Қауіпті індеттің құрығы

1004

0

Worldometers 13 шілде күні таңертең мынадай мәлімет таратты: әлемде 13 041 695 адам коронавирус жұқтырды. Оның 571 660-ы қайтыс болды, 7 588 092-сі емделіп шықты. Науқастар (3 413 995 адам) саны жөнінен де, көз жұмғандар (13 7782) саны жөнінен де АҚШ алда тұр. Иә, статистика күн сайын құбылуда. Әлемді әлекке салған дерттің уыты әлі де қайтар емес. Алда тағы қандай көлемде зардабын тигізетінін ешкім тап басып айта алмайды.

Ошағы Қытайдың Хубэй провинциясы саналатын қауіпті індет айналдырған екі апта ішінде басқа мемлекеттердің территория­сына тарап үлгерді. Оны жаппай жұқтырудың алғашқы дерегі өткен жылдың желтоқсанында тіркелді. «Вирус аталған провинцияның Ухань қаласындағы теңіз өнімдерін сататын көтерме базардан шықты» деген дерек бар. Базарды жапқанға дейін мұнда теңіз сүтқоректілері, жарғанат, әтеш, қоян, жылан сатылған. Қытайлық вирусологтар осылардың біреуі ауру көзі болуы мүмкін екенін тұспалдап отыр.

Алғашқы айда жаңа коронавирусты шамамен 6 мың адам жұқтырып, 130 адам дүниеден озды. Қытай Хубэйдің 17 қаласындағы 56 млн адамды карантинге жауып, жақын мегаполистермен арадағы көлік қатынасын тоқтатты. Кейін коронавирустың бұл түрі 2000 жылдың басында осы елде пайда болып, 800-дей адамның өмірін жалмаған SARS-CoV вирусымен 90 процентке ұқсас екені дәлелденді. Оған әуелі 2019-nCoV деген код беріп, 11 ақпаннан бастап SARS-CoV-2 деп ауыстырды.

COVID-19 атауын иеленген жұқпа тез тарағандықтан Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы 11 наурызда оны пандемия деп жариялады. Көптеген мемлекетте адамдардың қарым-қатынасын шектейтін қатаң шаралар қабылданды. Эпидемияны тежей білген жекелеген елдер экономикалық шығынды азайтып, әлеуметтік проблема туғызбау үшін қатаң шектеулерді біртіндеп жеңілдетті.

Бүкіл әлемді алаңдатып отырған індет елімізге де оңай тиген жоқ. Қауіптің бетін қайтару мақсатында 16 наурыз бен 11 мамыр аралығында төтенше жағдай режимі жарияланды. «Бүгін бүкіл ел аумағындағы төтенше жағдай режимі аяқталды. Алайда кейбір аймақтарда дерттің таралуы бәсеңдемей отыр. Індет толығымен жойылып кеткен жоқ. Пандемия халықтың денсаулығына әлі де қауіпті. Сондықтан карантиндік шектеулер әр өңірдегі жағдайдың жақсаруына қарай біртіндеп алынады», – деді Қазақстан Рес­публикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияның қоры­тынды отырысында.

Пандемия басталғалы бері батыл әрі қатаң шаралардың қабылдануы көптеген адамның өмірін сақтап қалуға мүмкіндік берді. Бірақ азаматтардың карантин шараларын жаппай сақтамауы, Денсаулық сақтау министрлігінің бұрынғы басшылығының жүйелі қателіктері және әкімдердің сылбырлығы салдарынан коронавирустың екінші толқыны жүрді. Пневмония асқынып кетті. Осыған байланысты 5 шілдеден бастап елде екі апталық карантин шаралары енгізілді. 8 шілдедегі телевизиялық үндеуінде Президент мұның дұрыс шешім болғанын атап өтті. Кеше Мемлекет басшысы карантин айдың соңына дейін созылатынын айтты.

«Әр қазақ – менің жалғызым» дегендей, әр азаматымыздың қа­засы менің жүрегіме қатты батады. Мынау алапат індет арамыздан талай асылдарымызды жұлып әкетуде. Бүгінде қара жамылып отырған азаматтардың қайғыларына ортақтасып, көңіл айтамын», – деген Мемлекет басшысы 13 шілдені Ұлттық аза тұту күні ретінде жариялады. Осылайша кеше барлық аймақтағы ғимараттардан Мемлекеттік Ту төмен түсіріліп, қазақстандықтар пандемия құрбандарын еске алды.

Қаперге салсақ, Қазақстанда коронавирус инфекциясын жұқтырудың алғашқы дерегі биыл 13 наурыз күні тіркелді. Ал 26 наурызда алғашқы өлім жағдайы анықталып, 64 жастағы әйел қайтыс болды. 12 шілдедегі мәліметке сүйенсек, содан бері елімізде 58 253 адам ауру жұқтырды. 33 814 адам жазылып шығып, 375 адам бақилыққа аттанды.

Статистика сағат санап өз­геруде. Қаптаған цифр­дың артында қаншама адам­ның, қаншама отбасының өмірі, денсаулығы мен тағ­дыры тұрғанын бағамдай беріңіз. Ал ол сіз бен біздің жауап­тылығымызға сын. Індетке қарсы күрес карантин шаралары қатаң сақталған кезде ғана нәтижелі болмақ. Бұл селқостық танытып, жүрдім-бардым қарайтын нәрсе емес. Өйткені қандай жағдайда ауру асқынып, өлім-жітім көбейгенін көріп отырмыз.

Мәселе бір бұл емес. Үкі­меттің 10 шілдедегі кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы пандемиямен күреске 150 млрд теңге бөлінетінін айтты. «Басты міндет – коронавирустың жұғу қарқынын ауыздықтап, таралуын тоқтату және науқастарды емдеу ісінде айтарлықтай нәтижеге жету», – деді ол. Сөйтіп, екі апта ішінде эпидемиологиялық ахуал жақсармаса, Үкіметтің қазіргі құрамда жұмыс істеу мүмкіндігі туралы мәселе туындайтынын жеткізді.

Елдегі қиын ахуал барлық жауапты сала үшін айтарлықтай сын болды. Президент жиында бұған да тоқталды. «Үкіметтің және әкімдердің қабылданған шараларды түсіндіруінде олқылықтар бар. Олардың қоғам пікірімен тиісті деңгейде жұмыс істей алмай отырғаны байқалды», – деді Мемлекет басшысы. Сонымен қатар, коронавирусқа қатысты жұмыс тәсілін жиі өзгерту, мысалы, науқастарды аяқ астынан симп­томды және симптомсыз деп бөлу халық арасында күмән туғызатыны сөз болды.

Ендігі жерде індетпен күрестің нәтижелі болуы Үкіметтің сыннан қорытынды шығарып, жүйелі жұмыс атқаруына және халықтың сақтық шараларын қатаң орындауына тікелей байланысты.

Назерке САНИЯЗОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<