Республика бойынша мемлекеттік білім беру гранттарының қорытындысы жарияланды. Бұл ретте Сыр елі талапкерлері де үміт үдесінен шығып, мемлекет есебінен ұсынылатын тегін білім алу мүмкіндігін иеленді. Дәлірек айтқанда, биыл өңірде 5 184 оқушы мемлекеттік грантқа өтініш берген болса, олардың 3 849-ы грант иегері атанды. Айта кетейік, өткен оқу жылымен салыстырғанда грант иеленгендер саны 791 түлекке көбейіп отыр. Жалпы биыл республикада 75 мыңнан астам талапкер құжат тапсырған.
Мемлекет басшысының тапсырмасымен биыл гранттардың жалпы саны 5 мыңға артқан. Оның ішінде «Білім беру», «Денсаулық сақтау», ақпараттық коммуникациялық технологиялар, ауыл шаруашылығы және техникалық мамандықтар қамтылған. Бұл орайда облыс бойынша грант иеленген 3 849 оқушының басым бөлігі педагогикалық және техникалық мамандықтарды таңдағаны байқалып отыр. Нақты айтқанда, 1303 талапкер педагогикалық, 361 түлек медициналық бағытты таңдаса, 1173 үміткер техникалық мамандықтарға талпынған. Ал, 217 түлек ауыл шаруашылығы бағытына қарай шешім қабылдапты. Сонымен бірге, 795 түлек өзге де мамандық иесі болуды көздейді.
Тағы бір дерек, 2020-2021 оқу жылының қорытындысы бойынша «Алтын белгі» иегерлерінің 190-ы, яғни 35% педагогикалық бағыттағы мамандықтар бойынша оқуға қабылданған. Бұл нені білдіреді? Ойлап қарасақ, «Педагог мәртебесі» арнайы заңы қабылданып, салаға әлеуметтік қолдаудың көлемі жыл сайын артып отырғаны, сондай-ақ студенттер үшін берілетін шәкіртақының да көлемі жоғары болғаны аталған салаға деген сенімді арттыра түскен сияқты.
Колледждерге келсек, бүгінгі таңда білім саласында жүзеге асырылып отырған «Жас маман» жобасы сұранысқа ие 100 мамандық бойынша білікті мамандарды даярлауда халықаралық тәжірибені енгізуге бағытталған. Жобаға облыс бойынша 2020 жылы 4 колледж, 2021 жылы 5 колледж, жалпы 9 колледж енгізілді. Өткен жылы колледжді 5988 түлек бітірген болса, 5130 жас маман жұмысқа орналасқан.
Өздеріңізге белгілі, қалыптасып отырған эпидахуалға байланысты өткен жылы жалпы еліміз бойынша оқу процесі онлайн форматта жүргізілді. Осы орайда ата-аналар тарапынан балалардың білім деңгейі төмендеп кетеді деген алаңдаушылық болған еді. Бұл – орынды пікір. Дегенмен, дер кезінде білім беру ұйымдары үшін барлық мүмкіндіктер жасалғандықтан, орташа білім сапасы өз деңгейінде екенін биылғы грант иегерлері арқылы айқындауға болады.
Ғазиза Әбілда,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<