10 желтоқсанда қазақстандық әнші АҚШ-тың Нью-Йорк қаласында «Arnau tour ENVOY» атты жеке концертін бермек. Ұйымдастырушылар бұл концертте өнерсүйер қауымды тосынсый күтіп тұрғанын хабарлады.
Димаш Құдайбергеннің АҚШ-тағы жеке концертіне дайындық жұмыстары қандай деңгейде, әнші шетелдік көрерменді қалай таңғалдырады деген сұрақтарға Қазақстанның мәдениет және спорт министрлігі жауап берді.
Кәсіби мамандар қатысады
«Arnau tour ENVOY» жаңа шоуының басты тақырыбы – ғарыш және шексіз кеңістік. Шоуда ескі хиттермен қоса, арнайы дайындалған жаңа шығармалар ұсынылады. Димаш қазақ, ағылшын, орыс және қытай тілінде ән шырқайды», – делінген министрлік таратқан хабарламада.
Концерт бағдарламасын дайындауға талантты қазақстандық жастар жұмылдырылған. Шоу бағдарламаға қатысушылардың орташа жасы – 25.
«Мен әлемге мәдениетімізді «Arnau tour ENVOY» шоуы арқылы паш ететініме қуаныштымын. Нью-Йорктегі концерттің көрермендері заманауи нақыштағы қазақтың саф өнерімен таныса алады. Біз командамызбен осы бағытта жұмыс істеп жатырмыз. Жобаға қатысы бар әр адамды кәсіби маман деп айта аламын», – дейді Димаш Құдайберген.
Кімдер билейді?
Шоу хореографиясына Қуаныш Бекен мен Арсен Именов жауапты.
Қуаныш Бекен ISDS нұсқасы бойынша «2018 жылдың үздік хореографы» атанған. Ал Арсен Именов Contemporary art бағытында жұмыс істейді. Ол түрлі еуропалық труппаларда өнер көрсеткен.
«Концерттегі барлық хореографиялық элементтерді 10 бишіден құралған қазақстандық топ орындайды. Оның ішінде «Танцы на ТНТ» шоуының финалисі Александр Ли де бар», – делінген хабарламада.
Шарында түсірілді
«Arnau tour ENVOY» шоуының промо-ролигі Алматы облысындағы Шарын шатқалында түсірілді. Оны талантты қоюшы-оператор Азамат Дулатов дайындады. Ол осыған дейін қазақстандық және ресейлік жұлдыздардың фильмдері мен клиптерін түсірген.
Жаңа образ
Димаш пен шоуға қатысушылардың образын қазақстандық стилист Әнел Нұрашева дайындады. Бұл жұмысқа басқа дизайнерлер де атсалысқан.
Айта кетейік, қазақстандық әнші Димаш Құдайбергеннің жеке концерті Нью-Йорктегі Barclays Center аренасында өтеді. Ғимарат 19 мың көрерменге шақталған. Әншінің концертіне билеттер 13 қыркүйекте сатыла бастады.
Шараны АҚШ-тағы Қазақстанның мәдени күндері аясында ҚР мәдениет және спорт министрлігі ұйымдастырады.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<