18 қаңтардан бастап ескірген ауыл шаруашылығы техникалары утилизацияға қабылданады

1058

0

ӨКМ операторы 18 қаңтардан бастап ескірген ауыл шаруашылығы техникалары утилизауцияға қабылданатынын жария етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігімен істен шыққан өздігінен жүретін ауыл шаруашылығы техникасын 2021 жылы қабылдау квотасының мөлшері мақұлданды. Осы бағдарламаны іске асыру аясында жыл соңына дейін 2380 бірлік ауылшаруашылық техникасын қабылдау жоспарланып отыр. Оның ішінде 1900 трактор, 480 комбайн қабылданады»,- деп хабарлайды ӨКМ операторының баспасөз қызметі.

Ауыл шаруашылығы техникалары Қазақстанның 11 облысында қабылданады. 18 қаңтардан бастап Қостанай, Петропавл, Көкшетау, Ақтөбе, Қарағанды, Қызылорда, Талдықорған, Шымкент қалаларында, 1 ақпаннан бастап Павлодар, Алматы және Тараз қалаларында ескі техникаларды өткізуге болады.

Еске сала кетсек бұған дейін қолданыстан шығып қалған көліктерді утилизацияға қабылдаудың 2021 жылғы бағдарламасы 11 қаңтарда қайта жанданғанын бұған дейін хабарлаған едік. Атап айтқанда 11 қаңтардан бастап Қарағанды, Қызылорда, Павлодар, Семей, Талдықорған, Тараз, Өскемен және Шымкент қаласындағы қабылдау бекетіне көлікті өткізуге болады. ал 18 қаңтардан бастап Ақтау, Ақтөбе, Атырау, Көкшетау, Қостанай, Нұр-Сұлтан, Петропавл мен Орал қалаларының қабылдау бекеті жұмысын бастайды. Ал 1 ақпаннан бастап ескі көліктер Алматы қаласында да қабылданады.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<