Азық-түліктің 6 түрі толықтай елде өндірілетін болады

498

0

Қазақстан алдағы үш жылда азық-түліктің 6 түрі бойынша отандық өндірісті ұлғайтуды жоспарлап отыр. Нәтижесінде республика құс еті, шұжық, ірімшік пен сүзбе, алма, қант және балық импортынан құтылады. Бұл туралы ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

«Ішкі нарықты азық-түлік тауарларымен молықтыру жөніндегі міндетті шешу үшін министрлік импортын қысқарту қажет позицияларды айқындады. Бұлар – құс еті, шұжық өнімдері, ірімшік пен сүзбе, алма, қант және балық», – деді Омаров үкімет отырысында.  

Айтуынша, бүгінде алдағы үш жылға арналған бағыттардың әрқайсысы бойынша инвестициялық жобалардың нақты пулы айқындалды.

Құс еті

Қазір елде өндірілетін құс етінің көлемі ішкі нарық қажеттілігінің 58%-ін ғана жабады. Толықтай молықтыру үшін құс етін өндіру қуатын қосымша 171 мың тоннаға арттыру қажет. Өткен жылдың өзінде қуаты 94 мың тонна болатын 8 құс фабрикасы іске қосылды.

Алдағы үш жылда жалпы қуаты 191 мың тонна болатын 11 құс фабрикасын пайдалануға беру жоспарланып отыр.

«Бұл жобаларды үш жыл ішінде іске қосу құс еті бойынша қажеттілікті толық көлемде өтеуге мүмкіндік береді», – деді Омаров.

Шұжық өнімдері

Министрдің айтуынша, ішкі нарық отандық шұжық өнімімен 62%-ке қамтамасыз етілген.
Толықтай молықтыру қуаты 77,8 мың тонна болатын 6 ет комбинатын іске қосу есебінен, сондай-ақ айналым мақсаттарына арналған қаржыландыру және фермерлерді малды союға өткізуге ынталандыру есебінен қамтамасыз етілмек.

Ірімшік пен сүзбе

Сүт өнімдері импортының жалпы көлемі сүт шикізатына қайта есептегенде шамамен 500 мың тоннаны құрайды.

Молықтыру мәселесін өнеркәсіптік тауарлық сүт фермаларының қуаттылығын іске қосу мен кеңейту және отандық сүт зауыттарын жете жүктеу есебінен шешу жоспарланып отыр.

«Жыл сайын 35 өнеркәсіптік тауарлық сүт фермасын іске қосу көзделген», – деді ведомство басшысы.

Алма бақтары

Министрдің сөзінше, бүгінгі таңда алманы жалпы тұтыну көлемі 344,3 мың тоннаны, импорт 144 мың тоннаны құрайды.

Ауыл шаруашылығы министрлігі ішкі нарықты 6,6 мың га алаңда жаңа бақ салу есебінен қамтамасыз етуді жоспарлап отыр.

Алма бақтары Алматы, Жамбыл және Түркістан облыстары, Шымкент қаласында шоғырланады.

Жыл сайынғы бақ отырғызу көлемі орта есеппен 2 мың га болады, бұл толық жеміс беруге біртіндеп шыға отырып, алмаға деген тапшылықты жойып, 2024 жылы елді толықтай қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Қант

Қазіргі уақытта Қазақстанда өндірілетін қант тапшылығы 240 мың тоннаны немесе қажеттіліктің жартысынан көбін құрайды.

Ішкі нарықты молықтыру үшін Алматы облысындағы қант зауыты жаңғыртылып, Жамбыл облысында қуаты 150 мың тонна болатын жаңа қант зауыты салынады.

Омаров қосымша 175 мың тонна қант өндіру есебінен қант тапшылығын шешіп, отандық нарық 80%-ке қамтамасыз етілетінін айтты.

Балық

Қазіргі таңда еліміз балық өнімдерімен 60,8%-ке ғана қамтамасыз етілген.

Импортқа тәуелділікті азайту үшін өндіру қуаты 13,5 мың тонна болатын 8 жоба іске қосылады. Нәтижесінде, министрдің айтуынша, республика 100%-ке өз-өзін балықпен қамтамасыз етеді.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<