Өкінішке қарай, індеттің жылдам тарайтын тағы бір түрінің пайда болуы, мегаполистің эпидемиялық ахуалын өзгертті. Сондықтан әркім өзін сақтандыруы тиіс. Мысалы, №36 қалалық емханада 99 жастағы алтын құрсақты Батыр ана Зағиша Чалова екпе алды. 12 баланың анасы, 15 немеренің әжесі ресейлік Спутник V препаратын таңдады.
«Бұл – менің жеке шешімім. Бұл індет мені де, туыстарымды да айналып өтсе деймін. Балаларымның барлығы екпе алып қойған. Қазір өзімді жақсы сезінемін, ешқандай жайсыздық болған жоқ. Өзімді нашар сезінген жоқпын, әрі қарай да осылай болады деп үміттенемін», дейді әжеміз.
Екпе науқаны басталғаннан бері Наурызбай ауданында 27 мыңнан аса адам екпе салдырса, оның 40%-ы №36 қалалық емханада алған.
Аудан бойынша екпе алғандардың арасында вакцинадан соң еш асқынулар орын алмаған.
«Елді мекенде вакцина алғысы келетіндердің саны көбейіп жатыр. Әр азамат бекітілген жеріне қарамастан қаладағы қалаған емханада вакцина ала алады. Күнделікті біздің емханаға коронавирус инфекциясынан вакцина алуға 150-200 шақты адам келеді», дейді №36 қалалық емхананың бас дәрігері Гүлжайнат Тілеген.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<