Жылу беру маусымы аяқталды

3

0

Фото: Нұрболат Нұржаубай

Бірер күн бұрын жылу беру маусымы аяқталды. Ауа райы қолайлы болған соң қалада 1 сәуірде, Арал, Жаңақорған, Қармақшы, Жалағаш, Сырдарияда одан кейін тоқтатылды, қалған аудандарда 5 сәуірде аяқталмақ. Жауапты маусымда барлық әлеуметтік нысан мен орталық жылуға қосылған қөпқабатты тұрғын үйлер үздіксіз қамтамасыз етілген. Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының міндетін атқарушы Тахир Нәдірбектің айтуынша, кәсіпорындар штаттық режимде жұмыс істеді.

– Жылу сыртқы ауа температурасына сәйкес берілді. Қазір желілер мен жылу энергия көздерінің қазандықтарына температуралық және гидравликалық сынақтар жүргізілуде. Алдағы 2026-2027 жылғы жылу беру маусымына кәсіпорынның негізгі және қосалқы қондырғыларын жөндеу кестесі әзірленді. Бұдан басқа «Акса Энерджи» түрік компаниясы жаңа жылу-электр орталығын салып, 176 МВт электр энергиясын өндіруде. Қуаттылығы 45 МВт-тық 4 су жылыту қазандығы қосылды. Станцияны толығымен іске қосу мамыр айына жоспарланған. Бұл облысты толығымен электр энергиясымен қамтамасыз етіп, өндірісті дамытуға тың серпін береді, – дейді басқарма басшысының міндетін атқарушы.

Бүгінде электр станцияларындағы технологиялық бұзылулар 57 пайызға төмендеген. Энергетика министрлігі атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитетінің облыстық департамент басшысының міндетін атқарушы Тұрарбек Бадаевтің айтуынша, күзгі-қысқы кезең тұрақты, штаттық режимде өткен. Тұтынушылар электр және жылу энергиясымен толық қамтамасыз етілген. Электр станциялары жүйелік оператор бекіткен режимге сәйкес жұмыс жасауда.

– Өткен жылы энергетикалық кәсіпорындардағы жөндеу жұмысы белгіленген мерзімде аяқталды. Электр станцияларындағы технологиялық бұзылулар 57%-ға, электр желілерінде 5,5%-ға төмендеді. Мемлекеттік энергетикалық қадағалау және бақылау комитеті әкімдіктермен, KEGOC, «Қазақстан теміржолы», QazaqGaz акционерлік қоғамдарымен, көмір өндіруші және энергетикалық кәсіпорындармен салалық селекторлық кеңестер өткізуде, – деді ол.

Жылу беру маусымында қаланың шағын аудандарында орналасқан 20 автономды блок-модульдік қазандықтың 18-і штаттық режимде жұмысын тұрақты атқарды.  Қызылорда қаласы әкімінің шешіміне сәйкес 1 сәуір мен 1 мамыр аралығында жылу жүйелері жоғары қысымды сынақтан өтеді.

«Қызылорда жылу-электр орталығы» филиалының директоры Хасанғали Иманғалиевтің айтуынша, қазіргі таңда жылу жүйелерінің тозу көрсеткіші 40, нормативтік жылу ысыраптары 13,1 пайыз.

Қызылорда қаласындағы тозған желілерді азайту және жүйенің сенімді әрі тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін кәсіпорын өз қаражаты есебінен 31 млн теңге көлемінде қаржы қарастырып, ұзындығы 4,3 шақырым, диаметрі 57-325 мм аралығындағы кварталішілік жылу желілеріне жөндеу жұмыстарын жүргізеді.

Марал ишан көшесі бойындағы жерүсті жылу желісі жер астына ауыстырылады. Бұдан бөлек, жоспар бойынша республикалық бюджет қаражаты есебінен Қаржаубаев көшесіндегі №3 айдау-сорғы станциясы қайта жаңғыртылмақ. Жоспарланған жұмыстар іске асса, қаладағы тозған желілер бұрынғыдан да азаяды.

Айсәуле ҚАРАПАЕВА,

«Сыр бойы»