Қызылорда облысының кәсіпкерлер палатасы – «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының құрылымдық бөлімі. Бизнесті қолдау және қорғау бойынша басты қоғамдық институт. Мақсат – аймақта кәсіпкерліктің өсуі мен одан әрі дамуы үшін институционалдық негіздерді қалыптастыру. Ал міндеті – кәсіпкерлердің құқықтары мен мүдделерін қорғау, сондай-ақ бизнестің жүйелі жүргізілуі үшін кәсіпкерлерді заңнамалық және өзге де нормативтік ережелердің қалыптасу процесіне кеңінен қатысуына жағдай жасау.
Осы уакытқа дейін палатаның қол жеткізген нәтижесі ретінде – облыстық әкімдікпен бірге бірнеше жол карталарын жасап, кәсіпкерлікті, агроөнеркәсіпті дамытуға ерекше ықпал етіп отырғанын айтуға болады. Сондай-ақ «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен ұсынылған 7 бастаманың жергілікті әкімдікпен бірге сәтті жүзеге асуына тікелей дәнекерлігін айрықша атап өту керек. Бұл «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Төралқа төрағасы Тимур Құлыбаевтың жуырда облысқа жасаған сапарында сөз болды. Кездесуде облыстық кәсіпкерлер палатасының төрағасы Ғалымбек Жақсылықов баяндап берген еді.
Сонымен, бұл бастамалардың алғашқы қатарында облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың қолдауымен республикада бірінші болып толық форматты Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы құрылғанын айтуға болады. Кәсіпкерлерге қолжетімді болуы үшін жер телімдері мен инженерлік желілерге қатысты ақпараттар ресми интернет-ресурстарда орналастырылған. Атап айтқанда, облыс әкімдігінің сайтында Қызылорда қаласы мен 7 ауданның бас жоспары, түбегейлі жоспарлау жобасы көрсетілген. Мұнан өзге, кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы ауылдық елді мекендердің электронды картасын әзірледі. Карта демографиялық, әлеуметтік- экономикалық, статистикалық және өзге де сипаттағы ақпараттармен қамтылған. Атап айтқанда, картаға шекарасы белгіленген әкімшілік аумақтар, көше-жол тораптары, ғимараттар, кәсіпкерлік нысандар, электр, газ, жылу, байланыс желілері мен су жүйелері туралы ақпараттар толықтай енгізілген. Ал барлық ақпараттар мемлекеттік органдар, сондай-ақ монополистік мекемелермен ұсынылған мәліметтер негізінде өзектендіріліп отырады. Сондай-ақ, топографиялық және космо түсірілімдері 6 ай сайын жаңартылады.
Келесі кезекте «100 сауда орны» жобасы нәтижелі жүзеге асырылуда. Қазіргі таңда Қызылорда қаласы әкімдігі тарапынан 70 жер телімі әрі қарай кәсіпкерлерге конкурс негізінде беру үшін «Байқоңыр» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясына берілді. Жоба басталғалы 20 жер телімі кәсіппен айналысатын қызылордалықтарға табысталды.
Тағы бір жетістік – кәсіпкерлер үшін маңызды консультативтік-кеңесші органдар мүшелігінде бизнес өкілдерінің қатысуы 50 пайызды құрап отыр.
Азаматтарды жаппай кәсіпкерлікке тартуда палатамен қолға алынған «Бастау» жобасы айтарлықтай қозғау салып тұр. 2017 жылы пилоттық режимде өткен «Бастау» халық арасында үлкен сұранысқа ие болған. Облыстың 5 ауданынан 937 адам оқып, жобаларын сәтті қорғап шықты. Нәтижесінде 358 қызылордалыққа барлығы 948 млн теңге несие беріліп, жаңадан 394 жұмыс орны ашылды. Жобалардың басым бөлігі, яғни 268-і ауыл шаруашылығына қатысты. Биылғы жылы жобаға облыстың 7 ауданымен қоса, Төретам, Ақай ауылдары мен Байқоңыр, Қызылорда қаласының тұрғындары қатысу мүмкіндігіне ие болды. Қазіргі таңда Өңірлік орталық «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған» бағдарламасын жүзеге асыруда облыстағы негізгі операторлардың бірі.
Палата жыл ішінде 1600 қызылордалықты оқытып, ең кемі 320 азаматтың жобасын қаржыландыруды көздеп отыр. Қазірдің өзінде «Бастаудың» бірінші кезеңіне 291 қызылордалық қатысып, 1 ай көлемінде кәсіпкерлік саласындағы білімдерін жетілдірді. Осы қатысушылардың ішінде 262 азамат облыстық комиссия алдында жалпы құны 956 млн теңгелік бизнес-жоспарларын сәтті қорғап, жобаларын қаржы институттарына ұсынды.
Мұнан өзге, кәсіпкерлер палатасында сұранысқа ие жобалардың бірі – «Бизнес-кеңесші» оқу курсы. Өткен жылдың өзінде «Бизнес-кеңесшінің» аясында 800 адамды оқыту міндеттемесін алса, іс жүзінде 1555 қызылордалықты оқытып шықты. Нәтижесінде 96 азамат өз ісін бастап кетті.
Жыл басталғалы 1283 адам оқыса, оның ішінде 758 қызылордалық облыстық әкімдік жариялаған инновациялық жобаларға арналған гранттарға қатысушылар. Қазірдің өзінде 1300 адам «Бизнес-кеңесшіні» оқуға кезекте тұр. Оқыған азаматтар арасында биылғы жылдың 4 айында 27 адамның жалпы құны 88,9 млн теңгені құрайтын жобалары қаржыландырылды. Жалпы жыл басынан бері палата кеңесшілері 544 азаматқа 1315 кеңес беріп, 771 қызылордалыққа сервистік қызмет көрсетті.
Айта кету керек, сервистік қызметтердің ішінде бизнес-жоспар әзірлеу қызметі ерекше сұранысқа ие. Жыл басынан палата қызметкерлерімен бірге 713 бизнес-жоспар әзірленген болса, аталған жоспардың 622-сі облыс әкімдігімен жарияланған инновациялық грант байқауы барысында әзірленген.
Палата сарапшылары агроөнеркәсіптік салада жұмыс жасайтын кәсіпкерлерге кедергі келтіріп отырған нормативтік-құқықтық құжаттарға талдау жасаған болатын. Нәтижесінде, 2017 жылы ауыл шаруашылығы саласындағы нормативтік-құқықтық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу барысында Қызылорда облысының кәсіпкерлер палатасының 7 ұсынысы ескеріліп, Ауыл шаруашылығы министрлігінің екі субсидиялау ережесіне және Ұлттық экономика министрлігінің бір ережесіне өзгерістер енгізілді. Айта кету керек, бұл ұсыныстар кәсіпкерлермен талқыланып, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасымен бірге әзірленді. Бұл не өзгерістер және кәсіпкерлерге қандай тиімділігі бар? Палата төрағасы оның жай-жапсарын атап өтпек еді.
Бұрын Ауыл шаруашылығы министрлігінің мал шаруашылығы саласын субсидиялау қағидасына сәйкес өңірлердің климаттық ерекшеліктері ескерілмей, жалпы талап қойылып келген болатын. Яғни, қағидада 1000 бастан асатын бордақылау алаңдарында желден қорғаныс құрылғысы мен жылытқышы бар астаулар қою міндеттелген. Бірақ бұл талаптар оңтүстік өңірлердегі кәсіпкерлер үшін артық әрі негізсіз шығын болатын. Палатаның ұсынысы негізінде 2017 жылдың 27 қаңтарында Ауыл шаруашылығы министрлігінің бұйрығына өзгерістер енгізіліп, оңтүстік өңірлер үшін бұл талаптар алынып тасталды.
Сондай-ақ, ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 2017 жылғы 27 қаңтардағы №30 бұйрығындағы инвестициялық субсидия ережесіне бірқатар ауылшаруашылық техникаларына қойылған нормативтерін төмендетуге қол жеткізіліп, былтыр желтоқсан айында 4 өзгеріс бекітілді. Осы өзгерістерден кейін жаңа техника үшін жер көлемі жетіспегендіктен субсидиялаудан бас тартылған кәсіпкерлер қайта өтінім беріп, жаңа ереже бойынша субсидия алу мүмкіндігіне ие болды.
Мұнан өзге, өткен жылдан бастап ҚР Ұлттық экономика министрлігінің №93 бұйрығына сәйкес шетелден әкелінетін бірқатар ауылшаруашылық техникаларына 12% көлемінде қосымша құн салығын төлеу жоспарланған. Бұйрық жобасы кезінде бұл тізімге комбайндардың барлық түрі енгізілген болып шықты. Соған байланысты облыстық кәсіпкерлік палатасы «Атамекен» ҰКП-ның басшылығына хабар беріп, нәтижесінде күріш жинау комбайндарына қосымша құн салығы алынбайтын етіп бұйрық өзгертілді.
Мәселен, егер қайсыбір күріш шаруашылығы әлемдік жетекші компаниялардың комбайнын шетелден 150 млн теңгеге сатып әкелген болса, үстіндегі 18 млн теңге ҚҚС төлемейтін болады. Дәл осындай артықшылық күріш жинау жаткілеріне де берілген. Түйіндей айтқанда, облыста агроөнеркәсіп саласы кәсіпкерлеріне, жалпы кәсіпкерлікті дамытуға, бастамашыларды қолдауға өзге өңірлерде жоқ жеңілдіктер жасалып отыр. Бұл дегеніңіз, Елбасы алға қойған бастамаларды жүзеге асырудың айқын дәлелі.
Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ,
«Сыр бойы».
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<