Биыл – Ұлы Жеңістің 80 жылдығы. Бұл – ел тарихындағы ең тағдырлы кезеңдерге тағзым етіп, ел үшін етігімен су кешіп, етегімен су ішкен ерлердің рухын ұлықтайтын жыл. Олардың ерлігі – уақытпен өлшенбейтін шындық.
Бір кездері қасиетті рухты келесі буынға аманаттап, елге қызмет етудің ерен үлгісін көрсеткен азаматтар – біздің бүгінгі қаһармандарымыз. Қазір аймақта екінші дүниежүзілік соғыстың көзі тірі екі-ақ ардагері қалды. Уақыттың тегершігін ешкім ұстап тұра алмасы анық.
Енді соғыс ардагерлеріне көрсетілетін құрметті тыл ардагерлеріне жасап келеміз. Ол кісілердің де алды тоқсанға иек артқан қариялар. Ауған соғысына қатысып келген жігіттердің де алды жетпістің желкенін керудің алдында тұр. Міне, уақыттың көзге көрінбей зымырап бара жатқанын осыдан-ақ байқауға болады.
Ауған соғысында ерліктің ерен үлгісін көрсеткен жерлестеріміз жетерлік. Олар қанды қырғыннан елге оралған соң, бейбіт өмірге тез бейімделді. Бірі кәсіппен айналысты, бірі мемлекеттік қызметке тұрып, бірі әскерге дейін алған білімі бойынша өз мамандығымен жұмыс істеді. Ешқайсысы абыройдан тыс қалған жоқ.
Сондай азаматтың бірі – Ауған соғысының ардагері, қоғам жанашыры, ел ағасы Мусиф Жарылқасынұлы. Ол жастық шағында Ауған жеріндегі сұрапыл соғыстың бел ортасында болды. Өз замандастары сияқты Отан алдындағы борышын абыроймен атқарды. Қиын-қыстау, адам өмірі сағатпен емес, сәтпен өлшенетін күндерде жүрегіндегі елге, бейбіт өмірге деген сағыныш пен сенім ғана алға жетеледі. Отан үшін, ар-намыс үшін жанын шүберекке түйген сол бір күндер оны өмір бойына темірдей тәртіп пен тік мінезге, әділеттілікке баулыды.
Соғыстан аман оралған жас жігіт бейбіт өмірде де шет қалмады. Ардагер ретінде тек естелікпен шектелмей, қоғам үшін аянбай еңбек етті. Ауған соғысы ардагерлерінің мәселесін көтеріп, оларға қамқорлық көрсетуге ұйытқы болды. Ардагерлердің мәртебесін қорғап, ұрпаққа үлгі боларлық шаралар ұйымдастырды.
Мусиф Жарылқасынұлы – тек әскери салада ғана емес, азаматтық қоғамның дамуына да сүбелі үлес қосқан тұлға. Ол экологиялық қауіпсіздік, мұнай қалдықтарын жою, ауыл-аймақты тазарту сынды істерге белсене араласты. Жастарға патриоттық тәрбие беру бағытында әскери техника үлгілерін көпшілікке таныстырып, қала орталығындағы «Мәңгілік алау» орналасқан алаңға халық тамашалап көруі, елдің басынан кешкен қиын күндерді ұрпақтың ұмытпауы үшін БТР әскери техникасын өз қаражатына алып, қойдырды.
Оның бастамасымен көптеген экологиялық жоба жүзеге асты. Ел ішінде қайырымдылықты үнсіз жасайтын жан ретінде танылды. Қазақтың «Оң қолың бергенді, сол қолың білмесін» деген қағидасын берік ұстанып, әлеуметтік әлжуаз топтарға көмектесуді өзінің азаматтық парызы санады. Азық-түлік, дәрі-дәрмек, оқу құралдары, киім-кешекпен көмек көрсету оның күнделікті ісі болды. Рамазан айы мен басқа да діни-рухани мерекелерде бастаған қайырымдылық шаралары ел жүрегінен орын алды.
Ол ұлттық дәстүрлер мен қазақы құндылықтарды заманауи қоғаммен үндестіре білді. Ат спортына жанашырлық танытып, қазақ жылқысын сақтау мен дәріптеуге атсалысты. Жастарды атқа мінуге баулып, рухани тамырдан ажырамауға үндеді. Бұл тек спорт емес, ұлттық болмысты сақтаудың көрінісі еді. Бүгінгі бейбіт аспан, тыныш таң кешегі жауынгердің жанқияр ерлігімен келген.
Сол ерлікті кейінгі ұрпаққа өнеге еткен Мусиф Жарылқасынұлының өмір жолы – нағыз ер азаматқа тән тағылым. Оның бойындағы парасат пен пайым, ерлік пен елдік – ұрпаққа ұлағат боларлық қасиет. Ерлік – ұмытылмайтын ұғым. Ал оны жүрегімен сезініп, өмірімен жалғаған ерлер – халықтың шын батыры.
Б.САЙМАҒАНБЕТОВ,
жыршы, Мәдениет қайраткері





