Құсбегілер чемпионаты Сыр бойында өтуде

2289

0

Қазақ халқында аңшылық, саятшылық дейтін дүние бар. Ілкім заманнан келе жатқан ұлттық құндылық бүгінде әр жерде жанданып келеді. Әрине, екінің біріне дари бермейтін тазы ерту, құс баулу сияқты өнердің басын ұстаған азаматтар құрметке қашанда лайық. Жүгіртер иті мен ұшырар қыран құсының мінез-құлқы мен қасиетін жетік білетін нағыз саятшылар, құсбегілер ортамызда жетерлік. Бұрынғы бабалардан қалған қасиетті құндылықты дәріптеушілер Сыр бойына да келіп үлгерді.

Құсбегілер чемпионаты Сыр бойында өтуде

Бүгін Жаңақорған ауданында ұлттық спорт түрі – саятшылықтан республикалық чемпионаты басталды. Ересектер арасында XV-ші чемпионатқа еліміздің 2 қаласы мен 10 облысынан 70 құс және 90 саятшы қатысуда. Аңға салар құстардың қатарынан ителгі, бүркіт, қаршыға тұқымдарын байқауға болады.

Құсбегілер чемпионаты Сыр бойында өтуде

Бұған дейін Өңірлік коммуникациялар қызметінде брифинг берген облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Асылжан Жаманқұлов ұлттық спорттың осы түрі Қызылорда облысында алғаш ұйымдастырылып отырғанын айтқан еді.

Құсбегілер чемпионаты Сыр бойында өтуде

– Қазақ халқының саятшылық өнері – қызықты әрі қасиетті өнер. Жеті қазынаның бірі – ит пен құстың мінез-құлқы мен қасиетін жетік білетін нағыз саятшылар мен құсбегілердің жарысы тартысқа толы болмақ. Ұлттық спорттың дамуына ат салысып жүрген ардагер саятшы Әбдікәрім Түсей мен Алматы облысының ардагер саятшысы, ұлттық спорттың жанашыры Шаймардан Әден жарыстың құрметті қонағы болады, – деді басқарма басшысы.

Құсбегілер чемпионаты Сыр бойында өтуде

Сондай-ақ баспасөз конференциясына қатысқан ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің аға жаттықтырушысы Базарбек Күнтуғанұлы мен ҚР Қыран Федерациясының президенті, ҚР құрметті спорт қайраткері Бағдатхан Мүптекеқызы саятшылық өнер туралы баяндап, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.

Құсбегілер чемпионаты Сыр бойында өтуде

– Республикадағы барлық облыста ұлттық спорт мектептері бар. Соның жанынан құсбегілікке баулу сабақтары да жүреді. 1980 жылдары 10-15 ақсақал ғана осы кәсіппен айналысыпты. Оның ең үлкені 85 жаста болса, ең жасы 60-тан асқан болатын. Ал қазір 200-ге жуық құсбегі бар. Сондай-ақ ол кезде бүркітті ғана баулыған болса, бүгінде қаршыға, ителгі, лашын, бидайық сияқты құстарды қолға үйрету көбейген, – дейді ҚР Қыран Федерациясының президенті, ҚР құрметті спорт қайраткері Бағдатхан Мүптекеқызы.

Құсбегілер чемпионаты Сыр бойында өтуде

Оның айтуынша, ұлттық спорт мектептеріне қызығушы жастар көбейген. Әсіресе, Алматы, Жамбыл, Түркістан облыстарында мектеп жанынан құсбегілік бөлімінің жастармен жұмыс істеуі өте жақсы. Жуырда ғана Павлодарда өткен сайысқа қатысушы құсбегі-саятшылардың қатарында жас жігіттер көп болыпты.

Құсбегілер чемпионаты Сыр бойында өтуде

 – Қазақтың көп шоғырланған жері – Сыр өңірінде бұл чемпионат алғаш рет өтіп отыр. Бұған қуаныштымыз. Мойындау керек, ұлттық спортта ат бәйгесі, жамбы ату, көкпар сияқты түрлері алға шығып кетті. Сондықтан осы саятшылық, оның ішінде құсбегілік өнердің қасиетін жас буынға насихаттау үшін осындай ауқымды шаралар жиі ұйымдастыруымыз керек, – деген еді Бағдатхан Мүтепқызы.

Құсбегілер чемпионаты Сыр бойында өтуде

Айта кету керек, құсбегілер сайысысының қорытындысы алдағы жексенбі күні белгілі болады.

Құсбегілер чемпионаты Сыр бойында өтуде
Құсбегілер чемпионаты Сыр бойында өтуде
Құсбегілер чемпионаты Сыр бойында өтуде
Құсбегілер чемпионаты Сыр бойында өтуде

Ержан ҚОЖАС,

«Сыр бойы»

Суретті түсірген Н.НҰРЖАУБАЙ.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<