Ғасырға бір қадам

548

0

Биыл Қызылорда облыстық «Сыр бойы» газетінің жарыққа шыға бастағанына 95 жыл толды . Ғасырға қадам басқан басылымның  өзіндік тарихы, жүріп өткен жолы, жеткен жетістіктері мен бағындырған белестері туралы оқырман қауымға тарқатып айтқымыз келеді.

Алғашқы қадам

ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында Сыр бойы қазақтарына «Дала уалаяты», «Қазақ газеті», «Айқап», «Қазақстан», «Сарыарқа», «Абай», «Бірлік туы» тәрізді газет-журналдар аз да болса тарап тұрды. Бұл газеттердің көпшілігі Қазан революциясына байланысты жабылды. Төңкерістен кейін шыққан 12 газеттің тек екеуі ғана қазақ тілінде жарық көрді. Азамат соғысы жылдарында, онан кейінгі кезеңдерде шыққан басылымдардан төменгі Сыр бойына көбірек тарағандары «Еңбекші қазақ» (қазіргі «Егемен Қазақстан»), «Степная правда» (қазіргі «Казахстанская правда»), «Ақжол» газеттері болды. Кейінірек Қазақстан астанасының Орынбордан Қызылордаға көшуі Сыр өлкесінің мәдени өміріне үлкен серпіліс ала келді, бұқара халық мәдени жағынан қарыштап алға басты.

1925 жылдың жазында барлық республикалық газеттер жаңа астана – Қызылордаға көшірілді. Осы жылдары өз жұмысын Қызылордада жалғастырған «Жас қайрат», «Лениншіл жас», «Қызыл Қазақстан», «Жаңа мектеп» және  «Еңбекші қазақ», «Ақжол» сияқты басылымдарда көркем шығармалар, қазақ тарихына, оның ішінде Сыр өңіріне қатысты зерттеулер мен дерегі мол мақалалар жиі басылып тұрды.

1929 жылы осы басылымдардың қатарын «Сыр бойы» газеті толықтырып, Қызылордада өлкелік партия комитеті мен кәсіподақ кеңесінің органы болып жұмыс жасады. Газеттің шығу тарихына байланысты түрлі пікір қалыптасқан. Дегенмен, газеттің редакторы болған Нұрділдә Уәлиұлы қазақ басылымдарын зерттеу барысында газеттің бірінші санын тауып, ғылыми негізде дәлелдеген.

Оның бұл табысы өзінің шығу тарихын 1938 жылмен байланыстырған басылымның ғұмырын кейінге шегерді. Ақын, журналист, газеттің редакторы болған Әскербек Рахымбекұлы «Сыр бойының сырласы» атты мақаласында бұл жаңалықтың үлкен ізденіспен келгенін айтады. Сондай-ақ  жазушы-журналист Айжарық Сәдібекұлы да «Менің университетім» деген мақаласында газеттің шығу тарихын нақтылаған Н.Уәлиұлы, әрі ол 1929 жылдан бастап шықты деп көрсетеді.

Хош, сонымен «Сыр бойы» газеті 1929 жылдың 1 шілдесінен бастап жарық көрді. Облыстың ұлттық-танымдық-саяси басылымының алғашқы саны әдепкіде Қызылорда аудандық партия, кеңес комитеттерінің және кәсіподақ бюросының органы болды. Әйтсе де, ол Жаңақорған, Қармақшы, Қазалы аудандарынан да хабарлар беріп тұрды.

«Сыр бойының» алғашқы нөмірлерінен-ақ бұқараның құлағы һәм тілі болғанын аңғарамыз. Парақорлыққа қарсы күрес, Қызылорда округінде мектептер мен ауруханалар құрылысы, ауылдық кеңестердегі жұмыссыздар есебі, еңбек биржасы және несие, ауыл шаруашылығын көтеру жолдары, спиртті ішімдіктерді сатудың ережесі, сондай-ақ әйелдер тұрмысын түзеп, оларды кеңес жұмысына тарту мәселелері газет бетінен түспей келген. Сондай-ақ «Сыр бойы» – ауыл шаруашылығын социалдық негізге құруға басшылық қылсын, қалың еңбекшілер арасынан қалам қайраткерлерін шығарсын» деген ұранмен жарық көре бастады.

Арада 3 жыл өткеннен кейін, 1932 жылы басылым аты «Ленин туы» болып өзгертілді. Осы жылдың ортасына дейін газет араб және латын қаріптерімен аралас теріліп шығып тұрған. Ол алғашқыда айына екі рет шығып, «Правданың» жарты форматымен 4 бет болып басылып, 2 мың данадан астам тиражбен таратылған. Атауы өзгергенмен, газет бұрынғысынша ауданаралық бола отырып, колхоз құрылысын нығайтуға күш салды.  Сауатсыздықты жоюға, халықтың рухани өсуіне  дәнекер болды. Редакцияда әр кезде жаңа қалыптаса бастаған жас талапкерлермен қатар, республикаға сол кездің өзінде танымал болған ақын, жазушылар, журналистер жұмыс істеген.

1938 жылы облыс құрылғаннан кейін  22 наурыздан бастап «Ленин туы» облыстық «Ленин жолы» газеті деп аталды. Бұрынғы атауы Сырдария ауданының ұйымдастырылуына орай аудандық газетке берілді. Бас-аяғы 10 жылға таяу уақыт ішінде газеттің 785 нөмірі жарық көріпті. Бұл шақта газет өз беттерінде айдынды Арал мен қарт Қаратау, Қарақұм мен Қызылқұм арасын ен жайлаған халықтың өміріне, хал-ахуалына, мәдениет және әдебиет мәселелеріне, халықты жаппай сауаттандыруға айрықша көңіл бөлді. Нартай, Әлібек, Қуаныш, Төлебай, Ысқақ, Аппаз, Бейсембай секілді Сыр бойының әнші-жыршы, ақындары өз облысының дархан даласының байлығын, жерлестерінің қаһармандық істерін баспасөз бетінде шабытпен жырласа, С.Мәуленов, А.Жұмағалиев, С.Адамбеков, М.Киікбаев, т.б. қаламгерлер осы газет арқылы жұртшылыққа танылды.

Бұл жылы жарық көрген «Ленин жолы» латын қарпімен жазылды. Осы кезеңде газеттің таралымы 6390 данаға жеткен екен. Уақыт безбенімен өлшегенде жоғары көрсеткіш. Газеттің жылдық жазылымы 30 сом болса, жеке нөмірі 10 тиыннан сатылған. 1939 жылы газет жаңа сапалық деңгейге көтерілді. Басылымға жоғары білімді мамандар тұрақтала бастады. З.Жарқынбаев, Б.Әлменов, Ж.Құлымбетов, т.б. қаламы жүйрік журналистер қызметке келіп, шабыттарын шыңдай бастаған кез осы тұс болатын.     

Қалыптасу кезеңдері

Бүгінде «Аймақ аттас ата басылым» деген анықтамалық атауға берік бекінген облыс баспасөзінің қарашаңырағы –  барлық бедерлі белестен өтіп, Сыр өлкесінің тыныс-тіршілігінің тамыр бүлкілін тап басып келеді. Шын мәнінде аймақ өмірінің айнасы және замана ағымына ілескен шегенді шежіресі болған басылымның әрбір нөмірінен облыстың келбеті мен қайнаған өмірінің лебі білініп тұрады.

Жылдардың парағы қаншама алмасқанымен, «Сыр бойы» газеті өзінің оқырмандары алдыңдағы борышын дәйім адал өтеп отырды. Соның арқасында Ахмет Байтұрсынұлының бейнелі тілімен толғағанда «халықтың көзі, тілі һәм құлағы» болып қала берді.

Тіпті соғыс жылдарында да басылымның әрбір нөмірі еңбек етуге шақырған ұрандармен шығып тұрды. Жастарға әскери-патриоттық тәрбие беруге, ерлікке баулуға ерекше көңіл аударды.

Осындай қажырлы еңбектің арқасында газет 1977 жылы КСРО Журналистер одағының құрметті дипломы және ақшалай сыйлығымен марапатталды. 1979 жылы 50 жылдық мерейтойына орай КСРО Жоғарғы кеңесі төралқасының Жарлығымен жоғары мемлекеттік награда – «Құрмет белгісі» орденін иеленді. Сондай-ақ 1983 жылы «Ленин жолы» газеті социалистік жарысты ақпараттандыру үздігін анықтайтын бүкілодақтық конкурс жеңімпазы ретінде Мәскеудегі Бүкілодақтық халық шаруашылығы жетістіктері көрмесіне үлгі ретінде қойылды.

Бұл газеттің құндылығы артып, оқырманға берер дүниесінің көбейе түскенін, беделінің күшейгенін білдірсе керек.

«Сыр бойы» – Сыр елінің тарихы

Тәуелсіздіктің туы тігілген 1991 жылы  ата басылым  жаңа жолға түсті. Сол тұста уақыттың талабына орай шұғыл түрде газеттің атауын өзгерту міндеті алға қойылды. 1991 жылы 14 қыркүйекте «Газет атын оқырмандар қояды» деген айдармен «Менің айтар ұсынысым…» тақырыбында бірнеше оқырман пікірі жарық көрді. Солaрдың қатарынан үзінді келтірейік:

З.Жарқынбаев, газеттің бұрынғы редакторы: «Мен газеттің атын «Сыр шамшырағы» немесе «Сыр елі» болып аталса деген ойдамын».

Б.Досмамбетов, Қызылорда пединституты ректорының міндетін атқарушы: «Газет бұрынғы атауы «Сыр бойына» қайта оралғаны жөн.

Е.Несіпбаев, облыстық агроөнеркәсіп бірлестігінің қызметкері: «Ақмешіт таңы» деп атасақ қайтеді».

Міне, осы тектес оқырман хаттары көптеп саналады. Алайда көпшілігі дені газеттің байырғы атауы «Сыр бойын» лайық деп санаған.

Осылайша газет оқырмандары тарапынан көп дауыс алған «Сыр бойы» атауын газетке беру жөнінде шешім қабылданады. Сөйтіп, газет 1991 жылдың 24 қыркүйегінен бастап  «Сыр бойы» деген атпен шыға бастайды. 1938 жылдан 1991 жылға дейін «Ленин жолы» аталып келіп, аймақтың ақпарат тынысына айналған басылым еліміз тәуелсіздік алып, тарихи атаулар қайта қалпына келе бастаған шақта, өзінің ежелгі атауымен қайта қауышты. Уақыт ағымына орай басылымның келбетi мен шығу жиiлiгi үнемi өзгерiске түсiп отырды.

1999 жылы «Сыр бойы» газеті өзінің 70 жылдық мерейтойын тойлады. Бұл жылы газет бетінде еңбек адамдары, әулие, батыр тұлғаларға айрықша басымдық берілді.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарымен салыстырғанда, 2005-2006 жылдардағы газет материалдарының сапалық тұрғыдан жақсарғанын аңғару қиын емес. Бұл кезеңде оқырман қатарының да артқаны байқалады. Тақырыптар қозғау жағында да өзгерістер орын алған. Жастар саясаты, әлеуметтік мәселелер, саммиттер, бағаны тұрақтандыру бағыттары талқыланып отырды. Сұхбат жанры кеңінен өріс алды. Қаламгерлердің жазу стилі де жаңа бағытқа бет бұрды, сапасы да жақсарды. Осындай оң өзгерістердің арқасында 2005 жылы «Сыр бойы» газеті Қазақстан Журналистер академиясының ең мәртебелі жалпыұлттық журналистік сыйлығы «Алтын жұлдыз» белгісімен марапатталып, «Үздік аймақтық газет» номинациясын иеленді. Сондай-ақ бұл жылдағы «Сыр бойының» ең басты жетістігі –  ҚР Президентінің бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы грантын  жеңіп алуы.

2009 жылы  «Сыр бойы» газетінің редакциясына келген тағы бір жаңалық – жылдың басында газеттің мәртебесі өзгерді. Сол кездегі облыс басшылығының қолдауы мен басшылық жасауының арқасында басылым ұжымының негізгі статусы анықталып, қазіргі заманның басқару жүйесіне көшті. Осы жылдан бастап ол «Облыстық «Сыр бойы» газеті редакциясы» шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорын болып атала бастады.  

Халықтың өмірінде жаңалық жаршысы болған басылым 2010 жылы аймақтың бұқаралық ақпарат құралдарын біріктірген «Сыр медиа» ЖШС құрамына кірді.

Жыл сайын басылым жаңа айдарлар, жас қаламгелермен толығып ғана қоймай, жаңа жетістіктерге де қол жеткізуде. Оған дәлел, өткен жылы ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің, «Медиа дамыту қоры» корпоративтік қорының ұйымдастыруымен баспа, радио, интернет-журналистика саласын қамтитын «URKER – 2023» ұлттық бәйгесінен «Үздік өңірлік БАҚ» номинациясы бойынша жеңімпаз атануы. Бұл жетістіктің артында ұжымның үлкен ізденісі, ауызбіршілігі мен қажырлы еңбегі тұр.

Қалай десек те, газет өзінің бет-бейнесін жоғалтқан жоқ. Себебі, мерзімді басылым – ұлт рухын оятатын, халықты парасат пен мәдениетке, білім мен ғылымға, өркениет пен өнерге тәрбиелей алатын құрал. Технология қарыштап дамыған, минут санап мыңдаған автоматты бұйым шығатын қарбалас заманда басылымның беделі айқындала түсті. Ғаламтор бетіндегі асығыс ақпараттардың ақ-қарасын оқырман газеттен табатын болды. Солардың қатарында тарихы терең «Сыр бойы» газеті де шығармашылық еркіндігін бәрінен биік қояды. Ұлттың рухани тәуелсіздігін сездіру, халықты бірлік пен татулыққа шақыру «Сыр бойы» газетінің міндеті болып қала бермек.

Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<