Қарашаш Ана күмбезі – ХІІІ-ХІV ғасырлардағы сәулет өнері ескерткіші. Қожа Ахмет Иасауидің анасы – Қарашаштың басына тұрғызылған. Оңтүстік Қазақстан облысының Сайрам ауданында орналасқан.
Күмбездің жалпы жобасы шаршыланып келген (6,3 х 6,3 метр), төбесі күмбезді, биіктігі 7,08 метр. Қабырға қалауына қосымша тіреу ретінде арша қолданылған. Оңтүстік және батысындағы қабырғаларының маңдайшалары сүйір жебеге ұқсатылып өрілген. Өрнекті кірпіш қалау әдісімен күмбез дөдегесін айналдыра белдеу тартқан. Күмбездің төрінде Қарашаш ананың мәрмәр тақташаларымен көмкерілген қабірі бар. Қарашаш Ананың шын есімі Айша бибі сайрамдық атақты Мұса шейхтың қызы болған. Айша бибі өмір сүрген ХІ ғасырда өлкемізде ғылым мен өнердің, мәдениеттің дамыған кезі болатын. Ұлы ғұлама Қожа Ахметтің анасы өз дәуірінің көзі ашық, әдепті, білімді әйелдерінің бірі болған. Қарашаш Ананы бүкіл түрік әлемі ардақ тұтады. Ол ізгі аналықтың символы іспеттес. Қарашаш Ананың қабірстанында ол кісіге қатысты Ибраһим қожа, Сүлеймен қожа, Сәлім қожа және Дәуіт қожа сынды жандардың да қабірлері қойылған.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<