Ел экономикасына тың серпін берген ірі жобаның бірі – «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық транзиттік дәлізі. Бұл жол Қытайдан Қазақстанға, Орталық Азия елдеріне, Ресейдің батыс өңірлері мен Еуропаға тауар тасымалдаудың ең тиімді бағытына айналды.
Ұлы Жібек жолын қайта жаңғыртуды ұсынған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасы күллі әлем жұртының назарын аударған еді. Аз уақытта жүзеге асқан ауқымды жоба экономиканың бүлк-бүлк соққан күретамырына айналды. Бұл дәліз Қытайдан Еуропаға тауар тасымалдаудың ең қысқа өзегі саналады. Мәселен, тауарды теңіз арқылы жеткізу үшін 45 тәулік кетсе, теміржол арқылы кемі 15 күн жұмсалатын. Енді жол қысқарып, он күнде тауар жеткізуге мүмкіндік пайда болды. Көлік дәлізі еліміздегі халық саны бес жарым миллионға жуық адамды құрайтын 200 елді мекенді қамтиды.
Жалпы ұзындығы 8445 шақырым күре жолдың 2787 шақырымы біздің елге тиесілі. Яғни, бұл Ақтөбе, Қызылорда, Түркістан, Жамбыл және Алматы облысы халқының әлеуетін көтеруге ерекше әсер етті. Жол бойындағы мыңдаған халық жұмыспен қамтылды, барыс-келіс жеңілдеді.
Жобаны іске асыру нәтижесінде жол жүру уақыты екі есеге қысқарып, көлік ағыны айтарлықтай ұлғайды. Ел бойынша транзиттік жүктердің шамамен 90%-ін қамтамасыз етеді. Мәселен, осы жолмен 2009 жылы 160 мың тонна транзитті жүк тасымалданса, 2019 жылы көрсеткіш он есе өскен. Транзиттік дәліздің жылдық орташа экономикалық тиімділігі 190 млрд теңгеден асады.
Қазақстан арқылы өтетін 2787 шақырым жолдың 811 шақырымы Қызылорда облысы аумағына тиесілі. Дегенде, мәселе осы жолдың екі категорияға бөлінуінде болып тұр. Шымкенттен Қызылордаға дейін 1-ші санатты болып келген жол Қызылордадан Ақтөбе бағытына 2-ші санатты болып жалғасады. Неліктен? Көптің көкейіндегі мәселені зерделеп көрген едік.
– Халықаралық автодәліз құрылысы жобасын қаржыландыратын Еуропалық қайта құру және даму банкі өкілдері сол жылдары жолдағы көлік ағынына зерттеу жүргізді, – дейді «ҚазАвтоЖол» АҚ ҰК облыстық филиалының директоры Ерұлан Жүнісов. – Талаптар бойынша 1-ші санатты жол болу үшін бір тәулікте 7 мың көлік өтуі тиіс. Ал бұрынғы ескі трассамен Қызылордадан Алматы бағытына жүріп жатқан көлік саны бұл көрсеткіштің жартысындай ғана болса, Ақтөбе бағытында одан да көп төмен болды. Содан банк өкілдері бүкіл облыс аумағындағы жолды 2-ші санатпен жобалаймыз дегенде қарсылық білдірген едік. Министрліктерді жағалап, дәлелдер келтіріп, перспективаны ескеру қажеттігін жеткіздік. Ол кезде Ырғыздың жолы өте нашар болғандықтан, батысқа бет алған көліктер өзге өңірлер арқылы кетіп жатқанын да айттық. Қаншама дәлелдемелер келтіргенмен, облыс орталығынан батыс бағытқа екінші категория жол түсетін болып бекітілді.
Халықаралық трассада көлік қозғалысы уақыт жылжыған сайын арта түсуде. Мамандар дерегінше, М-32 «Самара-Шымкент» автомобиль жолында көлік құралдарының қарқындылығы жыл сайын 10-15%-ке жоғарылап келеді. Демек, Қызылордадан батысқа қарай жолға шыққан жүргізушілер үшін ауыртпалық еселене түсуде.
Облыстық Полиция департаменті мынадай дерек келтіріп отыр. Қызылорда мен Ақтөбе облысы шекарасына дейінгі жол аралығында өткен жылдың 12 айында 38 жол-көлік оқиғасы орын алған. Салдарынан 21 адам қаза тауып, 46 адам жарақаттанған. Ал, «ҚазАвтоЖол» АҚ ҰК облыстық филиалы тарапынан берілген ақпаратта жыл сайын республикалық маңызы бар автомобиль жолдарында жол таңбаларын сызу, ой-шұңқырларды жөндеу, белгі орнату және басқадай жұмыстар қауіпті азайтқанын көрсетеді. Айталық, қазіргі таңда М-32 «Самара-Шымкент» автомобиль жолы 98% жақсы деңгейге көтеріліп, жол-көлік оқиғалары бойынша 2019 жылмен салыстырғанда 2020 жылы жарақат алған адамдар мен қаза тапқандар азайған.
Әрине, қай кезде де адамның өмірі қымбат. Бір жылдан екінші жылдың көрсеткіші төмен болды деп көңіл тоғайтуға келетін жағдай бұл емес. Тар жолдың тауқыметін кез келген жан біледі. Алып жүк көліктері қатарласып алдыңызға түсе қалса, әуелі шыдам, сосын асқан сақтық қажеттігі айтпаса да түсінікті. Бір жылдың өзінде 21 отбасы қара жамылып, қырықтан астам адам денсаулығына зақым келіп, зардап шекті. Кім біледі, олардың арасында мүгедек болып қалғандары да бар шығар? Ал, осы жылдың 5 айында 9 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 7 адам қаза болса, жетеуі дене жарақатын алған.
Шымкент бағытындағы бірінші санатты жол төрт жолақтан тұратындықтан, қарама қарсы келу қаупі аз. Алайда төрт жолақты жолдың да өкінішті оқиғасы жоқ емес. Өткен жылы осы бағытта 31 жол-көлік оқиғасы орын алыпты. 8 адам қайтыс болып, 36 адам жарақат алса, биылғы жылдың бес айында 8 жол-көлік оқиғасынан 3 адам о дүниелік болып, 12 адам түрлі деңгейде жарақаттанған.
Жол кең, қарама-қарсы ұшырасатын көлік жоқ. Жол жақсарған сайын жылдамдық режимін сақтамайтын жүргізушілер көбейе түседі. Сағатына 120 шақырым жылдамдықтан асырмау керек болса, оны 200-ге дейін жеткізетіндер бар. Мұның соңы өте өкінішті жағдайға әкеліп жатады.
– М-32 «Самара-Шымкент» автомобиль жолында көлік құралдарының қарқындылығы жыл сайын 10-15%-ке жоғарылағанын айттық. Демек, күре жолдағы қатынас үдей береді. Қатынас үдеген жерде қауіпсіздік мәселесі күрделене түседі. Ендігі жерде Қызылорда қаласынан Ақтөбе облысы шекарасына дейінгі аралықты 4 (төрт) жолақты жол етіп жаңғырту өте маңызды, – дейді Е.Жүнісов. Бұл жөнінде облыс басшылығы тарапынан Үкіметке ұсыныс та берілген. Алайда, әзірге жауап көрінбейді.
Әдетте жол құрылысы өте қымбатқа түсетінін жақсы білеміз. Келер жылы құрылысы басталатын Жезқазған жолы да ұзақ талқыға түсті. Мұның күйін «Самара-Шымкент» жолына көзделген 4 жолақты ұсыныс та көрмесе дейміз. Шын мәнінде, халықаралық көлік дәлізі – күнделікті қаншама адам мен тауардың қатынас өзегі. Ал тар өзектің қаупі де өзекті бола бермек.
Біз бұған дейін ақылы жол жайында сараптау жарияладық. Ендігі жерде ол жаңалық әкеле ме?
Инфрақұрылымды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасына сәйкес, биылдан бастап, «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық автодәлізінің біраз бөлігі ақылы жолға айналуы тиіс. Көктемде Индустрия және инфрақұрылымды дамыту министрлігі Автомобиль жолдары комитетіне қарасты «ҚазАвтоЖол» АҚ ҰК өкілдері келіп қоғамдық тыңдаулар өткізген болатын. Қоғамдық тыңдауда жеңіл автокөлік үшін ІІ-ІІІ техникалық санаттағы жолдармен жүру тегін, ал І санаттағы автожолдарға іргелес аудандардың тұрғындарына жылдық абонемент бойынша жеңілдікпен жол жүру ұсынылатыны туралы айтылды. Мысалы, автодәліздің Қызылордадан батыс аудандар бағытындағы жол ІІ санатта болғандықтан, онда тек жүк автокөліктері үшін ғана ақылы болмақ. Ал, Шымкент бағытында жеңіл автокөліктер үшін де төлем жасалады.
«Computer vision technologies» ЖШС-ның облыстағы мамандары Шымкент бағытына 1 санатты жолмен жүретін жеңіл автокөлік иелері 1 мың теңге төлем жасап, жыл бойына жүре беретінін жеткізді. Ал жүк автокөліктері үшін тоннасына байланысты тарифтік көрсеткіштер бойынша есептелетін болады. Бірақ, әзірге тарифтер бекітілмеген, талқылануда.
Әйтсе де, осы жолмен қатынап жатқан жүк көліктерінің жүргізушілері жолдың ақылы болуына қарсылықтарын білдіріп, өре түрегелді. Олар ақылы жол енгізілген жерде оған балама ақылы емес жол болуы қажеттігін алға тартты. Бұл – дүние жүзі елдерінде қалыптасқан үрдіс. Сонымен қатар олар жол ақылы болғанмен, оның сапасы жақсара түсетініне күмәнмен қарайды.
Жүргізушілерді ашындырған жағдай Қазақ жол қатынастары ғылыми-зерттеу институтының жүк көліктерінен бірінші санаттағы жолдың әрбір шақырымы үшін 37 теңгеден төлеу керек деген ұсынысы болды. Алайда министрлік өкілдері Үкіметтің 2013 жылғы бірінші санаттағы әрбір шақырым жол үшін бекіткен 25 теңге тарифы өзгертілмейтінін мәлімдеді. Ал екінші санатты жолдар үшін бекітілетін тариф мөлшері одан төмен болмақ.
Қалай болғанда да Үкімет халықаралық автодәлізді ақылы жолға айналдыру жоспарынан бас тартпайтынын білдіріп отыр. Ақылы жолға балама жол жасау территориясы шағын елдерде мүмкін болғанмен, Қазақстан жағдайында ол өте қымбатқа түсетінін, оның мүмкін емес екенін барлық тарап та жақсы түсініп отырғаны белгілі.
Жол мұраты – жету. Қазіргі заманда жолға шыққандар межелі жеріне тақтайдай түзу жолмен барып, жолда сапалы қызмет түрлерін пайдаланып, жолаушысын да, жүгін де аман-есен жеткізгенді қалайды. Бұл арада мәселенің маңыздысы – ақысының қалтаға ауыр тимеуі. Әзірге жол жөніндегі жаңалықтың түйіні – осы.
Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<