Ғибратқа айналған ғұмыр

8

0

Сыр өңіріне белгілі ұстаз, мыңдаған шәкірт дайындаған, Ислам діні үшін күресіп, халықтың діни сауатын ашып, мешіт ұстаған Қожабай ахунның тікелей ұрпағы, немересі Әбдіраш Іскендіров 1919 жылы Қармақшы ауданы Көктөбе қыстағында дүниеге келген. Әкесі Іскендір Қожабайұлы дін таратушы, медресе, мешіт ұстаған кісі болған, 1937 жылы репрессияға ұшырап, Карлагта қаза тапқан.

Ә.Іскендіров 1936 жылы орта мектептен соң қаржы қызметкерлерін дайындайтын курсқа оқуға түсті. Мамандық алып «Жаңа тілек» кеңшарында есепші болып жұмыс іс­теді, одан кейін  Қармақшы аудандық мем­лекеттік банкінде қызмет етті.

Қызыл Армия қатарына 1939 жылдың қаңтар айында шақырылып, Прибалтика май­данының 14-артиллерия-гвардиялық пол­кін­де қатардағы жауынгер болды. Соғыс бас­тал­ғаннан 1946 жылға дейін бөлімше ко­мандирі, басқару взводының командирі және №14 «Қызыл Ту» орденді Ленинград артил­лериялық-гвардиялық полкінің дивизион старшинасы қызметіне бекітілді.

Ленинград және Прибалтика майданда­рына қатысып, төрт рет жарақат алған. Қор­шаудағы қала үшін болған шайқастың басынан аяғына дейін қатысқан.

Соғыс өрті өршіп тұрған, сұрапыл жылдар оны ерте есейтті. Отан үшін от кешкен жас жігіттің ерлігі ескерусіз қалмады. Екі мәрте «За отвагу» медалімен, «За оборону Ленинграда», «За победу над Германией»,  ІІ дәрежелі «Даңқ» орденімен марапатталды. Соғыстан кейін майданда көрсеткен ерекше ерлігі үшін І және ІІ дәрежедегі «Отан соғысы» ордендерін, мадақтаулар,  мерекелік медальдар алған.

Армия қатарынан 1946 жылдың тамыз айында қайтарылып, елге келген соң Қар­мақ­шы аудандық тұтынушылар одағы сель­­по­сында есепші болып жұмыс істеді. Ждан­ов атындағы колхоздың председа­телі, Қармақшы, Сырдария, Арал аудандық тұ­тыну­шы­лар одағының басқарма төрағасы, «Арал­сульфат» ОРС-ның бастығы қызмет­терін атқарды. 1962 жылы Қызылорда об­лыстық тұтынушылар одағы басқармасы төра­ғасының бірінші орынбасарлығына сайланды. Мәскеу қаласындағы Бүкілодақтық советтік сауда институтын бітіріп, совет сау­дасы және тұтынушылар кооперациясының экономисі мамандығын алып шыққан.  Ке­йін Қызылорда қалалық өнеркәсіп тауарлар саудасы мекемесінің директорлығына таға­йын­далды. Ал 1968 жылы облыстық партия комитеті бюросының шешімімен облыс­тық тұтынушылар одағының басқарма төраға­лығына сайланып, үздіксіз 16 жыл адал қыз­мет атқарды.

Әбдіраш Іскендіров жоғары ұйымдасты­рушылық қабілетін, өз саласының үздік кәсіби маманы екенін көрсетті. Оның басшылығымен мекеме қызметкерлері өңір тұрғындарына, алыс жайылымдардағы мал­шыларға дейін сапалы сауда қызметін көр­сетті.

Ол кооперативтік құрылымдардың мате­риалдық-техникалық жабдықталуына, сауда кешендері құрылысының дамуына баса көңіл бөлді және оған көп тер төгіп, күш жұмсады. Облыстың барлық ауданында ірі сауда орталықтары – универмагтар салынды. Тасбөгет поселкесінде «Ауыл рестораны» деп аталған керемет кешен құрылысы, ірі сауда базалары және басқа да сауда құрылымдары іске қосылды. «Ауыл мейрамханасында» 1993 жылы Қазақстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Қыр­ғызстан президенттері Арал теңізін сақтап қалу туралы келелі кеңес өткізді. Осы бір тарихи кездесудің Ә.Іскендіров салдырған дәстүрлі қарашаңырақта өткенін осы күнге дейін ел мақтанышпен еске алады. Тағы бір игілікті іс – сатушылар мен аспаздар дайындайтын үш қабатты сауда кооперативті техникумы ғимараты және оның бес қабатты жатақханасы бой көтерді. Кейіннен бұл техникум экономика және құқық колледжі болып, Сыр жастарына сапалы білім беруде.

Ә.Іскендіровтің сауатты басқаруымен ай­мақтың сауда саласының базасы мен мәдениеті өзге өңірлерден оқ бойы озып, республикада алдыңғы орынға шықты. Салаға өз бастамасымен қосқан тың жаңалығы – сауданың озат әдістерін қолданысқа ендіруі, яғни сатып алушының өзіне-өзі қызмет көрсетуі. Осы әдіс нәтижесінде тұтынушылар қатары күрт өсіп, аймақтағы 700-ге жуық дүкен қызметі халық сұранысын толық қанағаттандырды.

Тағы бір маңызды жаңалығы – өндіріс, ауыл шаруашылығы өнімдерін дайындау, өң­деу және сатуды жан-жақты, ұтымды ұйым­дастыруы. Қызылорда қаласында ғана емес, барлық аудан орталығында наубайхана, кондитер, сусын цехтары салынып, жұмысын бастады. Сонымен қатар, консерві жасау, қауыннан қақ тілу, құрт қайнату, құрт-ірімшік жасау цехтары да барлық елді мекенде ашылды. Саланың табысы күрт өсіп, 1983 жылы Қызылорда облыстық тұтынушылар одағына Бүкілодақтық ауыспалы Қызыл Ту берілді. Жұмыс тәжірибесін өзге аймақтарға насихаттау мақсатында республикалық семинар- кеңестер жиі-жиі өткізілді.

Басшының ізгілікті істерінің және бір қыры – кадр саясаты. Ол сауда саласының кадрларына жете көңіл бөліп, оларды білімді де білікті жастардан жасақтады. Тамыр-таныстықпен, туысқандық жолмен жұмысқа қабылдау табиғатына жат еді. Тәлім-тәрбие алған ізбасарлары Ж.Сарбалақов, Т.Боқаев, Т.Жүсіпов, К.Тәжмағанбетов, О.Әлібаев, С.На­ғашыбаев, Б.Асанов, С.Мығымбаева 25-30 жасында облыстық тұтыну кооперация­сының басшылық жүйесінде ұзақ жыл жемісті еңбек етті.

Ә.Іскендіров 1984 жылы еңбек демалысына шықты, тағы бірнеше жыл қызметте болды. Еңбегі ескерусіз қалмады, тұтынушылар кооперациясын дамытудағы табыстары, қол жеткізген жоғары көрсеткіштері, саланы да­мытудағы сіңірген жеке үлесі үшін Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесі Президиумының Құрмет грамотасымен, «Еңбек Қызыл Ту»  орденімен марапатталған. Сол уақытта мұндай марапатқа сауда саласында алғашқы болып қол жеткізген Ә.Іскендіров еді. Бірнеше рет Қазақстан компартиясы облыстық және аудандық комитеті мүшесі, облыстық және аудандық кеңес депутаты болып сайланды.

Әбдіраш Іскендірұлы 2001 жылы 82 жасында дүниеден озды.

Бүгінде еліміздің Тәуелсіздік алғанына 30 жылдан асты. Бабаларымыз ғасыр­лар бой­ғы арман еткен ұлы мұрат орындалып, еліміз еңсесін тіктеді, көк байрағымыз көкте желбіреп, Тәуелсіз елімізді әлем таныды. Әрине, Тәуелсіздік оңай келген жоқ. Бұл жолда қаншама қиындықтардан, саяси-әлеуметтік маңызды кезеңдерден өтіп, қыруар  еңбек жасалды, тер төгілді, қауіп-қатерлер де болды.

Осы күнге қол жеткізуде  Ә.Іскендіровтей еліне ерекше еңбек сіңірген тұлғаларды бағалап, саналы ғұмырын, ізгілікті жолын, парасаты мен пайымын, ұмытылмас ерен еңбегін, есімі мен өнегелік ісін, ғиб­рат­ты ғұмырын өскелең ұрпаққа үлгі ету – елді­гімізді, келешегімізді мызғымастай етудің сенімді кепілі.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы аса маңызды кезеңде еңбек демалысына шық­қанына қарамастан, атамыз халық, арда­гер­лер және жастар арасында ел басшылы­ғының саясатын қолдауға және түсіндіруге көп уақытын арнады. Ол қарулы күштердің қорғаныс қабілетін нығайту, елдегі ұлтаралық келісімді сақтау және экономиканы дамытуға бағытталған саясатты үздіксіз қолдап отырды.

Оның 1924 жылғы туған інісі Ибрагим Іскендіров 1942 жылы әскер қатарына шақы­рылып, ұрыс даласында хабар-ошарсыз кеткен. Әбдіраш әке өмірінің соңында ұрпағына Ибрагимді іздеп табуды аманат етіп тапсырды. Жылдар бойы жүргізілген ізденістер нә­тижесінде Ресейдің obd.memorial.ru базасы арқылы оның Украинаның Полтава облысы Зиньков қаласындағы «Бауырластар зи­ратында» жерленгені анықталды. Архив деректерінде Ибрагимнің 1943 жылы 4 қыр­күйекте Зиньков қаласын азат ету ке­зінде сержант, бөлімше командирі ретінде жан­кеш­тілікпен шайқасып, ерлікпен қаза тапқаны көрсетілген.

2013 жылы Ә.Іскендіровтың немерелері Серік Іскендіров, Рамазан Абдрасилов және күйеу баласы Болатбек Абдрасилов Украи­наның Зиньков қаласына арнайы барып, Ибрагим Іскендіровтің зиратының басында Құран бағыштап, туған жердің бір уыс топырағын салды.

Биыл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай соғыс қаһармандарының есімін ұлықтау мәселесі көтерілді. Осыған орай «Бәйтерек» шағын ауданындағы атауы жоқ көшеге Әбдіраш Іскендіров есімі берілді. Бұл – ел есінде мәңгі қалуға лайық ерлікке көрсетілген шынайы құрмет.

Ол отбасында ардақты әке, үлгілі жар болып, 1 ұл, 4 қыз тәрбиелеп өсірген, 12 немере, 29 шөбересі бар. Ұлағатты ұядан ұшып, жоғары білім алған ұрпақтары елге қалтқысыз қызмет етіп, әке салған ізбен жүріп,  жолын жалғаған  сыйлы, текті әулетке айналды.

«Ат тұяғын тай басар» демекші, Ә.Іскен­дірұлының немересі Серік бүгінде жеке кәсіпкер, Астана қаласының тұрғыны. Ол ел экономикасының дамуына өз үлесін қосып, адал еңбегімен танылып жүр. Екі жыл бұрын Қармақшы ауданында атасының рухына ас беріп, жыраулар сайысының өтуіне бастамашы болды.

Оның өмір жолы – Отанға деген шексіз адалдықтың, елдің жарқын болашағы мен тәуелсіздігі үшін жанын аямайтын қайсар ерліктің айқын үлгісі. Бейбіт күнде де ел мен облыс экономикасының өркендеуіне аянбай еңбек етіп, өзінің еңбекқорлығы, әділдігі мен адамгершілігі арқылы халықтың ерекше құрметіне бөленді.

Елі үшін туған, халқын шексіз сүйген тұлғаның өмірі өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге, терең тағылым мен мәңгілік мұра болып қала береді.

Гүлжазира ЖАЛҒАСОВА,

«Сыр бойы»