11 бала! Обал-ай…

505

0

Қызылордада бір күнде екі оқушы суға батып кетті. Олардың денесін құтқарушылар жаздың басталуымен тұспатұс келетін балалар мерекесінде тапты.

Облыстық өрт сөндіру және авариялық құтқару жұмыстары қызметінің баспасөз хатшысы Әлия Ережепованың айтуынша, 112 нөміріне хабарлама сол күні түс әлетінде түскен. Мамандар оқиға орнына дереу жеткенмен кеш еді. Оқиғаға куәгер балықшы балалардың бірін жағаға алып шыққан екен. Алайда, өміріне араша түсе алмаған. Құтқару қызметіне содан кейін ғана қоңырау соғыпты. Ажал құшқан екі оқушы да қала іргесіндегі Тасбөгет кентінің 13 жастағы тұрғындары болып шықты. Екіншісін іздеуге құтқарушылар көп уақыт жұмсады. Тек түн жарымында ғана судан мәйітін алып шықты.

Қызылордада жаз басталмастан күн шыжып кетті. Осының өзінде сынап бағанасы 40 градустан әрі. «Бой сергітіп алайын» деп салқын суға күмп беретіндер көбейді. Бірақ кім-кімнің де сақтық шарасына құлақ асып, ережені елеп жатқаны шамалы. Ақыр соңы адам өліміне ұласатыны өкінішті. Төтенше жағдайлар министрлігінің Азаматтық қорғаныс және әскери бөлімдер комитетінің мәліметінше, биыл 5 айда еліміздің су айдындарында 34 бала қайтыс болған. Бұл өткен жылдың осы кезеңіндегіден 67 процентке артық. «Қайғылы оқиғаның басты себебі – ата-аналардың баласын қараусыз қалдыруы, балалардың тыйым салынған жерлерде шомылуы», – дейді комитет төрағасы Бауыржан Сыздықов.

Облыстық өрт сөндіру және авариялық құтқару жұмыстары қызметінің мәліметі де көңіл көншітпейді. 2 маусым күнгі ақпаратқа сүйенсек, жыл басынан бері құтқарушылар судан 17 адамның денесін алып шықты. Соның 11-і – үкілеп үміт артып отырған балалар. Дәл осы Тасбөгетте 26 мамырда ғана қайғылы оқиға болған еді. 14 жастағы жасөспірім каналда, белгіленбеген орында шомылған.

Аймақтың арнайы орындары 1 мау­сым­нан бері адам қабылдай бастады. Ал шомылуға тыйым салынған аумақтарда 133 ескертпе тақтайшасы орнатылды. Бірақ ол кейбіреудің жолына кедергі емес сияқты. «Өкінішті жағдайлар көбіне суға түсу кезінде балаларды қараусыз қал­дыру, қауіпті немесе тыйым салынған аумақта әрі мас күйінде шомылу сал­дарынан тіркеледі. Сондықтан тұрғын­дарды қауіпсіздік талабын сақтауға ша­қырамыз. Баланы көзден таса қылмаңыздар», – дейді облыстық жұмыл­дыру дайындығы басқармасының басшысы Медет Усаин.

Ендігі оқиғаны тарқатсақ, оқушылар алтын ұясымен қоштасқан күні кешкілік Қызылорда қаласына қарасты Қарауылтөбе ауылының жұрты абыр-сабыр күйге түсті. 8 жастағы ұл бала «Байқадам» каналының үстімен өтетін көпірмен келе жатып суға құлап кеткен. «Қызылорда су шаруашылығы» өндірістік учаскесінің дерегінше, көпір адам жүруге арналмаған. Кезінде су өлшегіш құралдарына арнап салыныпты. Алайда, ауыл сыртындағы үлкен көпірді алыссынған жұрт осы жерді қолай көреді екен. Керегін төтелеп тасиды. Екінші сыныпты енді бітірген бала сол күні 5 литрлік құтымен үйіне су әкелуге шыққан. Өткел үстінде аяғы тайып, ажал құшты. Ал денесін құтқарушылар екі күн бойы іздеді. Сапасы сын көтермейтін жалғызаяқ жолдың қауіптілігін ескермесе болмас…

Назерке Саниязова,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<