Күз бен суретші

643

0

Оның суреттерінің бәрі – тірі. Тіпті, сізге тіл қатып тұрғандай, әлдебір ойдың әуенін еске салады. Бояуды кенепке төгерде айқын һәм шынайы. Содан ба заманауи туындылардың біріндей көрінеді. Әйтсе де ол – XIX ғасырдың адамы. Алуан түстердің арпалысынан ләззат алып, көркем өнердің керуеніне ілескен Клод Моне. Бұл – даңқты суретшінің «Жолы».

Картинаның құпиясы да сол, қолмен ұстағандай сол сәтті көзбен көргендей етіп орындалуында. Алтын күннің жарқыраған сәулесіне шомылған күзгі орман көрінісі. Суретші үшін мейірімді мезгіл, мерейлі мезет. Әртүрлі формада жерге кілемдей жайылған жұмсақ жапырақтар мерекелік көңіл күй сыйлайды. Аздап сағыныш та бар. Жаздан қалған естеліктер қоңыз күздің аспанында қалықтайды. Сұлулық һәм ты­ныштықпен тыныстаған табиғаттың таңғажайып кейпі жағымсыз ойдан тазаруға жол ашып тұрғандай.

Түстердің мұңды және жұмсақ реңк­тері қызықты комбинация түзген. Суретші жұм­сақ сарғыштықпен сұйыл­тылған жылы қоңыр һәм жасыл реңктерді қолданады. Кескіндемеде оң жақ бұрышында пейзажға тән балғындық бар. Оны уылжыған жасыл түстер айшықтап тұр. Аспанда сұр реңктер басым болғанына қарамастан, мұнда жылу мен мейірім, сағыныш пен сүйіспеншілік ұялаған. Сурет жаздың өткенін хабарлап тұрғандай. Күздің қара суығы келсе де әрбір мезгілден жаныңызға рахат іздеуге шақырады.

Бұл кескіндеме «Табиғат аясындағы таңғы ас» репродукциясы негізінде жазылған. Оқырманды еліктіріп әкететін детальдарға толы. Ашық аспан аясында күздің сұлу бейнесіне көз қадап, там­сануға ешкім кедергі жасамайды. У да шу қаланың қарбаласынан қашып, ты­ныштыққа бойсұну. Кескіндемеге қарап, өз ойларыңызбен серуендеп, жасырын тілектеріңізді үнсіз табиғатқа жайып салуыңызға болады. Француз суретшісі Клод Моне осыны айтқысы келгендей.

Бұл – күз бен суретшінің бір-біріне деген мөлдір махаббаты.

egemen.kz

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<