Маңдайын күн, табанын құм сүйген

307

0

Өңірлік коммуникациялар қызметінде еңбек адамдарымен кездесу өтті. Жиында «Ақмая» шаруа қожалығының күріш бригадирі Гүлсім Дәрібаева, «Таң ЛТД» ЖШС күрішшісі Қазихан Үрмет, «Шаған Жер» ЖШС механизаторы Айбек Уәлиев еңбек жолы жайлы айтты.

– Дала академигі Ыбырай Жақаев атамыз «Еңбектің көзін тапқан, байлықтың өзін табады» деген екен. Міне, сол еңбектің арқасында талай жетістіктерге жеттім, – дейді «Ерен еңбегі үшін» медалінің, үшінші дәрежелі «Еңбек даңқы» орденінің иегері Гүлсім Дәрібаева.

Ол – «Ақмая» шаруа қожалығында 40 жылдан астам уақыт бойы ер азаматтармен иық тіресіп, қарапайым жұмысшыдан күріш бригадасының басшысына дейінгі жолдан өтіп, мол тәжірибе жинақтаған маман. Биыл  «Ақмая» шаруа қожалығы 400 гектар күріштің әр гектарынан 65 центнерден өнім алып, жалпы көлемі 2 600 тонна Сыр салысы өндірілді. Бұл нәтижеге қол жеткізуде Гүлсім Әбілқасымқызы басқаратын күріш бригадасының елеулі еңбегі бар. Бүгінде ол ауыл шаруашылығы саласында жинаған мол тәжірибесін жастарға үйретіп, еңбексүйгіштікке баулып келеді.

– Тоғызыншы сыныпта бізде трактор сабағы болатын. Сол сабаққа қызықтым. Ол кезде ауданымызда Жадыра Таспамбетова деген апамыз механизатор болып жұмыс істейтін. Сол кісінің салған сара жолын таңдап, мектепті бітіре салысымен комсомол жастар бригадасына жұмысшы болып кірдім. 1986 жылы трактордың рөліне отырып, 6 жыл трактор айдадым, күріш те, бидай да ектік. Ол уақыт апталық деген болатын. Тракторды кім көп айдайды, соған сай басшылықтың ұсынысымен жоғары марапаттар алып, жұлдыз тағатын. Жетістікке жету үшін таңның атысы мен күннің батысы жұмыс істедік. Бүгінде Шиелі ауданындағы «Ақмая» шаруа қожалығында күріш бригадирі болып еңбек етемін. Қарамағымда бірнеше техника бар.

Күріш егу оңай емес. Баланы қырқынан шығарғандай, қырық күнге дейін мәпелемесең, азанда-кешке суын тексеріп, тереңдігін қарамасаң болмайды. Мен өз ұжымыммен мақтанамын. Ұжымда жасы 73-ке келген Пак Герасим деген зейнеткер ағамыз бар. Екі рет озат болған. Сәулебек Әлтаев деген ағамыз бар. 64 жасқа келсе де әлі күріш егіп келе жатыр. Ол кісі де чемпион болды, – дейді ол.

Еңбегімен елге сыйлы жан 2017 жылы Президент Жарлығымен «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған. Жақында Мемлекет басшысының өңірге сапары кезінде «Еңбек аллеясындағы» кездесуде Гүлсім Дәрібаева да өзінің еңбек жолы туралы айтты.

–  Мемлекет басшысымен кездесу – үлкен мәртебе. 25 қазанда «Еңбек даңқы» орденімен марапатталдым. Марапат маған ғана емес, барша диқан қауымына көрсетілген құрмет деп білемін. Бұл үшін ел Президентіне, аймақ басшысына алғыс білдіремін, – дейді Г.Дәрібаева.

Берекелі ісімен танылған, еңбегі еселенген, күріш өсіру саласын толықтай меңгерген маманның бірі – Қазихан Үрмет. Ол – 38 жылдан астам уақыттан бері «Таң ЛТД» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің күрішшісі. Күріш, арпа, бидай, жоңышқа өсіріп, жоғары өнім жинауға өз үлесін қосып келеді.

Ол мектеп бітіргеннен кейін шаруашылықта еңбек жолын бастаған. 1994 жылға дейін жүргізуші, 2002 жылға дейін мал шаруашылығында, одан беріде күрішші болып еңбек етеді.

– Өздеріңіз білетін «Таң ЛТД» серіктестігі жыл сайын мол өнім алып, өңірдің экономикасын арттыруға үлесін қосып келеді. Жақында ғана Ақорда төрінде Республика күніне арналған салтанатты шарада Президент Қасым-Жомарт Тоқаев серіктестік директоры Имамзада Қуанышбайұлына «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын берді. Өзім Қызылорда қаласында өткен салтанатты шарада «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталдым. Бұл Сыр өңірі, оның ішінде Жалағаш ауданының еңбеккерлеріне көрсетілген құрмет, зор мақтаныш деп есептеймін, – дейді Қ.Үрмет.

Өз ісіне мығым маман жерді мәпелеп, маржан дәннің бабын тауып, агротехникалық талаптардың сақталуына зор мән беретінін айтты. Содан болар маңдайын күн, табанын құм сүйген дала баласы нағыз еңбектің үлгісін танытуда. Ал «Таң ЛТД» шаруашылығы өз еңбеккерлерін ынталандыру және еңбек өнімділігін арттыру үшін 13 жылдан бері жыл сайын үздік нәтиже көрсеткен диқандар мен механизаторларға 6 жеңіл автокөлік және 300 млн теңге қаржылай сыйақы беріп келеді.

Кездесуде «Шаған жер» ЖШС-ның механизаторы Айбек Уәлиев те сөз сөйлеп, өзінің еңбек жолы туралы айтты. Жас маман Мемлекет басшысымен кездесуде «Барлығы бірдей ауылдан кетсе, бабамыздан қалған берекеге кім ие болмақ?» деген ойын, ауылда еңбек етудің артықшылықтарын айтқан болатын.

– Атам да, әкем де осы шаруашылықта қызмет атқарған. Мен де солардың ізімен қазір ауылда қалып, еңбек етіп жүрмін. Бүгінде жастардың көбі ауылдан жыраққа кетіп, табысты сырттан тапқысы келеді. Бірақ, барлығы бірдей ауылдан кетсе, бабамыздан қалған берекеге кім ие болмақ? Оның үстіне қазір ауылымызда жағдай жасалған. Ауызсу 24 сағат ағып тұр. Мектеп, аурухана, балабақша бәрі бар. Жұмыс істеймін деген адамға оның  көзі табылады, – деді Айбек Уәлиев.

Айбек – серіктестікте жұмыс атқару барысында жақсы көрсеткіштермен көзге түскен, ауыл шаруашылығы саласында аянбай еңбек етіп келе жатқан жас мамандардың бірі. Республика күніне арналған салтанатты шарада Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасымен марапатталды. Ол – Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің түлегі. 2019 жылдан бері «Шаған жер» шаруашылығында механизатор.

Биболат СӘТЖАН

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<