Әкім лауазымына кандидатураны ауыл тұрғындары өздері ұсынады

359

0

Әкім лауазымына кандидатураны ауыл тұрғындарының өздері ұсына алады. Бұл туралы Ұлттық экономика вице-министрі Әлішер Әбдіқадыров айтты, деп хабарлайды primeminister.kz.

Ұлттық экономика вице-министрі Әлішер Әбдіқадыровтың айтуынша, 800 ауыл әкімін тікелей сайлау осы жылдың екінші жартыжылдығында, қазіргі әкімдердің өкілеттік мерзімі шыққан кезде өтеді. Өз кандидатурасын ауыл тұрғындарының өздері де, өз мүшелерінің арасынан тіркелген саяси партиялар да ұсына алады. Сондай-ақ, ауыл әкімдігіне кандидаттар болмаған не ұсыну мерзімі аяқталған кезде бір ғана кандидат ұсынылған жағдайда, аудан (облыстық маңызы бар қала) әкімінің жергілікті қауымдастық жиналысының келісімі бойынша екі кандидатқа дейін сайлауға қатысуды қамтамасыз ете отырып, кандидаттарды немесе өз кандидатын ұсынуға құқығы бар.

«Ауыл әкімдерінің өкілеттік мерзіміне келер болсақ, ол өзгеріссіз қалады және 4 жылды құрайды», — деп толықтырды ұлттық экономика вице-министрі.

Ауыл әкімдерінің тікелей сайлауын қаржыландыру жергілікті бюджет арқылы жүзеге асырылады. 2021-2022 жылдарға арналған жалпы сипаттағы трансферттердің қолданылу кезеңінде сайлауды қаржыландыру ОСК арқылы республикалық бюджеттен нысаналы трансферттермен жүзеге асырылатын болады. 2023 жылдан бастап бұл шығыстар жергілікті бюджеттердің шығыстар базасына енгізіледі және жалпы сипаттағы трансферттерді есептеу кезінде ескерілетін болады. Жергілікті бюджеттерге тоқталып өтсек. Қазақстанда 2018 жылдан бастап ауылдық округтер деңгейінде дербес бюджет енгізілді, ол бюджеттің төртінші деңгейі ретінде айқындалды.

Жергілікті өзін-өзі басқару бюджеті берілген салықтың 6 түрі есебінен құрылады.

«Жергілікті бюджеттерді енгізу кезең-кезеңмен жүргізілді. 2018 жылдан бастап халқының саны 2000 адамнан асатын әкімшілік-аумақтық бірліктерде, ал бұл шамамен аудандық маңызы бар 1052 қалада, ауылдарда, кенттерде және ауылдық округтерде, ал 2020 жылдан бастап – барлық жерде. Соның нәтижесінде 2345 ауылдық округ дербес бюджет алды», — деді Ә. Әбдіқадыров.

Жергілікті өзін-өзі басқару бюджетінің кіріс көздерін одан әрі кеңейту мақсатында бюджет заңнамасына төлемдердің тағы 4 түрін жергілікті өзін-өзі басқару деңгейіне беруді көздейтін түзетулер әзірленді.

Қазіргі уақытта осы түзетулері бар заң жобасы Парламент Мәжілісінің қарауында жатыр.

Еске салсақ, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің 2020 жылғы 1 қыркүйектегі «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында ауыл әкімдерін тікелей сайлауды енгізу қажеттігі туралы мәлімдеді. Мемлекет басшысы мұны елді демократияландырудағы және жергілікті басқару институттарын нығайтудағы маңызды қадам деп атады.

Kyzylorda-news.kz.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<