен бірге ескі көзқарас келмеске кетті. Әрине, ескі ойлау жүйесінің бірден жоғалуы мүмкін емес. Биліктегі сияқты оның басты идеологы – газеттің сипатын ә дегеннен басқа арнаға бұру қайдан оңайға соқсын. Қарсыласу бар, оның үстіне нарық халық тұрмысын аздырып жіберді. Экономиканың жаңа заңдылықтары іске қосылды, жекешелендіру қарқынды жүргізілді.

Әсекең обалына не керек, сыннан тартынбады. Бұрынғыдан гөрі біз барынша батылданып, тіпті облыстық атқару комитеті орынбасарының, қалалық әкімшілік басшысының қызметін газет бетінде назарға ала бастадық. Әсекеңнің бойындағы бір жақсы қасиет, ол әлдекімдердей «осының арты қайда апарып соқтырар екен, кейін маған зияны тиіп кетуі мүмкін ғой» деген сияқты сақтықтан бойын аулақ ұстады…

Әсекең бас редактор ретінде тілшінің жазған мақаласын жөндеп, күзеп, артық қимылға бармайтын. Бұл қызметкерлерге де ұнаушы еді. Егер де қорғайтын редакторың болса, сен де батыл қимылдайсың.

Адамның мінезін оның ақылының, ойының, пайым-парасатының көрінісі деуге болады. Адамға мінез керек, әсіресе басшыға, қарамағындағыларды тыңдататын, бағындыратын, ұйымдастыратын мінез әлбетте, қажет. Мінезсіз адам азу тісі жоқ арыстан секілді. Әсекең ұрда-жық мінездің адамы емес, редакцияны өзіне тән байсалдылықпен басқарды. Адамгершілік қасиеті жоғары болған соң басшыны барлығы сыйлады…»

Қазақстанның Құрметті журналисі, атақты фотошежіреші Болат Омарәлиев әкемнің жан әлеміне ой көзін жібереді:

«…Кезінде Қалтай ағамыздан:

– Қал-аға, жас кезіңізде өлең жаздыңыз ба? – деп сұрапты бір әріптесі. Сонда ол кісі:

– Егер мен өлең жазсам, поэзия төрт қабырғадан тұратын болса, онда соның бір қабырғасын құлатар едім, – депті. Демек, ол кісі өлең киесінен қорыққан. Сол секілді Әсекең жазғанда кейбіреу секілді жағымпазданып, шенділерді шектен шыға мақтаған жоқ. Оның өлең шыңына көтерілгені, Сәбираның бар кезі. Қалай Сәбира қайтты, қайғы-мұңын ақтарып, жоқтау өлеңдерін көп жазды. Оның үстіне өте жақын достары бірінен соң бірі кетті – Нұрпейіс Байғараев, Дархан Сапаров, Сақтаған Есмаханов, Әділхан Бәйменов, Асқар Кіребаев, Құттыбай Сыдықов, Өтеген Жаппархан… Міне, осылардың әрбіріне естеліктер мен арнау өлеңдер жазды, қайғысын жүрегімен қабылдады. Бәрінен жанына қатты батқаны – қарашаңырақ иесі, інісі Жұмабектің қазасы. Осылардан кейін Әсекең тұйық өмір кешті…»

Ардагер-журналист Мұхамеджан Нұрхан әкемнің ақындығының сырына бойлайды:

«Ақынның «Тұлпар туралы дастаны» – кең тынысты, эпикалық шығарма. Мұнда Ілияс, Абай дәстүрлерін ұстану бар. Бұл – өз дәуірінің озық шығармаларының бірі.

Рахымбекұлының эпиктігі бірінен бірі озып тұр. Осы екі жанрда да өндіре жазды. Поэзияның жаны лирика десек, бұл ретте ақын тағы да оқшау көзге түседі. Ақынның «Ініме» деген өлеңі:

Бауырым-ай,

Қатпаған бұғанасы.

Ағаттық көп ағаңда,

Сынамашы.

Шаңырағын әкенің арқаладың,

Тәлтіректеп келесің,

Құламашы…

Әсекеңнің «Түйе» атты өлеңі әр кезде менің балалық шағымды еске түсіруші еді. Бес-алты жастағы кезімде бәсіре ақ ботам Тәжік өзеніне суға кеткен болатын. Сол оқиға әлі күнге жаныма батады.

Тоналдың ақыр

Ал, енді үйдің ығына,

Ауыр ғой бұған көктемнің салқын шығы да.

Тап-тақыр қылып терісін ғана қалдырдың,

Жазығы бар ма,

Жазығы жуастығы ма?

Мұнда астарлы философиялық ой бар. Ой түйінін шешуді оқырманның өзіне қалдырған, автор.

Кешегі советтік дәуірде өз байлығымызға өзіміз ие бола алмадық. Сонда да үндемедік, іштен тындық. Жүнделген түйе сияқты болдық…»

«Тұлпар тұрпатты тұлға» аталатын кітаптың жинақталуына, басылуына айрықша атсалысқан ағамыз Қабдеш Шағыровтың естелігі бәріміздің жүрек сағынышымыз:

«…Әңгіме үстінде барынша жайдарыланып, әншейіндегі тұйық мінезіңіз ашылып, жан-жағыңызға мейір төгіп отыратыныңыз бар еді-ау. Сонан соң қарындасыңыздың қолқалауымен қолыңызға домбыра алып, қоңыр дауыспен үй ішіндегілерді ұйытып ән салатынсыз. Екі-үш әнді қайырып болып, өлеңдеріңізді бірінен соң бірін жатқа оқитынсыз. Туған ауылдың кеңпейіл дарқандығына, өзіңізге деген ықыласына, бауырларыңыздың сүйіспеншілігіне іштей бір марқайып қайтатын едіңіз-ау, Әсеке-ай!

Осы күні ақынның жолы ауыр болатынын тағы да бір түсінгендеймін. Көрген ауыртпалықтан ердің белі қайысардай өміріңізді өлеңмен жазып кетіпсіз, ақын аға.

«Шалымыздың шайқалды шаңырағы,

Шаңыраққа қарап шал қамығады.

Түндігін жел желпіген ақ үй еді,

Қара кемпір кеткен соң қаңырады.

Қаңырады ақбоз үй, қаңырады,

Шилерінен шілдеде шаң ұрады.

Бозінгеннің ботасы белдеудегі,

Бебеулейді, бейшара шағынады», – деп өлеңмен гөй-гөйге салыпсыз, анаңыз елу жастан аса бере бақилық болғанда. Осы өлеңді оқығанда енесі өлген ботадай боздап қалған бауырларыңызды басынан сипап, жұбатып тұрғаныңыз көз алдыма келеді…»

Осындай еді, ол кісі. Мен әкемнің елге, өнерге, поэзияға еңбек сіңіріп, халыққа рухани қазына қалдырып кеткен өлмес ісін мақтан етемін және өмірімді асыл жанның ерекше, дара адами сипатын ұрпағының бойына дарытуға арнаймын.

Серік РАХЫМБЕКОВ

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<